21 Қыркүйек, 2011

Халықтық тұғырнама – партияның басты стратегиясы

317 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Кеше «Нұр Отан» ХДП-ның Орталық аппаратында Мәжіліс Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП Мәжілістегі фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджановтың төрағалығымен фракцияның кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда 2012-2014 жылдарға арналған үш жылдық бюджет жобасы мен партияның Халықтық тұғырнамасының орындалу барысы талқыланды. Фракцияның кеңейтілген оты­рысына Премьер-Министр К.Мә­сімов, партия Төрағасының бірінші орынбасары Е.Нығматулин, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің жауап­ты қызметкерлері қатысты. Орал Мұхамеджанов өзінің кіріспе сөзінде Елбасының Парламент жұмысына жоғары баға бергендігін айта келіп, бұл ба­ға­ның Парламентке күш-жігер қо­сып, жаңа жетістіктерге жетелейтінін атап көрсетті. Президент Жол­дауы мен партияның Халық­тық тұғырнамасында белгіленген межелер еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында айтар­лық­тай жетістіктермен айшықталып отыр. «Нұр Отан» ХДП мен оның Мәжілістегі фракциясының және Үкіметтің өзара ынтымақтасты­ғы­ның арқасында Елбасының алға қойған міндеттері оң шешімін тауып отыр, деді Төраға. К.Мәсімов өзінің сөзінде қа­зақ­стандықтардың тұрмысын жақ­сарту мақсатында көптеген оңды істердің атқарылып жатқан­дығына назар аударды. 2008-2010 жылдары 19,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 535 мың қазақстандық өздерінің тұрғын үй жағдай­ла­рын жақсартқан. Орташа зей­нет­ақы 2007 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге өсіп, 27 665 теңгені құ­раған. Ал 2011 жылы төрт және одан көп балаға төленетін жәр­дем­ақы 2007 жылмен салыстыр­ған­да 4,6 есеге ұлғайып отыр. Білім беру саласына бөлінген қаржы да екі есеге дейін артып, ол 2011 жылы 898 миллиард теңгеге жеткен. Мектепке дейінгі мекемелер саны 4000-ға көбей­ген. 137 жаңа балабақша пай­да­лануға берілсе, 2011 жылы тағы 65-і іске қосылады деп күтілуде екен. Мектептер саны мен мұға­лім­дер жалақысының да артып келе жатқаны назардан тыс қалған жоқ. Ғылымға қаржы бөлу 2011 жылы 1,8 есеге артыпты. ЮНЕСКО-ның есебінше, Білім беруді дамыту индексі бойынша Қазақстан 129 елдің ішінде төртінші орынға тұрақтаған. Осы ретте Кәрім Қажымқанұлы ден­сау­лық сақтау саласын қаржы­лан­дырудың да 2 есеге артып, үстіміздегі жылы 640 миллиард теңгеге жеткендігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, медици­на­лық мекемелерге заманауи құрал-жабдықтар сатып алуға 100 миллиард теңге бөлініпті. Сондай-ақ 145 денсаулық сақтау нысаны­ның құрылысы аяқталған. 2007 жылмен салыстырғанда үсті­міз­дегі жылдың алғашқы жарты­сын­да ана өлімі 63 пайызға, ал бала өлімі 26 пайызға кеміген. Үкімет басшысы келтірген мәліметтерге қарағанда, ІЖӨ-дегі орта және шағын кәсіп­кер­ліктің үлесі 30 пайыздан асқан. Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің аса төмендеуіне жол берілмепті. Дағдарыстық 2009 жылы еліміздегі экономикалық өсім 1,2 пайыз болса, АҚШ – 2,6, Ресей – 7,9, ал Украина 15,1 пай­ыз­дық құлды­рауға жол беріп қойған. Бүгінгі күні Қазақстан Бразилия, Малайзия, Түркия сияқты табыс деңгейі орташа елдер арасында көш­басшы орында тұрған көрінеді. 2010 жылы ішкі жалпы өнім 148 миллиард доллардан асса, бұл Ор­талық Азиядағы төрт мем­ле­кет­тің ішкі жалпы өнімін қоса есептегендегіден екі есе көп. Бюд­жет саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 2 есе ұлғайып, 2011 жылғы 1 шілдеде 67 мың теңге болған. Қаржы жүйесін тұрақтанды­ру­ға қаржы бөлініп, Альянс, Темір және БТА банктерін қайта құрылымдау 2010 жылы аяқта­лып­ты. Банк секторының 2007 жылғы сыртқы қарызы 46 миллиард АҚШ доллары болса, 2011 жылы ол 16,6 миллиардқа дейін төмендеген. Осылайша екінші деңгейлі банктердің сыртқы қа­рызы 29,4 миллиард долларға кеміген. Тиісінше Ұлттық қор қар­жысы 2007 жылғы 14,7 миллиард доллардан 2011 жылы 40,3 мил­лиардқа дейін артқан. Егер бұған Ұлттық банк қаржысын қосқанда жинақталған қаржы 76,3 миллиард АҚШ доллары болады екен. Жаңа Салық кодексін әзір­леу­дің нәтижесінде барлық заңды тұл­ғалар үшін корпоративтік са­лық 30-дан 20 пайызға, ал қо­сымша құн салығы 13-тен 12 пай­­ызға төмендетілген. Соның нә­тижесінде кәсіпкерлер 800 мил­­лион теңгені өздерінде қал­ды­руға мүмкіндік алыпты. Керісінше, шикізат секторына, әсіре­се, мұнай секторына салық ауырт­­палығы 30 пайызға артты­рыл­ғаны мәлім. Электронды са­лық есептілігі 80 пайызға жетіп, «Са­лық төлеу» көрсеткіші бой­ынша Қазақстан Бүкіләлемдік банктің «Doing Business» рейтингінде 183 елдің ішінде 39 орынға ие болған. Бұдан кейін Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов, Қаржы министрі Болат Жәмішев және Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко сөз алып, өз салалары бойынша нақ­ты мәліметтерді ортаға салды. Қ.Келімбетов сарапшылар бол­жамы­на сүйене отырып, 2012 жылы базалық сценарий бойын­ша мұнайдың барреліне баға 80 доллар боларын, ал 2013-2016 жылдары 70 доллар дең­гей­ін­де қаларын жеткізді. Осы жыл­дар аралығында экономикалық өсім 7 пайыздық, ал инфляция 6-8 пайыздық дәліздегі көрсеткіш төңірегінде болады деп күтілуде. Министр «Индустриялық-инно­ва­циялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» және «Энергия үнемдеу мен энергияның тиімділігін арттыру туралы» заңдардың қабылданарынан, «Өнімді­лік-­2020», «Бәсекеге қабілетті кә­с­іпорын­дар­ды сауықтыру» бағдарла­ма­ла­ры шеңберінде ірі жоғары тех­нологиялық жобалар жүзеге асы­рыларынан да хабардар ете кетті. Сонымен қатар, «Арнайы эко­номикалық аймақтар туралы» жаңа заңдық құжаттың әзір­ле­нуі­мен инвестиция тарту бойынша шаралар қабылданары да белгілі болды. Бұдан басқа, әлеуметтік саланы жаңғырту бойынша қа­былданған бағдарламалар өз жалғасын таппақ. Болат Жәмішев өз сөзінде 2012-2014 жылдарға арналған рес­публикалық бюджеттің көр­сет­кіштеріне тоқталды. Атап айт­қанда, 2012 жылы бюджет түсімі 4 751 миллиард теңгені құраса, шығыс 5 509,5 миллиард теңге болады деп болжаныпты. 2013 жылы түсім 5 030,6 миллиард теңге болса, шығыс 5 504,8 миллиардқа кемитіні күтіледі екен. Ал 2014 жылғы бюджеттік түсім 5 423,9 миллиард теңгені, шығыс 5 884,1 миллиард теңгені құрайды деп жоспарланыпты. Баяндамалар аяқталысымен Үкімет мүшелері залда отырған­дар­дың көптеген сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде Мә­жіліс депутаты Жексенбай Дүй­себаев жанар-жағар май проб­ле­масын өткір қойды. Үкімет бас­шысы еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты 2014 жылы ғана қайта жаңғыртылатынын алға тартып, әзірге жедел іс-шаралардың іске асырыла берерін жеткізді. Депутат Петр Дмитриенконың сұра­ғына орай жауабында Ауыл ша­руашылығы министрі Асылжан Мамытбеков еліміздегі астықтың орташа түсімі 16 центнерден айналып отырғандығын жеткізді. Солтүстік облыстарда ол 30 центнерге дейін барыпты. А.Ма­мытбековтің ай­туын­ша, қазіргі таңда еліміздің экспорттық мүм­кіндігі 6 миллион тонна болса, бюджетте темір жол тасымалын субсидиялауға 7 миллиард теңге қарастырылыпты. Осы жерде К.Мәсімов Түркі­менстан арқылы Таяу Шығысқа, ал Қытай арқылы Шығыс Азия елдеріне астық тасымалдауға мүм­кіндік бар екенін алға тарт­ты. Депутат Гүлмира Исімбаева­ның сұрағына жауап берген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов 5 жыл ішінде 523 мек­теп салынарынан хабардар етті. Министр осы орайда халқы көп Ресейде тек 640 мектептің салынарын мысал ретінде келтірді. Бұдан кейін Мәжіліс депу­таттары Құрманжан Уәли, Ержан Рахметов және Валерий Котович сөз алып, нақты жетістіктер барысын баяндап берді. Отырыс соңынан сөз алған Нұр­лан Нығматулин былай деді: «Үкі­мет пен Парламенттің және «Нұр Отанның» бірлескен жұмы­сы­ның нәтижесінде біз Елбасы­мыздың тарихи Жолдауын және партия­мыз­дың Халықтық тұғыр­намасын іске асыруда бірқатар оң көрсеткіштерге қол жеткіздік. Әрине, осының бәрі – тікелей қаражат арқылы шешілетін өте маңызды мәселелер. Сондықтан, бүгін қаралған үш жылдық бюд­жетте барлық жәйт нақты шешімін тапқаны – бұл еліміздің әрбір азаматының жағдайын жақсар­ту­ға депутаттық корпустың, Үкі­меттің және партияның өз үлесін қосуы деп айтуға болады». Осылайша фракция отыры­сында партияның Халықтық тұ­ғырнамасындағы міндеттердің дағ­дарыс жағдайында сәтті орын­далуы, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуы, дағдарысқа қар­сы жұмыстың тиімділігі мен өзге де көптеген бағдарлама­лардың іске асырылуы жан-жақты ай­тыл­ды. Ендігі жерде партия жұмыс қарқынын үдетіп, әрбір тұрғын­ның әл-ауқатын арттыру бағы­тын­дағы жауапкершілікті жоға­рылата түссе, нұр үстіне нұр болмақ. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.