Аталған заң жобасына қатысты пікір білдірген Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматуллин құжаттың қоғам үшін маңызы жоғары болып табылатындығын атап өтті.
«Бүгінгі таңда еліміздің экономикасы мен қаржылық әлеуеті тұрақталып, әрбір саладағы жұмыстар біріздендіріліп, қалыпты жүйеге түсті. Ендігі жерде құқық қорғау органдарының қызметін қазіргі қоғам жағдайына бейімдей отырып, заманға сай жетілдіру қажеттігін Мемлекет басшысының өзі үнемі айтып келеді. Оның ішінде прокуратура саласы да бар. Ал енді біз бүгін талқылап жатқан прокурорлық қызмет осы кезге дейінгі тәжірибеге сүйене отырып, шетелдің озық үлгілерін жетік меңгеруді жолға қоя бастады», – деді Н.Нығматулин.
Отырыста негізгі баяндама жасаған Бас прокурор Жақып Асанов аталған заң жобасында жоғарғы қадағалаудың шегі мен нысаны, қызметтің негізгі бағыттары, мемлекеттік органдардың және кәсіпкерлердің әрекетіне қадағалау жүргізудің тетіктері нақты белгіленгенін атап өтті.
«Жалпы, заң жобасы жоғары қадағалаудың қағидалары мен міндеттерін түбегейлі өзгертпейді. Адам құқығын қорғау, заңдылықты сақтау мен құқық қорғау қызметін үйлестіру оның басты міндеті болып қала береді. Сонымен қатар, заң жобасына сәйкес мемлекеттік органдарды тексеру негіздері едәуір қысқартылатын болады», – деді Ж.Асанов.
Баяндамашының түсіндіруінше, бұдан былай прокуратура мемлекеттік органдарды екі жағдайда ғана тексереді. Оның бірі – мемлекеттік орган өз құқығын өзі қорғай алмайтын адамдардың немесе көпшіліктің құқығын бұзса, екіншісі – адам өмірі мен денсаулығына немесе мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтірген жағдайда ғана. Мұндай шектеулер азаматтардың өтініштерін қарау тәртібіне де енеді. Жобаға сәйкес, прокурорлар тек өзін-өзі қорғай алмайтын адамдардың, көпшіліктің құқықтары бұзылғанда немесе адам мен мемлекет мүддесіне орны толмас нұқсан келтіргенде және осы мәселелерді құзырлы органдар қажетті дәрежеде шешпеген жағдайда ғана өтініштерді қарайды. Ал өзге өтініштер тиісті өкілетті органдарға жолданатын болады. Сондай-ақ, азаматтардың мемлекеттік органдардың кез келген әрекетіне сотқа шағымдану құқығы сақталады.
Заң жобасында прокуратураның құқықтық актілері жүйесіне де бірқатар түзетулер енгізу көзделеді.
«Олар: қадағалау және ден қою актілері болып екі топқа бөлінеді де қадағалау актілерінен «алдын ала ескерту» мен «ұйғарым» алынып тасталады. Сол сияқты «Заңнамалық актіге түсіндірме берудің» де мағынасы өзгереді. Бұл акт қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ, дайындалып жатқан құқыққа қарсы әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде енгізілетін болады», – деді Бас прокурор.
Айта кетейік, заң жобасында сотта мемлекет мүддесін білдіру мен қылмыстық қудалау қызметін прокуратура органдары Қылмыстық процестік, Азаматтық процестік және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің негізінде жүзеге асырылатындығы көрсетіліп, прокуратура қызметінің өзге бағыттары жеке тарауда көрініс тапқан. Сол себептен де халық қалаулылары жаңа жобаның мазмұнына жоғары баға беріп, заңды бірауыздан мақұлдады.
Депутаттар талқысынан өткен тағы бір құжат – «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасы болды. Әділет министрі Марат Бекетаев таныстырған заң жобасы Мемлекет басшысының арнайы Үндеуінде мемлекеттік биліктің тармақтары арасында Президенттің заң деңгейінде бекітілген кейбір өкілеттіктерін қайта бөлу туралы тапсырмасына орай қолға алынған.
«Елбасының өкімімен құрылған арнайы жұмыс тобы қайта бөлуге жататын әлеуметтік-экономикалық салаларды реттейтін президенттік өкілеттіктерді анықтады. Бұл жобаға сәйкес «Президент туралы», «Үкімет туралы» және «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңдарға түзетулер енгізу ұсынылады. Сонымен қатар, Үкіметке Президенттің мынадай өкілеттіктерін беру ұсынылады: Республикалық бюджет комиссиясын құру мен республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті жасап, оны ұсыну тәртібін айқындау және Президенттің келісімі бойынша мемлекеттік жоспарлау жүйесін айқындауды нақтылау болып отыр», – деді М.Бекетаев.
Депутаттар жалпы отырыстың күн тәртібіне шығарылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Ал «2016 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттамаға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы Қазақстан мен Қырғызстан Үкіметтері арасындағы хаттаманы» және «Қазақстан мен Қырғызстан Үкіметтері арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобаларын жұмысқа алды.
Нұрлыбек Досыбай,
«Егемен Қазақстан»