Жеңіл ұйқас, жеңіл ой, сауық-сайранның құралы қылыпты... Біреуді арбау, біреуді алдау үшін пайдаланыпты. Солай бола тұра, «кеудемнен көкала үйрек қош деп ұшты, сол, шіркін, кәрі жолдас өлең білем...» дегізген де қастерлі сөз – өлең екен. Өмір бақи жанына серік, жұбанышы да, қуанышы да өлең болған. «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» деп аян бергенде де қазақ өлеңді таңдапты. (Дәл осылай боп келетін аңызды қаншама ақынға телідік?..) Кім таңдаса да, өлең дүниеден қымбат болыпты. Ендеше бұрынғы ақынның бәрі «мал үшін жанын жалдап» өлең айтпаған. Тұрсынжан Шапайдың: «Әдебиет – азшылықтың мүлкі» деуінің бір төркіні осы шығар. Қай заманда да шын өнерді тек таланттар түсініпті. Өлеңді де ақындар таңдап, ақындар айтыпты. Ендеше бүгінгі заманда ақын көп деп аласұрмайық. Өлең аз деп қомсынбайық. Бірақ ақын болу міндетті түрде жаңалық әкелу деп нақты ізденістен гөрі құрғақ қиялға ерік беруге бола ма? Ақын жаңалық әкелемін деп өлең жазбаса керек. Жыр төгілер, қағаз шимайланар, оқырман тамсанар. Өзінен өзі табиғи құйылып, қалам аңдамай, ақын байқамай кестеленген дүние – сом алтын. Әрине, әр қадам біліммен, ақындық қабілетпен жасалады. Бірақ осы екі аралықты түсінген жағдайда ғана ақын өзін еркін сезінеді. Мәселе осы. Жаңалық әкелемін деп тырмыспауда, өзіңді барынша еркін, табиғи ұстауда. Жасанды сөз, жасанды мінез, жасанды қылық бәрі жақсы өлеңнің, нағыз жырдың тууына кедергі. Өзіңді еркін ұстамасаң, сөзің де еркін шықпайды. Бұл қашаннан бері байқалған құбылыс, қалыптасқан қағида болса керек. Сөзді табиғи қолданбау қазір біздің прозамызда да, поэзиямызда да белең алып барады. Күнделікті қолданыста болмаған сөз сөйлемде жатық шықпайды. Немесе әдеби қоры жақсы болмай, жаттап алған сөздер де сөйлемнің ішінде бұдарайып көрініп қалады екен. Тіл білетін ақын-жазушы жігіттеріміз болса, керісінше асыра сілтеп, бояуын қалыңдатып, майын езеді. Жүрегің айнитындай көтеріледі. Тілді білу мен қолдану қазір тым қиындап кетті. «Әдебиет тілі жайында», «Асқындырып алмайық, достар!», «Авгийдің атқорасынан бастайық», «Ана тілін анамыздай ардақтайық» деген мақалаларды жазған Ғабит Мүсіреповтің неге шып-пыр болғанын ең алдымен тіл өнері дерті болған жандар түсінуі керек қой. Қазір ондай мақалалар да жазылмайтын болды. Жазылмайтыны үлкен ақын-жазушылар жастарды сирек оқиды. Оқыған бес-алты жастың тіліне қарап, жалпы қолданыстың дұрыс-бұрысын жазуға ерінеді. Мұндай тіл тұрғысынан емес, жалпы жастар әдебиетінің көркемдігі туралы сөз болған көзі тірі классиктеріміздің мақаласы жоқ. Бір-екі сұқбаттарында атын аттап өтеді. Соған біз мәз боламыз. Ал жастар тіл туралы өздері жарытып білмегеннен кейін, ондай мәселе де аз толғандырады. Сондықтан ең алдымен үлкендер қазіргі қате қолданыстар мен калькаларды атын атап, түсін түстеп көрсетіп берулері керек. Әйтпесе ненің қате екенін, ненің калька екенін, сөйлем қазақша қалай құрылатынын да ұмытып, тіпті, білмей бара жатырмыз. Бұл көркемдіктен бөлек мәселе болғанымен, көркемдіктің өзі осы тілмен жасалмай ма? Сондықтан екеуі бір нәрсе деп қарағанымыз абзал. Бұл бүгінгі кезде ең өзекті мәселе. Жазушы Нұрлан Қабдайдың әңгімелеріндегі жазушылық талпыныс, ішкі қағидасы зор. Соңғы шыққан «Екі-үшеудің күйбеңі» әңгімесі де бүгінгі әңгімелердің ішіндегі тәуірі деп ойлаймын. Әрине формасы, тәсілі бұрыннан бар. Ал тілі көркем (әрине, бүгінгі көзқараспен). Бірақ тілін үйіп-төгіп пайдаланамын деп кейбір бояуларды баттастырып алады. Сондықтан кейде не айтқысы келгенін түсінбей қаласың. Бәлкім, Қалихан Ысқақ сияқты сұлу сурет, мінсіз көрініс жасауға тырысатын шығар. Бірақ артық бояу да суретке зиян емес пе? Ал Қанат Тілеуханның керісінше, тілі жұтаң, сөйлемдері ауызекі стильде, тіпті орысша. Бірақ айтпағы тамаша. Көтерген мәселесі де, ондағы психологиялық тартыстар да қазіргі заманның бейнесін тым ащы жеткізеді. Сонда екеуінің де мәселесі тілінде. Екі шекараны сақтау қиын боп тұрғандай...
Адамзат жырлап келе жатқан 33 әлде 37 тақырып бар дейді (Бұл да шартты!). Соны қанша қаламгер қайталап жазылып келе жатыр. Бірақ әркім өзінше жазды. Поэзияда да образдар баяғыдан бар деп есептейді Шкловский. Ол белгілі бір ақынның ойлап тапқаны емес. Бәрі ортақ. Хақ иесі – Құдай. Бірақ әркім өзінше жырлап, түрлендіреді. Бұл сол тіл ерекшелігі болса керек. Ал оны біз образбен шатастырып жүр екенбіз. Бүгінгі күннің кейіпкері шықпай жатқаны бәлкім осы тілдің ұмыт болып бара жатқанынан кейін шығар.
***
«Поэзия – ерекше ойлау түрі» депті Потебня. Ақындар туралы анықтама көп. Бәрі болмаса да, біршамасы белгілі. Троп пен фигура бүгін қарапайым дүниелерге айналған. Ешкім оларды қолданып жатырмын деп те ойламайды. Анықтамалардың көптігінен бе, жас ақындар соған сәйкес болуға қашан да талпынып келеді. Сол себепті де өлеңде де, өмірде де ерек мінез іздеп жүреді. Әркім өзіне ұнайтын ортаны таңдайды. Бүгінгі біздің поэзиямыз, яғни ерекше ойлауымыз қай шамада? Біз өзі ерекше болу үшін ойланамыз ба, әлде шын мәнінде ерекше ойлана аламыз ба?
Өлең туралы түсінік әртүрлі. Спенсердің айтуынша барлық тәсілдің бір ғана мақсаты бар. Ең жақсы, түсінікті тілмен оқырман ұғатындай етіп ойыңды жеткізу. Жазудағы басты мақсат осы. Оқырманмен диалог жасау. Жас ақын Жәнібек Әлиманның «Жылқышы» триптихі бүгінгі қоғамды, әлемді алаңдатып отырған адамның табиғаттан алыстау мәселесін қозғайды. Жыр ретінде де, ерекше ойлау ретінде де жақсы үлгі. Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі», «Көкбалақ» шығармаларымен терең байланысы бар шығарма деп қабылдадым. Түп тамырдан ажыраудың қасіреті. Ал сонда ақын бір айтқан ойын екі-үш шумақта қайталап айтады. Бұл біріншіден, расымен ақын өз ойы оқырманына түсініксіз болып қалды ма деген қорқыныштан туған нәрсе. Екіншіден, ақын шеберлігінің аздығы. Бұндай олқылықтар жалпы поэзияда көп. Сөзді үнемді қолданбаймыз, үйіп-төгеміз. Сығып қалсаңыз, мақта сияқты жиналады да қалады. Үнемді қолдану дегеніңіз міндетті түрде қысқа жазу емес, көлемді дүние жазғанда да сөзді үнеммен пайдаланған жөн. Сонда айтқаның түсінікті, айқын болады. Бұл ақыл емес. Ой бөлісу.
Бірақ бізде бір тенденция пайда болды. Бәлкім, ежелден бар әдет шығар. Жас ақындар, жазушылар бір бәйгеден орын алса, марапат көрсе, аз уақыттан соң «Өлең ондай емес мынандай, әңгіме бұл емес мынау» деп ақыл айтады. Әркім өзінің түсінігімен қарайды. Құдықтың аузын ғана аспан деп ойлауға болмайды. Мейлі ақ болсын, қара болсын, жақсы болса болды, өлең ғой. Ой сұлу, сурет бейнелі болса жеткілікті емес пе? Бәлкім содан кейін де екі ақын ағамыз Серік Ақсұңқарұлы мен Аманхан Әлімұлы бір-бірін жерден алып жерге салып жатыр. Былай қарасаңыз, өздерінше екеуінің түсінігіндегі нәрсе де – өлең. Оларды жақтап, даттаушылыр да табылады. Бірақ сол неге керек? «Әртүрлі ақындардың көп болғаны жақсы» деген сияқты әртүрлі пікірлердің болғаны да әдебиет үшін жақсы емес пе? Бәріміз бірдей ойласақ, қара өлеңді ғана өлең десек, болмаса пафос ғажап сезім десек өмір қызық емес болады ғой. Әркімнің шығармашылығы – жеке әлем. Біреу біреуді сынаса, я мақтаса не өзгереді?
Толстойдың күнделігінде мынандай жазба бар екен. «Бөлменің шаңын сүртіп жүріп, диванға келгенімде оны сүрткенім, я сүртпегенім есіме түспей қойды. Менің әрекетім әдет әрі бейсаналы болғандықтан есіме түсіре алмасымды да білдім. Сондықтан мен оны сүрткен күннің өзіңде бейсаналы қимыл болғандықтан, ондай қимыл мүлде болмағанмен тең еді. Біреу зер салып қарап тұрған болса, еске түсіруге болар. Егер біреудің күллі өмірі әдетпен, бейсаналы түрде өтіп жатса, ол өмір сүрмегені ғой». Жазу да солай емес пе? Әдеттеніп қалып, сезінбей өлең жаза берсең ол өлең мүлде жазылмаған да шығар. Ерлан Жүністің өлеңі осы ойды меңземей ме екен?
Ешқашан сүрмегендей кең өмірді,
Уақыттан қалмағанмын, озбағанмын.
Ешкім жоқ тыңдайтұғын өлеңімді,
Себебі, ешқашан да жазбағанмын.
Мен үшін поэзия тұтас. Бәйіт пе, ғазал ма, рубаи ма бәрі – бір өлең. Әдебиет те сол сияқты ғой. Қазақ әдебиеті ме, орыс әдебиеті ме, латын ба, беларусь па оны бөліп қарамаймыз ғой. Жалпы әдебиет деп қараймыз. Бұл бір үлкен қасиет шығар бәлкім. Ал осы қасиеттің ең үлкені Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзі. Ол ақ па, қара ма, сары ма қандай мән бар, ең бастысы – адам баласы! «Ағайынды Карамазовтардағы»: «Мен Адамзатты жақсы көремін, жекелеген адамдарды жек көремін» деген сөз осыған пара-пар ой емес пе? Данышпандар ғана осындай сөз айта алады. Біз ол сөздері оқығанымызбен де, оған амал ете алмаймыз. «Тілде бар да, ділде жоқ».
Жеке пікірлер қашанда болады. Әдебиет сонысымен қызық. Бірақ классика туралы түсінік біреу. Жалпы жұрт, оқырман, әдеби ортаны классик деп мойындаған қаламгерлер ғана сол титулға лайықты. Ал әрбір жерде, белгілі бір жоқтаушылары ғана солай атаса, онда ол классик емес. Классиктер өзін ешқашан классик санаған жоқ. Элиотша айтқанда «олар классика жазып жатырмыз деп те ойламады». Ал қазір бір өлең жазсақ, соның мақтауын дәм етеміз. Әр ақынның өзіне шақ потенциалы бар. Біреуден неге мынаны жазбадың деп талап ете алмаймыз. «Барымен базар». Ал өз мүмкіндігінен асып түскен ақындарды білу үшін, онымен жақсы таныс болуға керек. Шамасын білетіндей. Ал әдетте ешкім өз шамасынан асып кете алмайды.
Ақындықты, мінезді тұрпайы түсініп жүргендер бар. Әлеуметтік желіде адамдар бірін-бірі бақылып отырады. Сондағы кей ақындардың жазбаларын қарап, (Құдай сақтасын!) әлгі классикалық кітабынан кейін «өліп» қалғаны дұрыс па еді деп ойлайсың. Яғни жазбай кеткені, я көрінбей кеткені. Кейінгі балдыр-батпағы сол классиктің қаламынан туған шығарма екеніне сенбейсің. Белинскийдің Гогольге жазған хатындай бір хат жолдағың кеп тұрады. Оны автор сезінбей, өзіне тек тамсанса, таңғалса деп тұратындай. Оқырмандар бейне бір солардың қолбаласына айналуы тиіс секілді. «Өзгелерге құл болуды жақтырмайтындардың да өзгелердің елбек қағып тұруын талап етпеуі тиіс екенін сол өнер адамдарының өздері түсіне бермейтін» (Әбіш Кекілбаев) секілді.
Баяғыда аварлар Батырай деген ақынына шындықты жырлағаны үшін өлең айтуға тыйым салыпты. Егер өлең айтқанын еститін болса бір өгіз айыппұл төлейтін болыпты. Бірақ халық өлеңді сағынғанда бір өгіздерін өздері төлеп: «Өлең айт, Батырай! Біз сенің әніңді естігіміз келеді!» депті. Сол сияқты біз де ақындарымызды өзіміз құрметтеп, өзіміз жек көре береміз. Ал олардың жырларын қашанда сағынышпен күтеміз.
Бағашар Тұрсынбайұлы,
«Егемен Қазақстан»