Терек Қарғабаев,
еңбек ардагері:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында адам баласының рухани діңгегі – ұлттың өзіндік болмыс-бітімін сақтай отырып, жаңа заманға сай алға дамуы жөнінде сөз қозғағаны өте құптарлық деп ойлаймын.
«ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында», дейді Елбасы. Расында да халқымыздың болмысына мүлдем үйлеспейтін батыстың қаңсық дүниелерін таңсық ету үрдісі кейінгі ұрпақты рухани жұтаңдыққа ұшыратуда. Бүгінгі жастар сол орынсыз еліктеп-солықтаудың зардабын тартып отыр. Міне, осындай ұлттың тамырына балта шабатын келеңсіздіктерден біз тек рухани байлығымызды, тереңнен тамыр тартқан салт-дәстүрлерімізді қарсы қою арқылы ғана арыла аламыз.
Мақалада Елбасы «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жаңғыртуға айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл біздің облысымызда, оның ішінде ауданымызда соңғы жылдары жүзеге асырылып келе жатқан «Туған жерге тағзым» акциясымен үндесетін дүние.
Елбасы ұсынған бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерін көрсететін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы да мейлінше қызықты. Еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолында жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымы аса зор. Осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың есімдерін жарыққа шығарып, көпке жария ету – әрине құптарлық іс. Мақалада басқа да мәселелердің қатарында «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау да ұсынылған. Дұрыс. Ырғыз өңірінің де тәуелсіздік жылдарындағы 100 жаңа есімін жарыққа шығарайық, өзімізге де, өзгеге де танытайық дегім келеді.
Рахия Омарова,
Ырғыз аудандық орталық кітапхананың директоры:
– «Мен еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім», деп өз мақаласының кіріспесінде келтіргеніндей, Елбасы шынымен де көп мәселені тереңнен қозғап, айқындап бергендей.
Мақаланың ұлттық бірегейлікті сақтау турасындағы үшінші бөлігінде өте салиқалы әңгіме қозғалады. Кез келген саналы адамды селт еткізердей. Өзім мәдениет саласында көп жылдардан бері қызмет жасап келе жатқан маман ретінде мұны жаныма жақын қабылдадым. Елдік турасында, мәдениет жайында көп нәрсені кемеңгерлікпен келтірген.
Мақаланың таяу жылдардағы міндеттерді айқындаған екінші бөлімін оқи отырып, қайда барамыз, бағытымыз қандай, не істейміз деген сұрақтарға жауап алғандай болдым. Себебі, Президентіміз Үкіметке алдағы уақытта атқарар бірнеше жаңа жобалар мен бағдарламаларды тапсырған. Мұның барлығы жаһанданып жатқан әлемнің жылдамдығынан қалып қоймас үшін көздеген мақсаттарға жету жолындағы бағытымыз болмақ деген ойдамын.
Ербол Ермаханов,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жетекшісі:
– Елбасы бағдарламалық еңбегінде халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру керектігін баса айтып, бұл үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау керектігін көрсетіпті.
Жалпы, әрбір өңірдің өзіне тән киелі жерлері бар. Біздің туған өлкеміз де рухани-мәдени құндылықтардан кенде емес. Ырғыз да қазақтың қастерлі өңірлерінің қатарынан. Оның шежіресі қазақ тарихының ажырамас бөлігі болып табылатыны дау тудырмайды. Өлкеміздегі Алмат мазары мен Жаныс би кесенесін, Дүйсенбі, Исатай мешіттері мен тағы басқа тарихи маңызы бар орындарға келушілер көп. Бұлар қазіргі танда жергілікті тұрғындарға, сырттан келген қонақтарға ауданымыздағы тарихи-өлкетану музейі арқылы насихатталуда.
«Қазақстан киелі жерлері географиясының» жобасы жасақталған жағдайда, біз бірінші кезекте ауданымыздағы Жаныс би кесенесін осы жобаға қосуға ұсына аламыз. Өйткені, кесене сирек кездесетін тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қарауына алынып, 2009-2011 жылдар аралығында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жөндеуден өтті. Жалпы, қазіргі таңда Алмат мазары мен Дүйсенбі, Исатай мешіттерінің салынғанына 100 жылдан аса уақыт болып тозығы жетіп тұр, бұл нысандар қазіргі таңда күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан, алдағы уақытта бұл нысандар арнайы тізімге еніп, күтімге алынса, нұр үстіне нұр болар еді.
Дайындаған
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Ырғыз ауданы