Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов шығармалары Қ.Қуанышбаев театры репертуарынан елеулі орын алады. «Боранды бекет» романы бойынша кезінде Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклін ұсынса, «Жәмила» повесі мен «Раймалы» аңызы желісімен Қазақстанның халық әртісі, белгілі театр және кино режиссері Талғат Теменов суреткер жазушының қос туындысы негізінде «Аққудың көз жасы» лирикалық драмасын тудырды. Солардың қатарын толықтырған «Қызыл орамалды шынарым» спектаклі туралы айтатын болсақ, адамзаттың Айтматовы шығармалары ішіндегі шоқтығы биік
хикаяларының бірі болып саналатын бұл туынды – кеңес дәуірінде жазылғанына қарамастан күні бүгінге дейін оқырман үшін баға жетпес рухани олжа, сезім гимні іспеттес асыл жауһар. Өмірлік құндылықтар өзгерді, қазіргі қоғамда махаббаттың тұрақтылығына баланың өзін сендіру қиын деп төбемізден күдік бұлтын төндіргенімізбен, үміт пен күмән, арман мен адасу, бақыт пен сәтсіздік арпалысын баяндайтын рухани туындыларға деген сұраныс артпаса, ешқашан азайған емес. «Арманым, Әселім» («Шынарым менің, шырайлым менің») повесі осы санаттан, жастықтың, сүйіспеншілік пен жүректің мөлдір жыры, бұлақтай бұраңдаған бұрымдылар әні, құрақтай тербетілген сарбаздар сыры-ау, тәйірі.
«Қызыл орамалды шынарым» қойылымы Құдайдың маңдайға жазған бағының қадіріне жете білуге, арзан, жеңіл-желпі ләззаттың құрдымдағы құдығына құлдилап түсіп кетпеуге үндейді. Мұнда азаматтық намысқа қоса сезім сынға түсіп, жолдары сан тарау дүрмекке толы жандардың хикаясы баяндалады. Өмір-өзеннің жал-жал толқындары мен асау тұлпардың үстінде ауып кетпей асудан аман-есен өтудің өзі оңай емес. Сол тарпаң тағдырдың қомында табаны тайғанақтап, аты шатқаяқтаған Ілияс сияқтылар қазір де арамызда жоқ емес. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, спектакль жалғанды жалпағынан басам деп жаңылысқан сондай жұмыр басты пенденің басынан кешкенін баяндау арқылы көрерменге өмірді бағалау керектігін ұқтырады. Өмірде бір-ақ рет жаза басқан, ағаттық жіберген жанның уысынан шығып кеткен бақыттың құнын бағалауға шақырады. Сүйіспеншілік, адалдық, сыйластықтың базарына қоса, өмірдің бәйгесінде аярлық пен іштарлықтың, опасыздық пен сатқындықтың бәсі де әлі күнге бәсеңси қоймағаны тағы шындық.
Аққуды махаббаттың символы санаған, арманын аспандағы қыранға балаған 50 мен 60-шы жылдар ұрпағы үшін Ілияс пен Әсел тек кітаптың кейіпкері ғана болып өмір сүрген жоқ, бұл екеуі олардың жүрек түбіндегі ең аяулы, ардақты, асыл досы ретінде адалдықтың айдынында тербетіліп, жан жаялығында аяланды. Екеуінің өмір жолындағы бұралаң-бұлтарыстарға қарамастан үміт гүлін ызғарда үсік шалдырмай мәпелеп, қайта көктете алғаны үшін олардың тағдырына кейінгі желкілдеп өсіп келе жатқан жас буын да алдыңғы ұрпақтай алаңдап, жанына жақын тұта ма? Әдеби, сахналық кейіпкерлерін сүйіп, әсем үнге, тазалық пен сұлулықтың символы – аққу-арманның сыршыл әуеніне құлақ түруді біле ме? Шынайылықтың шынысын шытынатып алудан қаймыға ма? Достыққа, сүйгеніне әрдайым адал болып қалуды ойлай ма? Міне, осы тұрғыдан келгенде, режиссер қос толқынның арасын қайта табыстырған рухани көпірдің міндетін атқарып отыр. Мұнда кеудесіндегі аңсарлы жырын үзіп алған ғазіз ғашықтардың көз жасы баяндалғанымен, сахналық туынды еңістегі еңсені көтертіп, тау бөктерінен қызғалдақ теріп қайт-
қандай желпінтеді. Әдебиетте шығарманың екінші тынысын ашты, жазушының жаңа өмірі басталды деген ұғымдар кездеседі емес пе? Мұнда да дәл солай. Инсценировка автор ойымен өзара үйлесіп, орамды өріледі. Бірқатар сахналық тұстар, мысалы Әсел мен Ілиястың монологтары Айтматовта жоқ. Мәселен, Әселдің: «Сіз мені кешіріңіз... Шығыс халқында қыз жігітті іздемейді. Оны өзіңіз де білесіз... Бірақ, қыз өз махаббаты үшін бәріне барған. Жанын да құрбан еткен...» дейтін, болмаса оның мәшинеге гүл қоятын сәті, Жантайдың Әселге Ілиясты сыртынан ғайбаттап келетіні, Қадишаның Ілиясқа: «Доспын, доспын деп жүріп домалаң астыратын жансың», ал Ілиястың оған: «Мен достықты бәрінен биік көремін» деуі сахналық нұсқада ғана кездеседі. Әдетте туындылары адами құндылықтар мен романтикалық сезімге, сүйіспеншілік пен сыйластыққа, достық пен іңкәрлікке құрылатын Теменов қолтаңбасының Айтматов аудиториясынан ауытқымай, өмір-өткелдің асуынан іркілмей өтуге тағы да тәуекел етуін соған салынған соны соқпақ деп бағалаған абзал. Өйткені автор шығармасындағы әсерлі сәттер, басым байламдар мұнда режиссер назарынан тыс қалып қоймайды. Ш.Айтматов повесінде: «...Ат үстінде келе жатып ой ойлауға да, қоңырлатып ән салуға да болады. Өзге емес, жаныңды жырға қосасың...» дейтін жолдар бар. Осы тұспалды режиссердің ары қарай іліп әкетіп, спектакльді қырғыз композиторлары әндерімен әспеттеп әрлеуі қандай әсерлі. Бек Бөрбиев пен Мұрат Бегалиевтің спектакльде орындалатын ән-әуендері таудан ескен самалдай кісі жанын сергітеді.
Ал театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Талғат Теменовті әңгімеге тартқанымызда:
– Ш.Айтматовтың шығармасы желісімен 1961 жылы қырғыз кинематографистері «Асу» («Перевал») фильмін түсірген болатын. Мұнда Ыдырыс ағамыз Ілиястың рөлін ойнайды. «Одан кейін «Тянь-Шань» деген тағы бір картина дүниеге келді. Бірақ өкінішке қарай, Ш.Айтматовтың шығармалары ішіндегі экранда бағы жанбай қалған жалғыз туындысы осы еді. Мұнан соң Түркияның белгілі актрисасы Тюркан Шорайдың қатысуымен «Қызыл алма» фильмі жарық көрді. Бұл Түркияда көрермен тарапынан жылы қабылдап, алайда Айтматов деңгейіндегі туындыға жетпей қалғанына қарамастан әлемнің көптеген сахналарынан лайықты орын алған ұлы шығарма. Сондай-ақ ол Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында да қойылған болатын. Ал елордалық театрдағы спектакльге келсек, музыкалық лирикалық драмада жастардың ашылуына мүмкіндік туғызғымыз келді. Бұл – бір, екіншіден, театрға көрерменді қайтару мақсат етілді. Ерекшелігі – Ыдырыс ағамыз басты кейіпкерге түскен «Асу» фильмінен алынған кадрлар пайдаланылады. Сахналық туынды актерлер ойынымен шектелмейді, сонымен қатар бұл синтездік өнер екенін көрсетеміз. Сондықтан кино мен театр элементтері қосылып, хореография, сөз, кино өнері, бәрі бірін-бірі толықтырып тұрады, – деді ол өз сұхбатында.
Әселді сомдаған Ақмарал Танабаева мен Ілиясты ойнаған Әбілмансұр Серіковтің «Тыраулап ұшқан тырналар» қойылымынан кейінгі тағы бір табысты тандемі осы спектакльде тамаша көрініс тапқан екен. Ал Қадишаны сомдаған «Серпер» Жастар одағы сыйлығының иегері Сая Тоқманғалиева өзіне берілген кейіпкердің ішкі жан-дүниесін түсініп ойнауымен ерекшеленді. Сахнаның безендірілуі түпкі идеямен үндесіп, сөзбен жетпегенді оймен, тұспалмен, көркем шешіммен беру мұраты сәтті орындалған. Бұл ретте спектакль тек актерлер ойынының жиынтығы ғана емес, ол сонымен қатар синтездік өнер десек, бұл орайда ұжымдық жұмыстың, ішкі ой тұтастығы мен бірлігінің жемісін көру қиын емес. Сахнада соншалық жарқ-жұрқ етіп, жұртты елеңдетерлік ештеңе байқалмайды, бар болғаны қос қаптал толы доңғалақ. Бірақ бұлар бірде өмір терезесі іспетті, ал енді бірде қарапайым шопыр тіршілігінің әуенін әдемі сипаттайды. Дөңгеленген дүниені мәшиненің доңғалағы арқылы көркемдеп жеткізу – өте сәтті шешім. Бұл ретте Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетованың Байтемірді сомдаған Сырым Қашқабаев шеберлігіне ризашылығын білдіре келіп: «Маған осылай кеңінен көсіліп жатқан сахна ұнайды, ал мұндағы түрлі жолақтар, сызықтар өмір жолы тәрізді. Сол жолда адамдар бақытын кездестіреді, бақытын жоғалтады. Өмір заңдылығы солай. Мына баршамыз да осы сан тарау жолдың үстінде кетіп бара жатқан жолаушымыз», – деген сөзі терең ой салды. Өмір. Жол. «Қызыл орамалды шынар». Махаббат символикасы-ау!
Қарашаш Тоқсанбай,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан Омаров,
«Егемен Қазақстан»