Жиынға Өзбекстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан елдерінен сарапшылар қатысты. Конференция жұмысы қауіпсіздіктің жаңа архитектурасы: Көне парадигмалардың соңы және жаңа акторлар», «Орталық Азия: объективтілік пен субъективтілік арасында», сондай-ақ, «Орталық Азия: қабылдаудың әлеуметтік-мәдени аспектілері» атты үш бөлімнен тұрды.
Конференция барысында Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың бүгінгі жағдайы мен болашағына қатысты мәселелер талқыланды. Нақтырақ тоқталар болсақ, аймақтық күш тепе-теңдігіндегі Орталық Азия елдерінің, Ресейдің, Қытайдың, АҚШ пен ЕО және жетекші азиялық мемлекеттердің рөлі, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ЕАЭО, НАТО, сондай-ақ өзге де xалықаралық ұйымдардың жұмысы мен өзара әрекеттестігі және осы салалардағы аймақтық ынтымақтастық мәселелері қозғалды.
– Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігінің барысында Орталық Азия қауіпсіздігін негізгі бағыттардың бірі ретінде алғаны белгілі. Осыған байланысты БҰҰ-да еліміз аймақтың жағдайы, болашағы, қауіптер, осы жөнінде қандай көмектер көрсету керектігі жайлы мәселелерді көтеріп жатыр. Сондай-ақ, Орталық Азияда жаңа бірлестік құру идеясы қайтадан жандануы керек. Осыған дейін де бұл бастама талқыланып, тіпті Орталық Азия банкін де құрдық. Бірақ азық-түлік, су-энергетикалық, көлік-коммуникациялық бағытта қарастырылған үш консорциумның жұмыстары жүзеге аспай қалды, – деді Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Жиынға қатысқан Қытайдың қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясының арнайы кеңесшісі Ду Яньзюнь бір мақсаттағы жаңа бірлестік құру үшін алдымен бірқатар мәселелерді шешіп алу керектігін алға тартты.
– Алдымен, ірі державалардың қолдауына жүгіну қажет. Себебі, алпауыт елдер арқылы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болатынын мойындағанымыз жөн. Бұл ретте АҚШ, Ресей, Қытай, Қазақстан, Жапония секілді мемлекеттер үлкен рөл атқара алады. Сонымен қатар, шағын мемлекеттердің қауіпсіздігіне жете көңіл бөлінуі керек. Мұндай елдерге қолдау білдірмей, олардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарау тыныштыққа кері әсерін тигізеді, – деді Ду Яньзюнь.
Орталық Азияның қауіпсіздігі мәселесі Еуропаның, Азияның сарапшылары көзқарасы тұрғысынан да талқыланды.
Шара барысында Қазақ-неміс университеті жанындағы xалықаралық және аймақтық ынтымақтастық институтының директоры Болат Сұлтанов Орталық Азияның аймақтық кооперациясын құру керектігін сөз етті.
Осы аймаққа кіретін елдер халықаралық және аймақтық алаңдарда ортақ ұстанымдарын, бағыт-бағдарын білдіру үшін бірігуі қажет. Әр ел өз алдына жеке пікір білдірсе, ол бір ғана мемлекеттің үні болмақ, ал егер Орталық Азияның елдері бас қосса, оның жөні бөлек. Осы тұрғыда біз Шығыс Еуропа елдерінің тәжірибесін басшылыққа алғанымыз жөн. 2004 жылы Венгрия, Польша, Чехия, Словакия Еуропалық одаққа мүше болардан бұрын бірлестік құрып, ортақ проблемаларын бірге шешуге уағдаласқан болатын. Одаққа кіргеннен кейін де төрттіктерін сақтап қалды, – деді Болат Сұлтанов.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»