Қазақстан • 05 Маусым, 2017

Жастар мен жас ел – егіз ұғым

416 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Егер дамыған АҚШ-тың өзін алсақ, оларда жастармен жұмыс, жастар саясаты, жастар ұйымдары деген ұғым мүлдем кездеспейді. Германияны алсақ, жастар жөніндегі мемлекеттік мекеменің өзін кездестіру қиын. Жалпы, жастар саясатына көңіл аудару әр елдің даму сатыларына сай жүзеге асырылды. Біздің ел үшін жастар мәселесі өз алдына үлкен бір стратегиялық даму бағыты ретінде қарастырылған.

Жастар мен жас ел – егіз ұғым

Тәуелсіздік жыл­­дарының ал­ғаш­қы кезеңіндегі сын са­ғаттарда жас­тардың жү­­ріп-тұруына мемле­кеттік аппараттың үнемі араласуы заң­­дылық болды. Б.Соқ­пақбаевтың әйгілі «Менің атым Қожа» ки­носындағы «Кім сот­қар? – Қожа! Кім өті­рік­ші? – Қожа!» дегендей, соңғы жыл­­дары қылмыс та, лаң­кес­тік те сол жас­тарға тиесілі болып алғандай. Кей­де әке-ше­шесі тіршілік қамын күйттеп жүргенде, ба­ла­­­­лары­­ның қалай ержетіп, ауылдың апайтөс боз­­ба­ласы болғанын да байқамай қалып жатады. Осы­лай «кішігірім мемлекеттегі» құбылыс қоғамда, мем­лекеттік кеңістікте әрқилы қырымен көрініс тауып жатады. Иә, тіршілікті ғана емес, тәлім-тәрбиені де қатар алып жүру отбасында қаншалықты қажет болса, мемлекеттік жастар саясатын жүргізіп отыру соншалықты маңызды екендігін айқындайды.     
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінде көрсетілгендей, өткен жылы елімізде 14-29 жас аралығындағы жастардың саны 4099,6 мың адамды құраған. 
Осынау жастардың әлеуметтік ерекшелігі – үнемі ізденіс үстінде жүретіндігінде. Олардың бірі жұмыс, бірі рухани сенім, бірі білім, бірі субмәдениетін іздер, әйтеуір белсенді әрекет үстінде болады. Жастарға оқуға түсем десе квота, ауыл шаруашылығымен айналысам десе субсидия беріліп жатыр. Осының нәтижесінде жалпы жастардың тең жартысы еңбекпен қамтылған. 
Жастарға қызмет көрсететін арнайы ресурстық орталықтар желісі аймақтарда кеңінен ашылып үлгерді. Осы күндері республика бойынша барлық жастардың ресурстық орталықтарының саны 207-ге жетті. Қазір өңірлік жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің штаттық саны 1869 адамды құрайды. Бұл да сөзден іске көшкендіктің бір көрінісі. 
Сонымен қатар, әрбір аудан басшылығы жанынан жастардың аймақтық кеңестері құрылды. Әртүрлі саланың өкілдері іріктелініп, жергілікті жағдайға байланысты туындайтын әлеуметтік мәселелерді бейбіт, өркениетті жолдармен шешуге жұмылдыру, жастарға қажетті жобаларды аймақтық ерекшелікті ескере отырып анықтау жолға қойылуда. Себебі, «әр елдің салты басқа», дегендей кең аумақта жатқан облыстардың экономикалық-әлеуметтену үрдісіне қарай жастар саясаты да өзінше жүреді. Мысалы, Алматының мәдени даму деңгейі басқа облыстармен үйлеспеуі мүмкін. Дегенмен, жастарға қатысты атқарылған кез келген шаруа өңірлік ерекшеліктерге қарамастан ортақ мемлекеттік саясат пен азаматтық қағидаларға негізделеді. 
Бұған күшейтіліп келе жатқан өңірлік жас­тар істері жөніндегі кеңестерінің қызметін айт­сақ та жеткілікті. Жауапкершілік жергілікті бас­шылықтың тікелей құзыреттеріне жүктелген. Барлық деңгейдегі әкімдер аталған кеңестерді өздері басқарады. Аталған жастар кеңесі әрбір жасты өз аймағының алдындағы жауапкершілікті сезінуге үйрету, үлкен тәлім-тәрбиелік қоғамдық мектептер жасақтауда маңызды болмақ. Сол жастар келешекте жергілікті кадрлық құрамды жасақтап жатса, идеяның өз мақсатына жеткені емес пе?! Кадрлық даму резервін осылайша азаматтық сектор арқылы өсіруге де болатындықтың бір дәлелі осында. Әсіресе, әлеуметтік нысандағы жетімдер үйлерінен шығатын түлектер мен әскерден қайтып келгендерге, бас бостандығынан айырылып, жаза мерзімін өтегендерге, мүгедектігі жағынан мұқтаж жастарға, ауылдан шыққан  шығармашылық ізденіс үстіндегі өнер иелеріне, діни теріс ағымнан айыға алмай жүргендерге, мамандығын дұрыс таңдай алмағандарға, кәсіпкерліктің бір ұшын ұстай алмай жүргендерге жаңа мүмкіндіктер ашылары сөзсіз. 
Осы ретте кәсіпорындар мен ЖОО-дағы, колледждердегі жастар ісі комитеттерінің қоғам­дағы орнын естен шығармауымыз керек. Ел бойынша 120 ЖОО-да, 649 колледжде, 180 кәсіпорында жұмыс істеп жатқан аталған мекемелер жастардың маман ретінде тұлғалануына бірден-бір әсер етуші күш. Олардың негізгі міндеті – студенттерді әуелі сол оқу орнының патриоты, содан барып сол елдің жанашыры ретінде қалыптастыру.
Өткен жылдың желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республика жастарымен кездескен Қазақстанның жастар форумында тек кәсіби білімнің арқасында жұмысшы жастарды, еңбек адамын тәрбиелеп шығару керектігін, сол бағытта барлық мемлекеттік саясатты жүргізетіндігін айта келіп, «келер жылы тегін кәсіптік білім беру жүйесі іске қосылады. Бұл жұмыссыз жүрген 58 мың жасқа екі қолға бір күрек тауып беруге септігін тигізбек», деген болатын. 
Ең бастысы, баланы Германия, Австрия, Канада елдеріндегідей балабақша, бастауыш сыныптан бас­тап мамандық таңдауға баулу тәжірибесінен үлгі алуға тиіспіз. Айтпақшы, бұған қатысты Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында бүгінгі жас түлектер мен олардың ата-аналарының болашақ мамандықты атүсті таңдау әдетін түбегейлі өзгерту керектігін меңзейді. 
Жастарды дамытудың жаhандық индексі бойынша Қазақстан Республикасы 183 мемлекеттің ішінен 61-орынды иеленгендігін айта кету керек. Бұл көрсеткіш еліміздің жастарды жұмыспен қамту, саяси және азаматтық белсенділік бойынша Түркиядан (62-орын), аймақтық державалар Ресей (110 орын) мен Қытайдан (118 орын) алда тұруымыз – жастар саясатына деген мемлекеттік көзқарас пен көңіл бөлудің айқын дәлелі. 
Алғырлығы мен албырттығы қатар жүретін жастарды қолдауда жас тәуелсіз еліміздің үлесі өзгелерден жоғары тұрғаны қуантады. 

Мақсат ЖАҚАУОВ, 
аймақтанушы 
АЛМАТЫ