Заманға қарай жоғары білім беру үрдісін жетілдіру мақсатында құрылып, жоғары дәрежеде жұмыс жасап келе жатқан Назарбаев Университетінде тұңғыш докторантура түлектеріне диплом тапсыру кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Ашылғанына небәрі жеті-ақ жыл болған оқу ордасы өзіміздің елде де, басқа елде де аса беделді оқу орнына айналды», деген еді. Соның дәлеліндей, аталмыш білім ордасында қазақстандық білім беру саласында маңызды оқиға болып табылатын Жоғары білім беру көшбасшыларының VІ еуразиялық форумы (EHELF) өтті. 2017 жылғы форумның тақырыбы «Жоғары білім берудегі басқару, көшбасшылық және менеджмент» деп аталды.
Форумға қатысушыларға арналған бейнежолдауда Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова EHELF жұмысына табыс тіледі.
Бұл алқалы жиын іс-шараларының бағдарламасында халықаралық және отандық сарапшылары, жоғары оқу орындары және бизнес қауымдастық өкілдері пікір алмасты. Пленарлық мәжілісте Назарбаев Университетінің тәжірибесін трансляциялау мәселесі айтылып, семинарларда талқыланды. Басқосуға Қазақ елінің, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Австралия, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей сияқты алыс және жақын шет елдерден келген 300-ден астам зиялы қауым қатысқанын айта кетсек дейміз.
Іс-шара барысында қатысушылар әртүрлі елдерде жоғары білім берудегі көшбасшылыққа қол жеткізу және табысты менеджментті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өз пікірлерімен, тәжірибелерімен бөлісті. ЖОО-лардағы академиялық сапа, басқаруды жетілдіру, қазіргі заманға сай кадрларды даярлау және жоғары білімді дамытудың басқа да өзекті мәселелері талқыланды.
Пленарлық мәжілістің спикерлігін BoardFocus Advisory атқарушы директоры Джудит МакКормик (Австралия); Magna Charta Observatory бас хатшысы Дэвид Локк (Ұлыбритания); Кембридж университеті Білім беру факультетінің Білім беру инновациялары орталығының директоры Колин Маклафлин (Ұлыбритания); Гонконг білім беру университетінің вице-президенті Луи Тай-Лок атқарды.
Білім мен ғылымның жаңа жетістіктерін жинақтаған Назарбаев Университетінің тәжірибесін трансляциялау бойынша семинарларда көптеген ойлар айтылып, тиянақталды. Сол секілді, академиялық стандарттарды қолдаудағы соңғы үрдістер талқыланды. Назарбаев Университетінің академиялық сапаны қамтамасыз ету және арттыру саласындағы тәжірибесі жиналған жұртшылық назарына ұсынылды.
Білімнің тұтастығы проблемаларын талқылау барысында Университет өкілдері түлектердің табысқа жетуі үшін қажетті дағдылар мен құндылықтарды орнықтыру мақсатында студенттермен оқудан тыс жұмыстарды жандандыру және жаңа білім дағдыларын енгізу бағытындағы тәжірибелерімен де бөлісті. Семинарлар үстінде Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы нақты тапсырмалары әңгіме арқауына айналып, қайта жаңғыру мемлекеттің мерейін асыратынына баса назар аударылды. Бұған қоса, «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының жобасына арнайы тоқталды.
Бұл жолғы жоғары білім беру көшбасшыларының жыл сайынғы Еуразиялық форумы «Кітапханалық өзара әрекеттесу-2017: университет кітапханасын дамытудағы заманауи әлемдік үрдістер («Library Connect-2017»)» және «Университет кітапханаларын дамытудағы заманауи трендтер: тәжірибе, проблемалар және перспективалар-2017» атты ғылыми-практикалық конференцияларға ұласты. Сонымен, жоғары білім беру ісін басқару, көшбасшылық және менеджменті талқыланған алқалы форум жұмысындағы қозғалған мәселелер алдағы қолданыста нәтижелі жұмыс істеуі тиіс.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»