05 Маусым, 2017

Башқұрттар да Мағжанды мақтан етеді

486 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кешегі Алашорда зиялыларының тұлға болып қалыптасу жолында Уфадағы «Ғалия» медресесінің тигізген ықпалы қаншалықты?

Башқұрттар да Мағжанды мақтан етеді

Отты ғұннан от боп ойнап туған Мағжан, қысқа әңгіме шебері Бейімбет һәм Міржақыптардың қанат қатайтып, қияға ұшқан ұясы болды ғой бұл медресе. Өзге ел демей, оларды өз еліндей көрген Алаш арыстарының башқұрт, татар халықтарына тигізген пайдасы да аз емес. Демалыс кездерінде бала оқытумен айналысқан қазақ жігіттері, Уфа қаласын еркін биледі, қазақша газеттер шығарып, түрлі ұйым, үйірмелер ашқаны белгілі. Бұған негіз ретінде мынадай деректі келтіруге болады: «Основная масса шакирдов (кроме 224 человек) были татарами. Известно, что за десять лет деятельности медресе его выпускниками стали 154 казаха. В количественном отношении, национальный состав шакирдов, получивших образование в медресе «Галия», выглядел следующим образом: татары – 726 чел., казахи – 154 чел., 80 другие тюркские народы». ( Тузбекова Л.С. Медресе «Галия» – высшее мусульманское учебное заведение Башкортостана (1906-1919 гг.): Научное издание, 38-бет). 
Жоғарыда көрсетілген жазбаға қарасақ, медреседе исі қазақ шәкірттерінің біршама болғанын аңдаймыз. Демек, сауат ашу кеңес өкіметінің қызыл жалауымен емес, бауырлас ағайындардың ізгі ние­тімен келгені ғой. Мына жазбаға назар аударғанда да көп жайтты аңғаруға болады: «Казахский журналист Абдрахман Мустафин, шакирд медресе «Галия», пишет о себе, что приехал поступать в медресе, когда ему исполнилось 20 лет. Рассказывает, что вместе с Беимбетом Майлиным они учились играть на мандолине у другого шакирда медресе «Галия» – Хасана Туфана, которому тогда было всего 15 лет. Далее, Хасан Туфан рассказывает о своих казахских друзей; Он даже вовлек меня в свой тайный кружок, состоявший из четырех человек. В этом кружке мы старались овладеть тем, чего не могло дать медресе: читали переведенные на турецкий язык французские кни­ги, знакомились с новейшими дос­ти­жениями естественных наук» (Тузбекова Л.С. Медресе «Галия» – высшее мусульманское учебное заведение Башкортостана (1906-1919 гг.): Научное издание, 39-бет).
Бейімбет Майлиннің өзі осы медресе қабырғасында «Садақ» журналына редактор болып, қазақ ағар­ту ісіне айтарлықтай үлес қосты. Алайда, жазушының, басқа да қазақ зиялыларының осындай белсенді әрекеттері үшін сол кездерде татар оқығандарының қырына ілігіп, саясат цензурасының назарында болғаны белгілі. «Ғалия» медресесі жайлы зерттеп жүрген Уфа қала­сының тұрғыны Нияз Алсын­баев­тың айтуынша, кезінде татар молдалар газеттер қазақша емес, татар тілінде шығарылуы керек деген ұран­мен қазақ журналистеріне қысым жасаған көрінеді. 
Таяуда, қол қалт еткен бір уа­­қытта қаланың ескі бөлігінде орна­ласқан тарихи ғимарат – «Ғалия» медресесін өз көзіммен көрудің бақыты бұйырды. Жалпы, Белое және Уфимка өзендерінің арасында орналасқан Уфа қаласы мұражай іспетті. Өткен ғасырлардың анық куәсіндей болып ескі ғимараттар, үйлер сол күйі қаз-қалпында тұр. «Ғалия» медресесі де бәз-баяғыдай қалпында. Қаланған кірпіштерінің өзі сол тарихи кезеңнен сыр шертіп тұрғандай әсер береді. 
Алайда, медресе ғимаратына кіру мен ойлағандай оңай болмады. Есік күзеткендер түрлі сылтау айтып, бірнеше рет қайтарып та жіберді. Табандылық танытқанның арқасында ғана діттеген мақсатқа жеттік. Мұрағатта Мағжанның мед­ресе қабырғасында салынған портреті бар дегенді естіп келген едім. Бірақ, «Қазақ ақындары» деген бөлімнен ондай дүние таппадым, керісінше Мағжанның суретін башқұрт ақындары арасынан кездестірдім. Сондағы жүрген қызметкерге қойған сұрағым ұна­мады ма, тіпті суретке де түсіруге рұқсат бермей, шығарып жіберді. Мұнысы несі, әлде шатасып, байқамай жазылып кеткен болар деген ой да келеді. Алайда, осы қателіктің қағаз жүзінде дәлелі барын іздеп жүріп көзбен көрдік. 
Қазіргі таңда бұрынғы медресе ғимараты «Ресей Ислам уни­верситеті» аталады. Сол университет тапсырысымен 2011 жылы Уфа қаласындағы баспалардың бірі шығарған пышақтың қырындай жұқа ғана кітапша бар. Университет тарихы туралы жазылған. Түпкі тарихын, әрине «Ғалия» медресесінен бастайды. Сол кітапшаның үшінші бетінде Башқұртстаннан шыққан ақындар қатарына Мағжан Жұма­баевты да енгізіп қойыпты. Басында бұл не деген өрескел қателік, барып тұрған сауатсыздық деп бұған тіксіне қарағанымыз да рас еді. Кейін сабама түскеннен кейін, бұл райдан қайттым. «Жақсыға әр­кімнің ақ, бар таласы» демекші, Мағ­жандай ақынымызды бауырымыз деп өздеріне «меншіктеп» алғандарына түсіністікпен қарауға тырыстым. Кезінде біздің де баш­құрт­тың ұлы ақындарының бірі Мифтахедин Ақмулла да көзі тірі­сінде қазақ арасында құрметке бөлеп, мадақтағанымыз рас қой. Ақмул­ла­ның өзі бар ғұмырын қазақ даласында шәкірт оқытуға сарп етті. Тіпті, Ақмулла деген атты қазақтар қойған. Ізгі ниеті үшін «Ақ Молда» деп атап кеткен. Негізі Ақмолда, алайда башқұрт тілінің ережесіне сәйкес фонемалық өзгеріске ұшы­рап, Ақмулла Мифтахедин деген есімі ұмытылып, Ақмулла атанып кеткен. 
Жалпы, қазбалай берсең табылар рухани қазына көп, мағлұмат та мол, тек талмай іздей білу керек. Барша түркі жұртына ортақ Мағжандай арыс­тар әлі де болса тереңірек зерт­теуді қажет етеді. 

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТОВ,
М.Ақмулла атындағы Башқұрт педагогикалық мемлекеттік университетінің магистранты 

Ресей Федерациясы, 
Уфа қаласы 

Суретте: «Ғалия» медресе­сін­­де оқыған қазақ шәкірттері. 1915-16 оқу жылы