Алғашқыда 70 шақты шәкірт тәрбиелеген мектеп-медресе бүгінде 2 мыңға жуық оқушыға білім беретін мектеп-гимназияға айналып отыр. Бір ғасырдан астам уақыт жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан қарашаңырақ соңғы қоңырау мерекесінде туған балаларындай түлектерін бауырына жинады. Олардың арасында педагогика саласының белгілі ардагерлері Дәмеш Өмірбекқызы осы мектепті 55 жыл бұрын бітірсе, Аяш Жұмағұлов, Оспан Сүлейменов есімді ардагерлер оқу ордасын жарты ғасыр бұрын аяқтаған екен. Ең ғажабы, соңғы қоңырау сыңғырын естуге мектептің 80 жыл бұрынғы түлегі Үкіжан Сәдуақасқызының қатысуы болды. 1937-1941 жылдары аталған мектепте білім алған 95 жастағы қария – асылдың сынығы, Сәдуақас қажы Ғылманидің қызы.
Жаз жайнатып, күн күлдіріп,
Біз лагерьге барамыз,
Асыл жібек – гүл үстінде,
Аунап, ойнақ саламыз, деп әндеткен әжей құлдыраңдаған оқушы күніндегі жаттаған жыр жолдарын әлі де жатқа айтатын жады сергек жан болып шықты. Сарыарқа төсіндегі алғашқы мектепте оқыған оқушы қыздардың шашы тобығынан да асып, шұбатылып жататынын, осы ұзын шашқа ақ бантик таққандарын, сиса көйлектерін түнде жуып, күндіз киіп алатынын айтқан әжей мектепте үздік оқығанын жеткізді.
– Жақсы оқитын балаларды мұғалімдер де жақсы көретін, – дейді кейуана.
ХХ ғасырдың басында Арқа төсіндегі оқыған азаматтардың өз күштерімен тұрғызған қыздар медресесінің ғимараты Астанада бүгінге дейін сақталған. Бұл ғимаратты салуға сол заманның дегдар азаматтарының бірі, әкесі Сәдуақас қажы Ғылмани да үлес қосқанын әңгімелеген әжей өзінің Нағима Ләтипова есімді қызбен бір партада отырғанын, ол уақытта қара партаның оқулық қоятын, ашылып, жабылатын қақпағы болғанын, сондай-ақ, сия толы дәуіттің бала біткеннің үсті-басына төгіліп, баршасының сия-сия болып жүретінін жеткізді. Сексен жылдан кейін өзі оқыған білім ордасындағы соңғы қоңырау сыңғырын есіткен қария өскелең ұрпаққа батасын беріп, жаңа өмірге қадам басқан түлектерге ақжол тіледі.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»