Қазақстан • 06 Маусым, 2017

Тұрақтылық – басты құндылығымыз

305 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласында орын алған террорлық актіге кеше бір жыл толды. Өмір күнде той емес. Оның сәттілігі мен сәтсіздігі, қуанышы мен қайғысы және шаттығы мен күйініші қатар келіп, бір-бірімен алмасып жатуы өмірдің жазылмаған заңы іспеттес. Егер өмірдің кедергісі мен бұралаңы, қиясы мен қалтарысы болмай, тек бірыңғай марафоншылардың жүгіретін жолындай теп-тегіс болса, оны өмір деп те атамаған болар ма еді. Сол секілді егемендікті еңселендіру мен мемлекеттілікті тұғырландыру кезеңінде де күтпеген тосын жайттар, тіпті уыздай ұйыған ел-жұрттың тату-тәтті тіршілігіне сына қағуды көксейтін қаскүнемдік әрекеттер де кездесуі әбден мүмкін.

Тұрақтылық  –  басты құндылығымыз

Осыдан тура бір жыл бұрын, 2016 жылдың 5 маусымы күні Ақтөбе қаласында орын алған террорлық сипаттағы акт еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын бұз­ғысы келгенімен, ниеті бұ­зық арам ниетті қарулы қарақ­шы­лар­дың зымиян ойлары жүзеге аспады. Бұл оқыс жағдай тек ақтөбеліктер ғана емес, барша Қазақстан халқы үшін ырыс пен ынтымақты, бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтай бі­лудің қаншалықты қажет, қан­шалықты қымбат екендігін ұғын­дырып беріп кеткені анық. Әдеттегі күндерде адамзат баласы тыныш өмір мен бейбітшіліктің бағасын, оның қадір-қасиетін терең түйсініп, сезіне бермейді. Ақ­төбеде орын алған терактіден кейін барша қазақстандық тұрақ­ты­лық пен қауіпсіздіктің ең басты құндылық екенін тереңірек сезіне түскені анық. Бұдан алынатын басты сабақ та осындай өміршең ойға табан тірей алады.

Сондай-ақ, өмір өкінішсіз де болмайды. «Бойларын діни экстремизмнің уыты жайлаған қарулы қарақшылармен қақтығыс кезінде өмірінің соңғы сәтіне дейін өздеріне тапсырылған істі адал атқара білген бейбіт тұр­ғын­дар мен әскери қыз­мет­ші­лер­дің мерт болуы – орны толмай­тын үлкен өкініш. Біз олардың өмірлері егемен еліміздің ны­ғаюы мен қалыптасуы жолында қи­ылды деп есептеуіміз керек. Бей­біт күнде өз жұмыстарын адал атқарып жатқан бейкүнә аза­мат­тардың өмірлерін ойран ет­кен қаныпезерлердің көздеген арам ойы елдігіміздің еңсесін түсіру болғанына күмән келтіре алмаймын. Жазықсыз құрбан болғандар – егемен еліміздің адал пер­зенттері. Олардың есімдері ұмы­тылуға тиісті емес. Олар біз­дің намыстарын ту етіп ұстай біл­ген ержүрек батырларымыз», – деді газет тілшісіне есімі елге та­нымал азамат, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев.

Бүгінгі күн биігінен қарас­тыр­ғанда өткен жылдың 5 мау­сымы күні Ақтөбе қаласында лаң­кестердің салған лаңынан алынатын сабақты барынша ес­керудің қажеттілігі талас ту­ғыз­бай­ды. Соның ішінде рес­пуб­ликаның Қарулы Күштері сапына кіретін әскери бөлімшелер мен құрылымдарда ішкі режімге сәйкес қызмет атқаратын сарбаздарды ұдайы  әрі үздіксіз қаруландырудың қажеттілігі талас туғызбайды. Айталық, сол күні Ақтөбе қаласындағы «Пал­лада» қару-жарақ дүкеніне ша­буыл жасап, сатушы Андрей Максименконы пышақтап өлтіріп, 17 мылтық пен 3 газ тапаншасын ол­жалаған қарақшылар содан кей­ін облыс орталығындағы Ұлттық ұланның 6655 бөлімі аумағының кіреберіс қақпасын автобуспен бұзып кіргені белгілі. Бұдан кейінгі кезде экстремистердің қолынан үш әскери қызметші қаза тауып, алтауы жараланған еді. Сол оқиғадан кейін Ішкі істер ми­нистрі Қалмұханбет Қа­сым­ов қаза тапқан әскери қыз­мет­шілердің қолында қару бол­ма­ғанын атап көрсеткен болатын. Ендеше, бұ­д­ан алынатын сабақ, жоғарыда айтылғандай, ішкі режімге сәйкес қызмет атқаратын сарбаздардың қырағылығын одан әрі күшейту болмақ.

Біз кеше «Паллада» қару-жарақ дүкені маңында лаңкестермен болған қарулы қақтығыс кезінде қаза тапқан «Жедел күзет» ЖШС жеке күзет ұйымының қызметкері Мерхан Тәжібаевтың отбасына арнайы барып, асыл азаматтың әкесі, бұрынғы әскери қызметкер Есенбай Тәжібаевқа жолығып, баласы жөнінде бір-екі ауыз әкелік еске алу сөзін айтып беруін өтінген едік. Ол кісі сәл күйзеліп, қамығып отырғандай болды да, бір сәтте серпіліп, сілкініп сала бергендей көрінді.

«Мерхан байсалды, мінез-құлқы орнықты болып өсті. Әйтсе де ол қажет кезінде қайсарлық көрсете білетін. Өжеттік таныта алатын. Ешуақытта өзінің жолынан жығылмайтын.Ол менің намысты ұлым еді. Айналасындағы адамдардың теріс мінездері мен іс-әрекеттерін көрсе, бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтып тас­тайтын мінезі де болушы еді. Мен ұлымды өз елі –  Қазақстаны үшін мерт болды деп санаймын», – деп толғанды қайран әке.

Ақтөбедегі лаңкестік оқи­ға­ның орын алуына не себеп болды? Оның арғы жағында қандай әлеуметтік астар бар? Қазір осы сауалдарға жауап іздеп қана қоймай, оған толыққанды жауап қайтаратын кездің де кел­гені анық. Жел тұрмаса шөп­тің басы қимылдамайды емес пе, сонда діни экстремизмнің қол­жаулығы болған қарулы қа­рақ­шылардың көздегені не? Біз бұ­ған сөз басында ішінара жауап қайтардық та. Дегенмен, осы арада Ақтөбе аймағының қадірлі ақсақалдарының бірі, мәдениет қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Бірлік» ақ­сақалдар кеңесінің төрағасы Еркін Құрманбектің олқылық жіберіп алған тұсымыз болған жоқ па екен деген алаң көңілін де оқырмандар назарына ұсына кеткенді жөн көреміз.

Аға буын өкілінің ойынша, қандай оқиға болса да алынатын сабағы болмай тұрмайды. Осы тұрғыда ол отбасындағы бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлу қажет деп есептейді. «Бұл ой-пікірімнің мектептерде, кәсіптік білім беру жүйелерінде, арнау­лы және жоғары оқу орындарында, сонымен бірге, еңбек ұжымдарындағы тәрбие беру ісін түбегейлі жақсартуға тіке­лей қатысы бар. «Тәртіп пен заң­ға бас иген құл болмайды», деп қазақтың қаһарман ұлы Бау­ыржан Момышұлы айтқан­дай, мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік нысандардың бә­рін­де қатаң тәртіпті жолға қоя біл­ген жөн», деп тұжырымдады ол өз пікірін.

Бұған қосарымыз, дана Абай: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, Аздырар адам баласын», деген емес пе? Сондықтан бүгінгі күні еліміздің әр қиырында жұмыссыз жүрген жастардың жай-күйіне де жаңаша көзқарас қалыптастыра білудің қажеттілігі туындайды. Егер оларды жұмысқа орналастыру жөніндегі мәселелер шешімін тапса, Еркін Құрманбек ақсақал айтқандай, тәртіп мәселесі де өзінен өзі реттеле түсетіні анық. Сондай-ақ, қазіргі кезде елі­мізде экстремизмнің алдын алу жөніндегі мәселелерге де бас назар аударылып келеді.

Өткен мамыр айында Ақтөбе қаласында өткізілген Парламент Мәжілісінің көшпелі отырысы осы мәселеге арналғаны белгілі. Қабырғалы басқосу кезінде баяндама жасаған Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Терроризмге қарсы орталық басшысының орынбаса­ры Нұрғали Білісбеков атал­ған қатерді тек бір ғана күштік құрылымдар арқылы ауыз­дықтау мүмкін емес екенін алға тартты. Содан кейін ол ең алдымен терроризмге қарсы іс-шараларға әлеуметтік, тәрбиелік және адам­гершілік сипат берілсе, бұл іс соғұрлым нәтижелі болар еді деген-ді. Оның бұл ой-пікі­рін­де терең мән-мағына мен алар тағылым бар деп білеміз.

Сондай-ақ, 2016 жылдың 5 маусымы күні, Ақтөбе қаласында лаңкестік оқиға болып өткеннен кейін, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе облысында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жүзеге аса бастады. Мұнда тұрақтылық пен тыныштықты орнықтыру үшін ең алдымен әлеуметтік мә­селелер өз шешімін табуы ке­рек­тігіне басымдық берілген еді. Соған сәйкес, аталған жоба Ақтөбе аймағында жаңа маз­мұн­мен толығып келе жатқа­нына куә бола аламыз. Бұл үрдіс өңірдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтау ісінің басты тетігіне айналып келеді.

Қысқасы, тыныштық пен тұрақтылық ең басты құндылық екенін бүгінде көпэтносты елі­міз­дің жұртшылығы тереңінен сезіне алғаны анық. Бұған қарсы қол көтергісі келетіндерге арамызда орын жоқ екені айтпаса да түсінікті. Міне, Ақтөбе ай­мағында өткен жылы болған қанды оқиғадан алатын түйін мен сабақтың кейбір иірімдері осындай.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ