74 жастағы Тәуірхан ағай да, оның зайыбы Айсәуле әжей де балықшылардың отбасында дүниеге келген екен. Тағдыр ауыртпалығымен 14-15 жасында Тәуірхан ағай «База государственный лов» мекемесіне механиктің оқушысы болып жұмысқа кіреді. Осы жерде еңбек етіп жүргенде, 1956-1958 жылдары Баутинге балықшылар өмірінен кітап жазуға ниетті Әбу Сәрсенбаев келеді. Басшылар ұйғарымымен жазушы Тәуірхан еңбек етіп жүрген кемемен теңізге шықпақ болады, ал 13-14 жастағы бала Тәуірханның ашық теңізге үлкендермен бірге шығуына рұқсат берілмейді. Тәуірхан жәшіктердің арасына тығылып қалып, кеме ауылдан ұзағасын барып балықшыларға бір-ақ көрінген. Бұл кезде кемені айналсоқтап жүрген ұлды таба алмай у-шу болған жағадағылар теңізге шығып кеткендерге хабарласып, баланың сонда екенін анықтайды. Қаршадай баланы көк теңіз үстінде әңгімеге тартқан жазушыны балықшы отбасының тарихы, баланың ата жолын қуғысы келген қайсарлығы қызықтырған болса керек, сол сапар негізінде жазылған «Теңіз әуендері» кітабындағы «Капитан ұлы» повесіндегі кейіпкер – Болатханның басындағы оқиғаларда Тәуірханның өмірі орын алып, ол бас кейіпкердің біріне айналады, яғни шығармадағы Болатханның прототипі – Тәуірхан Әбуханұлы.
Тәуірханның өмірі түгелдей теңізбен байланысты болды. Халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлының «Есжанұлы Қанжан мырзаға» атты толғауында айтылғандай, 1870-1980 жылдарда теңізден балық аулап күн көрген халыққа қиянат жасаған орыс саудагерлерінің үстінен үкіметке арыз жазып, теңдікке қолы жетпейтінін білген соң олардың кемесін тонап, Ресей өкіметімен жеке күреске шыққан, қысылғанда орыс солдаттарына ашық теңізде көже шашып қарсылық көрсеткен, қарақшы атанып, үкіметтің құрығына түспей, өз ажалымен қайтыс болған атасы – Есжанұлы Қанжанның немересі Тәуірханның теңізшіліктен басқа мамандықты таңдауы мүмкін емес сияқты.
Атыраудан 2 жылдық механиктер даярлайтын оқуды бітірген оның бар өмірі теңізде өтті. Маңғыстау балық тоңазыту басқармасына келген теңіздегі жаңа кемелердің бірнешеуін зауыттан қабылдап, портқа дейін жеткізу ісінде көбіне орысша сауаты бар Тәукең жүрген. Тәукеңнің айтуынша, сол кездерде басқарманың иелігінде 64 кеме болған екен. 1991 жылы Баутинде кеме жөндеу зауытының механика цехына шебер болып ауысқан ол сол мекемеде Маңғышлақ балық тоңазыту басқармасы тарағанша қызмет етеді. 2006 жылы Маңғыстау облысында «Маңғыстау балық аулау» компаниясы ашылғанда кәнігі балықшы, тәжірибелі теңізші Тәукеңді жұмысқа арнайы шақырды. Жұмысқа жауапты, тұрақты Тәукең аталмыш компанияда, қарауындағы 5 адамымен сазан мен кефал аулап, бірнеше жыл еңбек етті. 56 жыл бір мекемеде механик болып еңбек етіп, неше түрлі теңіз дауылын бастан өткерген, балықшылық кәсіптің бейнетін тартудай-ақ тартқан Тәуірхан Әбуханұлы 1971 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медалдарымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», Маңғыстау облысының құрылғанына 15, 25, 35 жыл, «За безавариную работу» төсбелгілерімен бірге бірнеше жоғары Алғыс хат, құрмет грамоталармен марапатталған. Бүгінде Тәукең Түпқараған ауданының құрметті азаматы, Баутин ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Зейнет жасына жетсе де, ата кәсіптен қол үзгісі келмей теңізге айына екі-үш рет шығып тұрады, балықшылық кәсібін жандандыруға атсалысып, пікірлерін білдіріп, жастарға көзі тірі балықшылардан ата кәсіптің қыр-сырын меңгеріп қалуды ұсынып келеді.
Жұбайы Айсәуле Жәпекқызымен бірге 9 бала тәрбиелеп өсірді. Барлығы да жоғары білімді мамандар. 9 баладан 30 немере, 4 шөбере сүйіп отырған бақытты отбасы 2000 жылы Түпқараған ауданы бойынша өткен сайыста «Үлгілі отбасы» аталымын иеленген болатын.
Отбасы жарастығын жоғалтпай, үлгілі ұл-қыздар тәрбиелеген, еңбек етуді ең басты мұрат еткен отағасы мен ардақты ананың есіл еңбегі, өмірден көрген-түйгендері көпке үлгі.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы