Қазақстан • 06 Маусым, 2017

Дипломатия туралы заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін

461 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Дипломатия туралы заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін

Заң жобасының мақсаты­ ­­– Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарының жұмысын жетілдіру.

Заң жобасы дипломатиялық қызмет органдарының жұмысын  ұйымдастыру бөлігіне түзетулер енгізуді көздейді. Мәселен, Қазақстан Республикасында орналасатын Төтенше және Өкілетті Елші лауазымы бекітіледі, бұл шет мемлекетте жеке шетелдік мекемені ашпай және бюджет қаражатын үнемдей отырып, дипломатиялық қатынастардың жоғары деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің елімізде дипломатиялық өкілдікті, халықаралық ұйымды және (немесе) оның өкілдігін, консулдық мекемені тіркеу, дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың және олардың өкілдіктерінің басшыларын, жеке мүшелерін, консулдық мекемелердің қызметкерлерін тіркеу тәртібін бекіту құзіреті де көзделеді.

Шет елдердегі мекемелердің басшылары ретінде жұмысқа жіберілетін адамдардың шетелде үздіксіз болу мерзімдері белгіленеді.

Дипломатиялық қызмет органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді және оларға сервистік қызмет көрсетуді жүзеге асыратын заңды тұлғаның өкілеттіктері айқындалады.

Сондай-ақ, комитетте «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Құжат 2014 жылғы 7 қарашада Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесі отырысындағы Мемлекет басшыларының тапсырмасына сәйкес әзірленген.

Келісімге сәйкес Қазақстан тарапы Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа интеграциялану процесіне жәрдемдесу мақсатында Қырғыз тарапына 100 млн АҚШ долларына балама көмек көрсетеді.

Көмек Қырғыз тарапына Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы жөніндегі «Жол карталарында» көзделген
іс-шараларды іске асыруға, атап айтқанда Еуразиялық экономикалық одақ кедендік шекарасының қырғыз учаскесіндегі кедендік инфрақұрылымды жақсартуға, Қырғыз Республикасының санитария, ветеринария, фитосанитария жүйелерін Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сәйкес келтіруге беріледі.

Бұл ретте, көмек Үкіметаралық жекелеген хаттамаларға сәйкес
кезең-кезеңмен ақшалай қаражат, оқыту бойынша көрсетілетін қызмет,  тауарлар түрінде берілетін болады.

Ұсынылатын көмектің орынды және тиімді жұмсалуын бақылау мақсатында Қазақстан-Қырғыз Үкіметаралық кеңесі аясында екіжақты бірлескен Тексеру комиссиясы құрылады. 

Құжат Палата қарауына жіберілді.