EXPO-2017 көрмесіндегі Түркия комиссары, елдің экономика министрінің орынбасары Фатих Метин мен Түркияның экономика вице-министрі Тарык Сонмез жұртты түрік павильонының тұжырымдамасымен таныстырды.
Түркияның «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған EXPO-2017 көрмесіне қатысуы туралы шешім 2016 жылғы тамыздың 5-інде Түркия Республикасының экономика министрлігі мен Astana EXPO-2017 Әкімшілігі арасында қол қойылған хаттамамен ресми түрде бекітілді.
Павильонның жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Оның жанында Таиланд, Иордания және Әзербайжан павильондары орналасқан.
Түркия EXPO көрмелеріне 34 рет қатысты. Ол 1851 жылы Лондонда өткен алғашқы EXPO-ға да қатысқан ел. 2016 жылы Түркия тұңғыш рет өз елінде дүниежүзілік деңгейдегі аса ауқымды шара «World Botanic EXPO-2016» Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығына ие болды. «Балалар мен гүлдер» девизімен өткен бұл көрме осы саладағы жұртшылық қызығушылығына ерекше ие болған оқиға саналады. Төрт айдан сәл ғана астам уақыт ішінде көрмені 4,5 миллионнан астам адам тамашалаған. Кейбір күндері көрмеге келушілер саны 70 мың адамнан асып кеткен.
Milan EXPO-2015 дүниежүзілік көрмесінде түрік елі Түркия Республикасы экономика министрлігінің қолдауымен «Келешектің іргесін берік қалау үшін өткенді зерттеу» тұжырымдамасына қатысты.
Астанада өтетін көрмедегі Түркияның тақырыптық тұжырымдамасы «Тұрақты энергетика жолындағы Ғаламдық өзара әрекеттестік» деп аталады. Экспозиция девизі «Түркия – Энергия орталығы» дүниежүзілік қоғамдастыққа Түркияның болашаққа сеніммен қарайтын бейбіт сүйгіш ел екенін паш етеді.
Логотип композициясының негізі – Күн. Оғыз тайпаларының таңбасы да жаратылыс кіндігі ретінде Күнді ерекше әспеттейді.
Анадолы күні – күнбағыс. Көк төсіндегі алтын күнге ұқсайтын бұл өсімдік таза энергия символы болып саналады. Логотипте Түркияны бейнелейтін осы нышандардың бәрі көрініс тапқан.
Негізгі реңк ретінде Түркияның тағы бір ажырамас символы – көгілдір ақ түсі таңдап алынған.
Тұсаукесер қонақтары алдында атақты «Челлистамбул» виолончельшілер квартеті өнер көрсетіп, түрік халқының «Сема» және «Ней» билері орындалды.
Бауыржан МҰҚАНҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»