Бағдарламалар • 07 Маусым, 2017

Тапсырмалар тиянақталды

110 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алдағы жылдан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алудың тәртібі өзгереді. Ал сол жаңа форматты енгізуге дайындық барысы қалай? Бұл мәселе кеше Үкімет отырысында талқыланды. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жиында еліміздегі арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) даму жайы да қаралды.

Тапсырмалар тиянақталды

АЭА даму қарқыны қалай?
Мәлім болғандай, еліміздегі арнайы экономикалық аймақтардың даму қарқыны мәз емес. Мәселен, Инвестициялар және даму ми­нистрі Жеңіс Қасымбек арнайы эко­номикалық аймақтар қыз­метіне жүргізілген талдау қоры­тындысы бойынша бірқатар жүйе­лі мәселелер анықталғанын айтты. Олардың қатарында ин­фра­құ­ры­лым құры­лысы қарқынының төмен­дігі, бас­қару органдары жұмыс­тары­ның тиім­сіздігі, жеңіл­діктерді пай­да­ла­нудағы проблемалар, жер телім­­дерін алудың ұзақ мер­зімі мен арнайы экономикалық ай­мақ­тардағы салалық шектеулер  бар. 
Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, елі­мізде түрлі салалық бағыт бойын­ша өңдеу өнеркәсібінде 10 ар­найы экономикалық ай­мақ құ­рылған. Бүгінде арнайы эконо­микалық ай­мақ аумақтарында 154 жоба іс­ке қосылған, 651 млрд теңге инвес­тиция салынған, 11 600-ден астам жұмыс орны ашылған. Бюд­жетке салық түрінде 107 млрд-тан астам теңге қайтарылған. Биыл 3 мың жаңа жұмыс орны ашыла­тын қо­сымша 24 жобаны іске қосу жоспар­да бар. Алайда, осынша әле­уе­тіміз бар бола тұра, бұл саладағы жұ­мыс­тың екпіні әлі де төмен болып отыр. 
Инвестициялар және даму ми­нис­трлігінің мәліметінше, ин­дус­триялық аймақтардың тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіретін негіз­гі проблема олардың қызметін заң­намалық реттеудің және аймақ­тарды құру мен олардың жұмыс жасауы саясатына жауапты бірыңғай мемлекеттік органның жоқтығында болып отыр. Осыған байланысты Ин­вестициялар және даму ми­нистр­лігі заңнамаға өзгерістер енгі­зуді, атап айтқанда, жеке индус­трия­лық аймақтардың қызме­тін регламенттеуді ұсынды. Индус­триялық аймақтарды дамыту мәсе­лелерінің мемлекеттік саясатын қалыптастыру бойынша функ­цияларды Ұлттық экономика министр­лігінен Инвестициялар және даму министрлігіне беру ұсы­­нылып отыр. Оған қоса, аймақ­тар­дың өздерін дамыту мә­селелерін жер-жерлерде әкім­дік­тердің басқаруына қалдырған жөн.  

Қандай кедергілер бар?


«Әлемдік тәжірибеде АЭА инфрақұрылымы құрылысының орташа мерзімі 2-3 жылға созылады. Алайда, бізде бұл мерзім 5 жылдан асып түседі», деді Ж.Қасымбек. Бұл ретте министр біздің елде 10 жылдан бері инфрақұрылымы аяқталмай келе жатқан арнайы экономикалық аймақтардың бар екендігін мысалға келтірді. Тағы бір мәселе − басқару органдары жұмыстарының тиімсіздігі. Осыған байланысты министр бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Сіздің тапсырмаңыз бойынша біз «ИТП» АЭА барлық қатысушыларының шарттарына толық аудит жүргіздік. Толық аудиттің қорытындысы бойынша өз міндеттерін орындамай отырған 42 қатысушымен шарттарды бұзу бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай жұ­мысты біз АЭА-ның меншік ие­лерімен бірлесіп басқа да АЭА-да бастадық», деді Ж.Қасымбек Үкі­­мет басшысына қарата айтқан сөз­інде. 
Сонымен қатар, министр арнайы экономикалық аймақтарда жеңілдіктерді пайдалануда да мәселелер бар екендігін атап өтті. Салықтық және басқа да жеңілдіктерді тиімді және нақты ұсыну үшін АЭА қатысушыларына салықтық әкімшілендіру тетігін оңтайландыру қажет. Оған қоса, арнайы экономикалық ай­мақ­тарда қатаң салалық шектеу бар. «Қызметтің басым бағыттарын кеңей­ту тәртібінің өзі қиын және айтарлықтай ұзақ процесс. Мем­лекет басшысының жарлықтарын және РБК комиссиясының оң ше­ші­мімен үш қаулысы қабылданғанға дейін инвесторларға бір жылға жуық күту қажет. Мысалы, біз жыл­дың басынан бастап  өңірлермен «Оң­түстік» АЭА химия және мұ­най-химия бөлігінде және «Пав­ло­­дар» АЭА металлургия және резең­ке бойынша қызметтің басым ба­ғыттарын кеңейту бойынша жұ­мыс жүргізіп жатырмыз. Атал­­ған мәселе қазіргі уақытта өкі­лет­тіктердің аражігін ажырату жө­­ніндегі Парламенттегі заң жоба­­сы шеңберінде ішінара шеші­луде. Бұл қызметтің басым түрле­ріне енгізілмеген жаңа жобалар бо­­йынша шешімдерді жедел қа­был­дауға мүмкіндік береді», деді министр. 
Сондай-ақ, тағы бір мәселе − өңірлерде жер учаскелерін алу ұзақ мерзімді қамтиды. Жалпы қағи­далар бойынша рұқсатнама құ­жаттары да жобалардың іске асырылуын баяулатуда. Алайда АЭА тәртібі әлемдік тәжірибеге сәй­кес арнайы жеңілдетілген тәр­тіпті қарастыруы қажет. Сондық­тан да АЭА режімінің әлеуетін то­лық көлемде ашып және жер учас­келерін, басқа да рұқсат беру құ­жаттарын алудың жеңілде­тілген тәр­тібін қарастыру қажет.
Арнайы экономикалық аймақ­тар мәселесі бойынша бизнес қо­ғам­дастықтың позициясы туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төр­ағасы Абылай Мырзахметов айтып өтті. Сондай-ақ, Маңғыстау, Оңтүс­тік Қазақстан, Қарағанды, Пав­лодар, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласының әкімдері есеп берді. Ал «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шө­кеев АЭА-дағы инфрақұрылым құры­лысының барысы туралы баяндады.
Талқылау қорытындысында Пре­мьер-Министр Б.Сағынтаев арнайы экономикалық және индус­триялық аймақтардың қызметін же­тілдіру бойынша қажетті шара­ларды қабылдауды тапсырды. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың тиімділігі басқарушы компаниялардың қызметіне тіке­лей тәуелді. Осыған орай Бақыт­жан Сағынтаев жауапты мем­лекет­тік органдарға осындай ұйым­дар­ды таңдау кезінде мұқият қарап, олар­дың жұмыстарын тиімді бақылау қажеттігін айтты. Инвестициялар және даму министрлігіне Қаржы, Ұлттық экономика және Ауыл ша­руашылығы министрліктерімен бірлесіп, арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына салық­тық әкімшіліктендіру тетігін оңтай­ландыру, қызметтің басымдықты түрлерін ұлғайту тәртібін жеңілдету мен арнайы экономикалық ай­мақ­тарға жер телімдерін берудің жеке, жеңілдетілген тәртібін әзір­леу мә­селелерін пысықтау тапсырылды. 
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге кө­терілген мәселелердің шешімін бақылауға алу жүктелді.

АӘК алудың жаңа тәртібі


Жаңа форматтағы атаулы әлеу­меттік көмекті енгізуге дайындық туралы Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, 2018 жылғы 1 қаң­тардан бастап енгізілетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақы тағайындау рәсімін едәуір жеңілдетіп, оны алушыларды барынша қамтуға мүмкіндік береді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек қазіргі қолданыстағы жәрдемақылардың үш түрін алмастырады, осылайша жәрдемақыны алуға қажетті құжаттардың санын айтарлықтай қысқарту көзделген. 
Жаңа форматтағы атаулы әлеу­меттік көмек шартсыз және шартты ақшалай көмекке бөлінген. Шартсыз көмек еңбекке жарамды отбасы мүшесі жоқ барлық отбасыларға (мысалға, мүгедектер немесе зейнеткерлер отбасыларына), немесе еңбекке жарамды отбасы мүшесі дәлелді себептер бойынша жұмысқа араласа алмайтын отбасыларға (мысалға, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғыз басты аналарға) беріледі. Осындай отбасыларға жәрдемақыны алу үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді. Ал шартты ақшалай көмек отбасында кем дегенде бір еңбекке жарамды мүшесі бар отбасыларға әлеу­меттік келісімшартқа қол қо­йып, отбасының еңбекке жарам­ды барлық мүшесі жұмыспен қам­ту шараларына міндетті түрде қатыс­қан кезде беріледі.
Т.Дүйсенованың айтуынша, әлеу­меттік көмек жүйесіндегі рефор­ма нәтижесінде жаңа формат­тағы атаулы әлеуметтік көмектің әрбір алушысы үшін жәрдемақы сомасы 2018 жылы орташа есеппен 25 пайызға ұлғайтылады.
Әлеуметтік көмек алу ереже­леріне енгізілген өзгерістерге ха­лықты дайындау үшін еліміздің үш өңірінде 2014 жылдан бастап қанатқақты режімде «Өрлеу» жобасы іске асырылған. Бағдарламаға шамамен 79 мың азамат қатысқан, олардың 19 мыңға жуығы ең­бек­пен қамтылған. Өңірлерде қанат­қақты жобаны жүзеге асыру мен жұмыспен қамту шаралары туралы Ақмола және Жам­был об­лыстарының әкімдері М.Мыр­залин мен К.Көкірекбаев есеп берді.
Талқылау қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев «Нәтижелі жұмыспен қамту және жап­пай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына еңбекке қабілетті ха­лықты белсенді түрде тартуды тапсырды. Сондай-ақ, халық ара­сында түсіндіру жұмысын кеңі­нен жүргізу керектігін ескертті. Бар­лық деңгейдегі әкімдерге жаңа фор­маттағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету шарттарына жататын отбасылар санатын анықтау жүктелді. 
2017 жылдың соңына дейін әр­бір аз қамтылған отбасы мен олар­дың еңбекке қабілетті мүшелерін оқыту, еңбекпен қамту, жеке кә­сі­бін ашу бойынша жеке жоспар­лар жасауға дейін жұмыспен қам­ту мәселесін пысықтау қажет. Бұл жұ­мысты сапалы жүргізу үшін Үкімет басшысы Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау министр­лігіне жергілікті атқарушы орган­дар және жұмыспен қамту орта­лық­тарының қызметкерлерін даярлау­ды қамтамасыз етуді тапсырды.  
Үкіметтің әлеуметтік көмек фор­матын өзгерту бойынша жұмы­сы Мемлекет басшысының «Бес инс­титуттық реформаны  жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының міндеттеріне сәй­кес жүргізіліп жатыр. 84-қадамда әлеуметтік көмекті оған шын мәнінде мұқтаж азаматтар үшін ғана оның атаулы сипатын күшейту арқылы оңтайландыру туралы айтылған болатын. 

Динара БІТІКОВА, 
«Егемен Қазақстан»