Халқың сенен көп үміт күтеді
Илья Ильин, біз сенің жанашырыңызбыз. Сен ауыр атлетикамен айналысып, оза шауып бәйге алдың. Әлемнің де, олимпиаданың да чемпионы болдың. Бұл атақты оңай алған жоқсың. Көп еңбек еттің, ондаған жыл үзбей жаттықтың. Еңбегің еш кеткен жоқ, алтын медальдің бірнешеуін омырауыңа тақтың.
Жігіттің басына не тап болмайды?! Саған допинг қолданды деп кінә тағып, атақтарыңнан айырды. Соған қарамастан, біз сені Қазақстанның ең қадірлі азаматының бірі деп түсінеміз. Сенің арың таза деп сенеміз, алып қайрат иесісің, сондықтан сенен әлі де көп үміт күтеміз. Кейінгі жастарға жетекші бол, зілтемір көтеруден шеберлер дайында. Бұлай етуге қабілетің жетеді, жасыма, қайта өршелене түс.
Атырау облысының жастары спортпен мықтап айналысып, республикалық, құрлықтық чемпионаттарда жүлделі орындарды жеңіп алуда. Олар атақты Геннадий Головкинмен, Қанат Исламмен Атырауда кездесіп, әдіс-амалдар үйренді. Енді өзіңмен кездесуге құмар, келсе екен деп армандап жүр. Өйткені сен – елге сүйікті Ильясың, албырт батырсың, сенің бойыңдағы кісілік қасиетің тартымды. Сондықтан да сенің алдағы тағдырың бізді алаңдатады, қазір немен айналысып жүргеніңді білгіміз келеді...
Сембі Берғалиев,
зейнеткер
Атырау облысы
Есіміне руын қоса көрсету дұрыс емес
Қазақ десең өзіңе тиеді дегендей, бір-бірімізден ру сұрасатынымыз рас. Әрі мұның ешқандай айыбы да жоқ деп санаймын. Өйткені ата-бабаларымыз ру сұрасқанда бөліну үшін емес, әйтеуір бір жерінен жақын тартуы үшін сұраған ғой. Бүгінгі күні о бастағы осы оң ниеттің мәні өзгеріп, халықтың ертеңі мен тағдырына жауапты жандардың руын қосып жазу байқалады. Сондай-ақ, өз руының адамын дәріптеушілер де көбейіп барады.
Керісінше, олар халықты бөлмей, тұтас бірлікке ұйтқы болуды ойлағанын қалар едік. Тағы бір айтайын дегенім – Кердері Әубәкір, Тама Есет батыр деп жатамыз. Тіпті көше атауларында да осылай жазылған жағдайлар кездеседі. Бұрынғы замандарда руын қоса атаудың белгілі бір себептері болған шығар. Бірақ қазір мұны дұрыс дей алмаймын. Өйткені олар онсыз да белгілі тұлғалар емес пе. Сондықтан тарихи тұлғалардың руын алға салмай, тек аты-жөндерін көрсетсе жетеді деген ойдамын.
Рысжан Ілиясова,
республиканың еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, өлкетанушы
Ақтөбе
Өмірге құштар жан
Ардақ есімді азамат қайтпас жігері мен қайсарлығының арқасында арбаға таңылса да нәпақасын тауып, отбасын асырап келеді. Бір үйдің отағасы, балдай тәтті баласы бар. Осыдан 11 жыл бұрын жол-көлік апатына ұшырап бел омыртқасын сындырып, жұлынына зақым келген. Бірнеше ота жасалып, жаны аман қалған азамат, Алланың берген сынағына сынбай, нартәуекелге бел буып, қол қусырып отырмады. Мүгедектерді жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, Астанадағы Сарыарқа аудандық мүгедектер кеңесі мүшесі ретінде мүгедектер қоғамдық бірлестігіне жұмысқа тұрды. Сонымен қатар, халықтың шақыртуы бойынша үйлерге барып, сынған, бұзылған нәрселерін жөндеп береді. Мемлекеттің қолдауының арқасында осындай азаматтар аяғынан тік тұрып, он екі мүшесі сау адамдардай жұмыс жасап келеді.
«Қоғамдық көлікпен жүреміз. Біз сияқты жандарға қоғамдық көлікте жүру қиындық тудырып жатады. Қазір инватакси қызметін қолға алуды көтеріп жатырмыз», − дейді Ардақ Отарбаев.
Міне, осындай мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қоғамдық көліктерде тегін жүру жеңілдіктері берілгенімен, осындай көліктер қажет-ақ. Сондай-ақ, көптеген мекемелерде, үйлерде арнайы арбамен көтерілетін сатылардың жоқтығы да қиындық тудырады. Ардақ сияқты өмірге құштар азаматқа қол ұшын беру, қайырымдылық жасау әр мұсылманның міндеті деп білейік.
Айман Мұқышева
Астана
«Экспо, мен сенімен мақтанамын!»
Осындай тақырыпта Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығында Астана қаласында өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін насихаттауға арналған шығармашыл жастар байқауы өткізілді. Шараға ауданның әр түкпірінен 50-ге жуық шығармашыл жастар қатысып, өлең әңгімелер оқылып, көркем туындыларымен бақ сынасты.
Байқауда жүлделі бірінші орынды Тұщықұдық ауылындағы С.Жанғабылов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысының «ЭКСПО менің жүрегімде» шығармасы иеленсе, екінші орынды Маңғыстау техникалық колледжінің оқытушысы Нұржамал Қайратқызының «Біздің ортақ мақтаныш» атты мақаласы иеленді. Ал үшінші орынды шетпелік Б.Жұмалиев атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Қадірбек Тасқараның «Менің ЭКСПОМ» атты өлеңі иеленді.
Шара соңында ұйымдастырушлар барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен дипломдар табыс етілді.
Әлия Нұрбергенқызы,
Жастар орталығының маманы
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы
Әр сөздің өз айтары бар
Соңғы жылдары «өлең» атауы өз өрісін кеңейтіп, әнге қатысты әлемді түгелдей жаулап алуға жақындады десек болады. Сахна төрінен өнер адамдарының «ән салдым», «ән айттым», «әндеттік» деудің орнына, – «өлең айттым», «өлең айтайық» деуі басым болып барады. Бұл жөнсіз сөз ауыл арасынан бастап өнер ортасы мен зиялы қауым арасында да етек жая бастады. «Қой» дейтін қожа, «әй» дейтін әже көрінбейді. Әлде «ән» атауын әдірем қалдырып, біржолата «өлеңге» өтуге барша қазақ баталастық па екен...
Өлең – әуеннің қанатына қонып, әнге айналып көңілдің ажарын ашпай ма? Осыны айыра алмаған адам – беталды сөйлеген әрі тіл тазалығына жаны ауырмайтын жауапсыз болып шықпай ма!
Сондай-ақ, халықаралық терминдерді аударуға қауқары жеткен қазақ тілі орыстың «округ» деген сөзіне келгенде сүрініп, баламасын табуға беттей алмай қойды. Алматы қаласына кіреберістегі «Қарасай батыр ауылдық аумағы» деген атау алыстан көз тартады. Батырдың әруағы аударып тастаған орысша атау, басқа елді мекендерде міз бақпастан «ауылдық округі» болып сіресіп тұр. Сірә осы атаудың қазақыланып, ата жұртқа лайықты теңеуін табатын күн де келген тәрізді. Демек, әр сөздің өз айтары бар.
Сағынбек Жолбарысхан,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі
Шымкент