ЭКСПО-2017 • 08 Маусым, 2017

Ауылдағы базар «ЭКСПО» деп аталады

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығына қа­рас­ты Шәукен-Павлодар ау­ылында 2 мыңдай қазақ, 3270 орыс, 400-дей украин, неміс және басқа ұлт өкілдері бар 7 мыңдай халық тұрады. Елге оралған 300-дей отандастарымыз да тіршілік жасап, бақуатты өмір сүруде.

Ауылдағы базар «ЭКСПО» деп аталады

Бұл ауылдағы жергілікті тұрғындардың барлығы да еңбекқор, шаруашылықтары, жылыжайлары бар, бәрі де көкөніс өсірумен айналысады, 600-ге тарта жылыжай бар болса, тұрғындар қиярдың 15 түрінен 278 тонна өнім алуда. Ауыл үлкен жолдың бойында, қалаға тиіп тұр. Бүкіл ауыл қи­яр өсіреді деген сөз. Қа­зір егіп қойған көшеттері жаз бойы қызарып, өсіп, күз бойы жемісін береді. Қа­зір бау-бақша, жылыжай­ларда қы­зу жұмыс. 
– Ауылдықтар өздері осы атауды қуана қа­был­дап, базарды солай атадық. Әлемге әйгілі ЭКСПО көр­месінің Астанада өтуін мақтаныш көргеннен ғой. Бұл біздің ауылдағы кішкентай көрмеміз, – дейді ауыл әкімі Аждар Жүсіпов. 
Ал, «ЭКСПО» деп ата­латын базардың ашылуы көкөніс өсіруші тұр­ғындар үшін тіпті, тиім­ді болды. Сәуір айында отырғызылған қиярлар қазір өсіп-өнді. Тұрғындар жаппай сатып алуда. Бір келісі 230 теңге. Қиярды арзан бағамен сатып алғысы келсе, «ЭКСПО» базарына келуге болады. Базардың ашылу мақсаты да сол: жергілікті көкөніс өсірушілердің өндірілген өнімдерін өткізуге жағдай жасау. Бұрынғыдай облыс орталығындағы базарларға өткізіп әуреленбейді. Мы­салы, бір маусымда 278 тоннаға жуық, ал, ауа-райы жақсы жағдайда бір күнде 315 келі қияр жинайды. Қалалықтар енді қияр өсірушілерге келіп, тікелей өнімдерді сатып ала алады. Енді базаршылар «ЭКСПО»-ға барамыз деп ауылға келетін болды.
– Біз өсіретін қияр біз­дің ауылдың бренді дейді, – ауылдықтар. 
Өйткені, өңірдегі Ле­бяжі ауданында қарбыз өссе, Баянауыл төрт тү­лі­­­гімен, Ертіс ауданы ас­тығымен, Қашыр, Же­ле­зинка картопқа бай.

Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар