Әлем • 09 Маусым, 2017

Келісім жасасу қиындайды

179 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресей, Қытай, Үндістан және Пәкістан сарапшылары ШЫҰ-ға жаңа мүшелердің кірігу процесі оңай болмайтынын айтады. Мұны ресми құжаттардың мазмұнын өзгертуге тура келетінінен-ақ байқауға болады.

Келісім жасасу қиындайды

Қабылданғалы отырған Астана декларациясына сәйкес, ұйымға мүше-елдер Ядролық қаруды таратпау келісімін сөзсіз сақтауы тиіс. Үндістан мен Пәкістан болса, өз ядролық қа­ру­ларын келісімнен тыс жасап қойған, сондықтан оған қол қою­шылар қатарында емес. Со­ны­мен қатар, құжатта «Бел­деу жә­не Жол» форумының нә­ти­же­леріне жоғары баға беріледі. Ал Үндістан форумға бойкот жа­риялап қана қоймай, Қытай бас­тамасын «отарлау мақсатын көз­дейді» деп бағалады.

Нақты ынтымақтастық мәсе­ле­сіне келсек, онда да біраз проблема болғалы тұр. Үнді сарапшысы Самир Саран Үндістан мен Пәкістан арасында барлау мәліметтерін алмасу ісінде қи­ын­дық туатынын айтады. Дели Исламабадты халықаралық тер­ро­­ризмді қолдайды деп есеп­тей­ді, сондықтан көршісіне құпия деректерді бере қоюы екіталай.

Пәкістандық сарапшы Ахсан Чаудхаридің пікірінше, Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға бірдей мақсатпен кірді: әрқайсысы ұй­ым өздерін көршінің әскери және террорлық шабуылынан қорғайды деп ойлайды. «Іс жү­зінде Дели мен Исламабад ШЫҰ-ны азиялық НАТО сияқты кө­реді. Расында, НАТО-ның да бір мақ­саты оған мүше елдер арасында қақтығысқа жол бермеу болған», дейді Чаудхари.

Отставкадағы пәкістандық дипломат Ариф Камал ШЫҰ-ның бітімгерлік функциялар атқаратынын айтады. «Ұйымды құрушы елдер Кашмир мәселесін шешуді талап етуі тиіс. Шанхай процесінің шарттарына қосылу жауласушы екі державаға оң әсер етеді деп күтуге болады», дейді ол.

Ресейлік сарапшы Игорь Денисовтің пікірінше, ұйымның терроризммен күрес бағыты жа­ңа жағдайда тың серпін алуы мүмкін.

Ал Қырғызстан-Ресей славян университетінің доценті Наргиза Мұратәлиева жаңа ел­дер­дің кіруіне байланыс­ты ұйымның құрылымы да ірі өз­ге­ріс­терге ұшырайды деген пі­кір­де. «Бір жағынан Ресей мен Қытайдың құрылымдағы бә­се­кесі туралы әңгімелер азая­ды, өйткені басқа бәсекелес та­раптар қосылды (Үндістан-Пәкістан). Екінші жағынан мүше-елдер арасында қалыптасқан бай­ланыстар негізінде ШЫҰ-ның өз ішінде «шартты альянс­тар» пайда бола ма деген қауіп бар», дейді Мұратәлиева. Оның пі­кірінше, Орталық Азияның ұй­ымдағы рөлі азаюы мүмкін. Алайда, сарапшы кеңейген соң Орталық Азия елдері ұйымның жұмысына белсендірек қатысады деп үміттенеді.

Айта кететін нәрсе, ШЫҰ әлі де кеңеюі мүмкін. Астана­дағы саммитте ұйымға Иранның қосылуы мәселесі тағы да тал­қы­ланады. Бұл туралы сейсен­бі күні Ресей Президентінің кө­мек­­шісі Юрий Ушаков айтқан бо­латын. «Ресей мен Қытайдың келісіп отырғанына қарамастан, неге Иран әлі ұйымға мүше болмады?» деген сұраққа Ушаков «Мәселе – кей елдердің ерекше ұстанымында» деп жауап берді.

«Коммерсанттың» мәліметі бойынша, Тегеранның мүшелігіне кедергі жасап отырған Иранның бәсекелесі − Сауд Арабиясымен байланысты күшейтіп жатқан Тәжікстанның ұстанымы.

Михаил КОРОСТИКОВ,
«Коммерсант»