Парламент • 09 Маусым, 2017

Төртінші деңгейлі бюджет 2020 жылы бекітіледі

1046 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жетекшілік еткен Парламент Сенатының жалпы отырысында сенаторлар бірқатар заңнамалық құжаттарға қатысты оң шешімдер қабылдады. Соның ішіндегі ең негізгісі Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің таныстыруымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды.

Төртінші деңгейлі бюджет  2020 жылы бекітіледі

Мемлекет басшысының Бес инс­ти­туттық реформасы аясын­­дағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы шең­бер­ін­де аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ дең­гейінде жергілікті өзін өзі басқа­рудың дербес бюджетін енгізу көз­дел­гені белгілі. Сондай-ақ, Жаң­ғырту жөніндегі ұлттық комиссия жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджетін енгізудің тәсілдерін пысықтағанына тоқталған министр аталған заң жобасында жер­гілікті өзін өзі басқарудың дер­бес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу, жергілікті өзін өзі басқару органдарының бюджеттік процесі және коммуналдық мен­шікті басқарудағы өкілеттіктерін кеңей­ту қажеттігі мақсат етілетін­дігін айтты.

«Бұл заң жобасымен Бюджет, Салық және Азаматтық кодекстерге, «Мемлекеттік мүлік туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы», «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Себебі, еліміздің бюджет жүйесі 3 деңгейден тұратыны өздеріңізге белгілі. Ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджет жоқ. Бүгінгі таңда олар шамамен 2,5 мың әкімшілік бірлікті құрайды. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті өзін өзі басқару бюджеті халық саны 2 мың адамнан асатын ауылдық округ деңгейінде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4-ші деңгейі ретінде енгізілетін болады», деді Т.Сүлейменов.

Осы орайда, жергілікті өзін өзі басқару бюджетінің кіріс көздері салықтық түсімдерден тұратындығын айта кетейік. Атап айтқанда, төлем көзінен салық салынбайтын кірістерден алынатын жеке табыс салығы; жеке тұлғаларға салынатын мүлік салығы; жеке және заңды тұлғалардан алынатын көлік салығы; елді мекендердің жерлері үшін жеке және заңды тұлғалардан алынатын жер салығы; аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтердің аумақтары арқылы өтетін автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiндегі сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін алынатын төлемақы секілді алымдардан құралады. Ал салықтық емес түсімдерде мемлекеттік мүлікті  жалға (жалдауға) беруден түсетін кірістер; коммуналдық меншікті сатудан түсетін кірістер; жеке және заңды тұлғалардың ерікті түр­дегі алымдары; әкімдердің «Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы» Кодексте көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін өндіріп алатын айыппұлдар қамтылған.

Министрдің мәлімдеуінше, ауыл­дық округ әкімінің аппараты жер­гілікті қоғамның жиналысында міндетті түрде талқыланып, келі­сілетін жергілікті өзін өзі бас­қа­рудың бюджет жобасын әзірлейді. Ал жергілікті өзін өзі басқарудың бюд­жетін аудандық мәслихат бекітіп, оның атқарылуы  ауылдық округ әкімі мен оның аппаратына жүк­теледі. Осылайша, заң жобасында жергілікті қоғамдастықтың мүдделерін ескере отырып, бюд­жет шығыстарын жоспарлауға мүм­кіндік беретін тетіктер көзделген.

Сенаторлар талқылаған құжат­тардың қатарында «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне жол жүрісі мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да болды. Бірінші оқы­лымда мақұлданған құжат жө­ніндегі баяндаманы Мәжіліс депутаты Владислав Косарев жасады. Ол аталған заң жобасы Пар­ламент Мәжілісінің депутаттар тобы әзірлегенін атап көрсете келіп, құжат Мәжілісте талқылау барысында қосымша нормалармен толықтырылып, ондағы негізсіз шектеулер жойылғанын және енгізілген жаңашылдықтар жолдағы тәртіпті күшейтуге ықпал ететінін алға тартты. «Айрықша атап өткім келетіні, мәселен, егер көлікті полицейлер тоқтатқан жағдайда олардың іс-қимылының арнайы тәртібі бекітіледі. Яғни, көлік құралын тоқтатқаннан кейін қызметкер кідірмей оған жақын келуге, өзін таныстыруға, жүргізушінің талап етуі бойынша қызметтік куәлігімен таныстыруға, тоқтату себебін түсіндіруге, сондай-ақ пайдаланылған жағдайда ереже бұзушылықты тіркеген құралдардың мәліметтерін ұсынуға міндетті», деді баяндамашы.

Сондай-ақ, бұл заңмен көлікті тоқтатқан кезде жүргізушінің полиция іс-қимылдарын фотоаппарат пен суретбейне түсірілім жүргізуге құқығы қамтамасыз етіледі. Сол сияқты жолаушыларды түнгі уақытта тұрақты емес автотасымалдармен тасымалдауға және көлік құралдарындағы аэрографикалық суреттерге тыйым салулар, жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен жағдайда қайта емтихан тапсыру талабы алып тасталған. Есесіне, көлікті масаң күйде тізгіндегені үшін немесе куәландырудан өтуден бас тартқаны үшін жүргізушілерді куәлігінен айырудың бірыңғай үш жылдық мерзімін белгілеу қажеттігі нақтыланған.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»