Әдебиет • 15 Маусым, 2017

Өлеңде бір сөз болады өзгеше...

439 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өлең жазғанның бәрі ақын емес, ол түсінікті. Ақынның барлық өлеңі керемет болмайды, ол да түсінікті. Ал, шын ақынның өлеңінің ішінде өлең жазатындардың қаламына іліне бермейтін бір сөздер жүреді. Міне, нағыз ақын сол сөздерде тұрады.

Өлеңде бір сөз болады өзгеше...

Тауға шығып ентігіп,

Етегіңді жел түріп,

Енжарлықты өлтіріп,

Тұрсаң-ау бір желпініп!

Қарағайлар қапталда,

Қыран ұшып шатқалда,

Сәби-өзен шырылдап,

Жер тепкілеп жатқанда,

Пай, пай, шіркін, не жетсін

Сол бір сұлу шақтарға!

Омырауыңды ағытып,

Аунай кетсең мақпалға,

Одан артық бақ бар ма?!

Одан артық бақ бар ма?!

Мұзбалақ Мұқағалидың 1966 жылы жазған өлеңі екен. Осындағы қапталдағы қарағай, шатқалдағы қыранды кез келген өлең жазғыш жаза алады. «Енжарлықты өлтіру» Мұқағалилық мінез һәм тағдыры. Айтпағымыз бұл сөздер емес әрине. Омырауын ағытып мақпалға аунауды да кез келген ақын жаза береді. Мұндай шаққа не жетсін деп шаттана алады. Ал, «Сәби – өзен шырылдап, Жер тепкілеп жатқанда» деген сөзді жазу үшін нағыз ақын болуың шарт. Себебі, сол тауға Мұқағалимен ілесіп шығып, төмен қарасаңыз, төменде жәй ғана өзен ағып жатады. Иә, мөлдір, тұнық, тағы қандай болуы мүмкін? Тастан-тасқа секіріп, сыңғырлап, табиғаттың желімен, сыңсыған орманымен гармония құрып үндесіп... Бұған да сәл қиялшыл, әсершіл жүрек керек, әйтпесе таудың суы жәй ғана ағып жата береді.

Ал, анау бейнені ақын ғана сезінеді, ақын ғана жазады. Туу етекте ағып жатқан тау суы шалқасынан жатып шырылдап жылаған бала секілді елестейді. Тазалығы, тепкіленген тентектігі, әлде бір тілек, әлдебір ашу бардай шырылдаған үні... Ақынның тұла бойын шарпып өткен алапат, бұла сезім. Сол сезімнен сығылып шыққан сөз. Дәл осы өлеңдегі ақын, өзгеден ерек Мұқағали сол жерде, сол сөзде тұр. Мұны адам ойлап таба алмайды. Оған ұшқыр қиял, қылдан жіңішке, қылыштан өткір сезім, бір сөзбен айтқанда ақындық жаратылыс керек.

Сөз сиықыры, сөз тереңі шынымен ғажап әлем! Кейде қызықтап ақынның қиялының ішіне еніп көргің келеді. Сірә, осы сезім Мұқағалиға қалай келді екен? Бала күнінде, иә кейінгі кезде көрген, естіген, ұмытқан, тіпті түсінде көрген әлде бір оқиғалардың жаңғырығы себеп бола ма, қалай? Өзенді жер тепкілеп жылаған сәбимен байланыстыратын қандай да бір оқиға бар ма?

Әрине, сіз бен біздің ойымызға алдымен иен дала, тақыр құмның үстінде аптап ыстаққа қақталып қатты қысқан шөлден қаталап шырылдап жылаған баланың өкшесінен бұрқ етіп шыққан зәмзәм суының оқиғасы оралады. Мүмкін бала күніндегі ата-әжелерінен естіген сол бір әңгіменің жаңғырығы ақын тауға шығып, көңілі шалқып тұрып туу төменде ағып жатқан тау суына шаттана қараған бір сәтінде сынған сәуленің шағылуындай көкейіне оқыс сурет салып өте шықты ма екен?.. Мүмкін басқаша оқиға, басқаша күш. Біз ақын қиялына әсер етер әлемге қызығып, Мұқағали шыңырауына шым батып отырған бір сәтте қилымыздың ұшар басына көбелектей қаңғалақтап осындай бір ой келіп қонақтаған. Алайда, ақын оның қайдан, неден, қалай келгенін білуі міндетті емес, біле бермейді де. Тек келген дүниені қағазға түсіруге міндетті. Оны ақынның жазу машығы, туу тереңнен шымырлап жатқан шалқар білімі және өлең жазатындардың бәрі жаза алатын керекті сөздері де жан-жағынан қаумалай келе қалып сәтті қарсы алып алуы керек, болды! Ал, ондай сөздерді Құдай ауызға салмаса, ойлап таба алмайсың. Көп өлеңші мен шын ақынның бір айырмасы сонда.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»