Оның жұмысына әлемнің 100 елінен 3 мыңнан астам делегат қатысуда. Олардың қатарында танымал саясаткерлер, экономистер және түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері бар. Форумда әртүрлі формат бойынша 40 сессия өткізу жоспарланып отыр. Әлемдік экономиканың цифрлануы, болашақтың ақылды да орнықты дамушы қалалары, мемлекеттердің жасыл экономикаға көшуі тақырыптары бойынша пікірталастар ұйымдастырылады. 100-ден астам шетелдік және отандық логистикалық компаниялардың қатысуымен көліктік-логистикалық форум өткізіледі.
«Жаңғырту 3.0» сапалық деңгейді көтереді
Форумдағы алғашқы ірі шаралардың бірі ретінде өткізілген Бүкіләлемдік банктің «Қазақстан: елді жүйелі диагностикалау» атты сессия жұмысына Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қатысып, сөз сөйледі. Ол бұл жолғы форумның елімізде өткізіліп жатқан аса ірі халықаралық шара – ЭКСПО-2017 көрмесімен қатар келгендігін және биылғы жылы Қазақстан мен Бүкіләлемдік банк ынтымақтастығына 25 жыл толатындығын атап өтті. «Қазақстан мен Бүкіләлемдік банк әріптестігі өз жемісін беруде. Ұлттық экономиканы қайта құру, оны ырықтандыру ісіне бұл халықаралық қаржы институты өз үлесін қосты. Бүкіләлемдік банктің қатысуымен елімізде 1300 шақырым жол салынып, Сырдария жағалауын шегендеу, Аралдың солтүстік бөлігін қайта қалпына келтіру секілді ірі жобалар жүзеге асты», деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, ол қазіргі күні атқарушы биліктің ел Президентінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы – жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы негізінде жұмыс істеп жатқандығын айтып өтті. «Біздің алдымызда қазір өршіл міндеттер тұр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған міндет бойынша елдің жаңа сапалық деңгейде дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл бизнес ортаны жақсарту, адам капиталының сапасын арттыру, жаңа менеджмент қалыптастыру, экспорттық-инвестициялық саясатты жүзеге асыру мәселелерін қамтиды. Жүргізілген жүйелі талдаулар бізге
8 негізгі бағытымызды анықтап берді. Олар – отын-энергетикалық кешенді, агроөнеркәсіп кешенін, көлік пен логистиканы, туризмді, сауда саласын, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту. Бұлардың әрбірін жаңа заманның жетістіктерімен қамтуымыз керек. Мәселен, сауда саласында не істеуіміз керек? Бізге қандай сауда керек? Осының бәрі өте маңызды мәселелер. Алдымызда электрондық сауданы қалыптастырып, дамыту міндеті тұр. Жалпы, аталған әрбір бағыт бойынша мақсатты көрсеткіштер белгіленген. Әрбір министр қай жылы қандай нәтижеге қол жеткізуіміз керегін жақсы біледі», деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы үстіміздегі жылдың бес айында біршама жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілгендігіне тоқталып өтті. Экономиканың басқа салаларының да көтеріле бастағандығын мәлімдеді. «Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойған дамыған 30 елдің қатарына қосылуымыз үшін бізге экономиканың жылдық дамуын 2021 жылға таман 5,5 пайызға көтеруіміз керек», деді Үкімет басшысы.
Міне, осы тұрғыда Қазақстан Үкіметінің жұмыстың тиімді жаңа форматына, жаңа идеяларға мүдделі екендігін, Бүкіләлемдік банк әзірлеген «елді жүйелі диагностикалау» жобасынан жақсы үміт күтетіндіктерін жеткізіп, бастамаға табыс тіледі.
Мұнан кейін Бүкіләлемдік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірлері бойынша вице-президенті Сирил Мюллер Қазақстанның өзі орналасқан өңір елдері арасынан бірінші болып Бүкіләлемдік банкпен әріптестік орнатқан ел екендігін атап өтті. Биыл сол ынтымақтастықтың бастау алғанына 25 жыл толмақ.
«Осы жылдар ішінде Қазақстан өзінің ұлттық экономикасын қайта құрып қана қоймай, айта қаларлықтай табыстарға қол жеткізді. Елдегі кедейшілік деңгейі екі есе қысқарып, орта тап қалыптасып, жетілді. 2006 жылдың өзінде ел табысы ортадан жоғары елдер қатарынан орын алып үлгерді. Қазір Қазақстан Үкіметі сыртқы әлемдегі жедел өзгеріс үстіндегі факторларды есепке ала отырып жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды», деді ол.
Сондай-ақ, ол дамудың 5,5 пайыздық деңгейіне көтерілу үшін елеулі өзгерістер енгізудің қажет болатындығын атап өтті. Осыған орай, өз көзқарасы бойынша, назар аудару қажет болатын төрт бағыт жайында әңгіме қозғады. Олар – бәсекеге қабілетті әртараптандырылған мұнай экономикасын дамытуға екпін беретін микроэкономикалық басқаруды нығайту; қозғаушы күштерді мемлекеттік сектор мен мұнайдан жеке секторларға қарай бағыттау; қазіргідей жаһандық жедел өзгерістер кезеңінде халықты еңбекпен қамту, заңдардың үстемдігі мәселелерінде ерекше икемділік таныту; бәсекеге қабілетті және өзгерістерге жедел бейімделгіш адам капиталын қалыптастыруға мән беру.
Мұнан кейін ұсынылған бейнефильмде Қазақстан мен Бүкіләлемдік банк әріптестігінің нақты нәтижелері көрсетілді.
Бүкіләлемдік банктің Орталық Азия бойынша бас экономисі Христос Костопулос елді жүйелік диагностикалаудың тұсаукесер есебін жасады. Ол еліміздің өз тәуелсіздігіне ие болғаннан бергі даму жағдайына тәптіштей тоқталып өтті. Онда экономиканың дамуы алғашқы дағдарысты еңсергеннен кейін 10 пайызға дейін көтерілгені, одан 6 пайызға, бертін 1 пайызға дейін түскендігі, соңғы кезде қайта көтеріле бастағандығы, экономика саласында болған құрылымдық өзгерістер, 2007 жылдан бері экономиканы несиелеу көлемінің азая бастағандығы, экономиканы басқаруда мемлекеттің белсенді рөл атқарғаны, былайша айтқанда, бәрі баяндалды. Содан кейін барып көтеріліп отырған мәселеге байланысты ұсыныстар айтылды.
Бас экономист елде жүргізіліп жатқан жекешелендіру үдерісіне қолдау білдірді. Интеграциялану үдерісін күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, қоғамдағы оқшауланған топ мәселесін айтты. Оның қатарына үй шаруашылығымен шұғылданушыларды, жеке кәсіпкерлерді қосуға болады екен. Ендігі кезекте Үкімет осы топпен жұмыс істеп, олардың ұйымдасқан жұмысын жақсартуы, қоғамға қосар үлесін нығайтуға қол жеткізуі қажет. Басқа да бірқатар ұсыныс көлденең тартылды.
Мұнан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты, Астана қаласы кәсіпкерлер ассоциациясының жетекшісі Павел Казанцев, Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығының басқарма төрайымы Жанат Ертілесова сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Басқосу соңы залдан түскен сұрақтарға жауап беруге, өзара пікір алмасуларға ұласты.
Жекешелендіру – даму драйвері
Астана экономикалық форумының аясында «Самұрық-Қазына» қорын жекешелендіру бағдарламасының өркендеуі және оның ел экономикасындағы рөлі» атты сессия өтті. Оны «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев ашып, құттықтау сөз сөйледі. «Қазақстанда көлемі бойынша теңдесі жоқ жекешелендіру бағдарламасы іс жүзіне асырылғалы отыр. Оның басты мақсаты – ел экономикасында мемлекеттің қатысу үлесін 15 пайызға дейін төмендету. Бұл жекешелендіру бағдарламасы барысындағы біздің басты мақсатымыз – экономикаға барынша мол инвестиция тарту. Ел экономикасын дамытуды жаңа сапалық деңгейге көтеру», деді ол сөзінде. Қазақстанда бұл жекешелендіру тізіміне 800-ге тарта компания кіріп отыр. Оның ішінде негізгі 215 компания «Самұрық-Қазына» қорының активтері болып табылады.
Осы сессияға қатысушы отандық және шет ел инвестициялық компаниялары өкілдерінің алдында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активі болып табылатын мемлекеттік компанияларды жекешелендірудің ауқымы мен тәртібі туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активтерін оңтайландыру бойынша басқарушы директоры Берік Бисенғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша Қордың жекешелендіру нысандары Астана мен Алматы қалаларында, Қазақстанның 14 өңірінде және 19 шет мемлекетте орналасқан. Қор еліміздің ең ірі 6 ұлттық компаниясының акцияларын жариялы түрде сатылымға шығарады. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» ҰК», «Қазақстан темір жолы» ҰК», «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК», «Қазпошта» акционерлік қоғамы кіреді. Баяндамашының айтуы бойынша, жекешелендірудің №1 тізіміне қордың 48 ірі компаниясы, №2 тізімге қор компаниялар тобының 167 активі кіріп отырған көрінеді. Ірі компаниялар активтері IPO/SPO тәртібі бойынша жекешелендіріледі.
Жекешелендіру тәртібі бойынша жаңа меншік иелері сатып алған кәсіпорындардың негізгі қызметтерін сақтауға міндетті. Активтер тәуелсіз кеңесшілер ұсыныстары бойынша қазақстандық немесе шет ел инвесторларына тікелей сатылуы мүмкін. Инвесторлар инвестиция келісімшартында көрсетілген жұмыс орындарын сақтауға, инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға, технология трансфертін орындауға және компанияға одан әрі инвестиция тартуды жалғастыруға міндетті.
Сессия барысында спикерлер атап көрсеткендей, Қазақстандағы бұл жекешелендіру ел экономикасының болашағында шешуші рөл атқаратын ерекше жауапты кезең болуы тиіс. Жекешелендіру науқаны алдағы уақытта ел экономикасын дамытудың жетекші драйверіне айналуға тиіс.
Жасыл экономика жарылқайды
Форум шеңберінде өткен маңызды панельдік сессияның бірқатары жасыл экономика тақырыбына арналды. Мәселен, «Астана» халықаралық қаржы орталығының ұйымдастыруымен өткен сессиялар «Жасыл қаржыландыру және инвестициялар», «Қазақстанның жасыл қаржы жүйесі дамуының моделі мен жол картасы» деп аталса, Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігі, сондай-ақ, Еуропа Қайта құру және даму банкі ұйымдастырған шара «Климат мәселесіндегі саясат және Қазақстанда қаржыны жоспарлау үшін оның салдары» деген тақырыпты арқау етті. Ал «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ жетекшілік еткен жиын «Жасыл экономикаға көшу жағдайында реттеуші әсерді сараптау институтын дамытудың басымдықтары» тақырыбында өрбіді. Онда әлемдік жасыл экономиканың даму қарқындары мен үдерістері жайына кеңінен әңгіме болды. Сарапшылар кәсіпкерлік қызметті реттеудің қолданыстағы тетіктерін жетілдіре отырып, жасыл экономикаға ауысуға байланысты сын-қатерлерді шешудің жолдарын іздеп, жасыл экономикаға ауысу саясаты шеңберінде кәсіпкерлерге қатысты мемлекет саясатын анықтау туралы пікірлер айтылды. Сессия отырыстарында жасыл қаржыны енгізудің әлемдік тәжірибелері талқыланып, Париж келісімін іске асыруды қолдау үшін Қазақстанның қаржы секторының әлеуетіне шолу жасалды.
Сарапшылардың пікірінше, жаһанды жаппай жасыл экономикаға көшіру оңай шаруа емес. Оған қажет қаржының да көлемі аз емес екен. Мысалы, 2030 жылға дейін бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін 19 трлн доллар қаржы керек. Бұл анықталған нақты 103 бағыт бойынша жұмыстарды жүзеге асыруға жұмсалмақ. Әрине, бұл − әлемдік деңгейде атқарылатын шаруаның жайы. Ал Қазақстанда қазіргі күні жасыл экономикаға айрықша бетбұрыс байқалады. Мұны пікірсайысқа қатысқан шетелдік қонақтар да айрықша атап өтті. Оның бір сарасы әлем көз тіккен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар дер едік.
Инвестицияға икемді ел
Астана экономикалық форумы аясында Қазақстанның инвестициялық саясаты егжей-тегжейлі ортаға салынып, «инвестициялық саясатқа екінші шолу» бағдарламасы таныстырылды. Құжат елдегі бизнес-ортаны жақсартуға бағытталған.
Еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсарту мәселелеріне арналған сессия барысында, сондай-ақ, Қазақстанның ЭЫДҰ Халықаралық инвестициялар және көп ұлтты кәсіпорындар туралы декларациясына қосылғаны хабарланды. Осылайша еліміз әлемнің 48-ші мемлекеті болып, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі ашық орта қалыптастыруға ниетті екенін жариялады.
Сессия жұмысына қатысқан еліміздің Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров сарапшылар тобының екінші шолуды дайындау кезіндегі айрықша үлесін атап өтіп, олардың қажырлы еңбектері үшін, сондай-ақ Қазақстанға көрсеткен ерекше қолдауы үшін алғыс айтты. «Инвестиция үшін бәсекелестік ешқашан тоқтамайды, біздің міндет осы «күресте» әрқашан да алда болу. Сондықтан, біз аталған ұсыныстарды жоғары бағалаймыз және оны сапалы енгізу Қазақстан экономикасын нығайту процесінде өте маңызды. Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсартуға қосқан үлестеріңіз бен пайдалы ұсыныстарыңыз және жемісті еңбектеріңіз үшін ЭЫДҰ Хатшылығына және әріптестерге алғыс білдіремін», деді Е.Хаиров.
Қазақстан соңғы 5 жылда ЭЫДҰ сарапшыларымен бірге елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Әкімшілік кедергілер жойылып, инвесторларды ынталандырудың тың шаралары енгізілді. Азаматтары Қазақстанға визасыз келіп-кететін елдердің тізімі кеңейтілді. Биыл 1 қаңтардан бастап ондай елдердің саны 56-ға жетті. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күштерін тарту жағдайы жетілдіріліп, Жоғарғы Сот жанынан инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған сот алқасы құрылды. Азаматтық қоғам мен инвесторлар арасында кері байланыс орнату мақсатында бизнесті енгізуге жауапты Ұлттық байланыс орталығы ірге көтерді.
ЭЫДҰ ұсыныстарына сәйкес, Бүкіләлемдік банкпен бірге Инвестиция тарту жөніндегі ұлттық стратегия әзірленді. Стратегия ЭЫДҰ жаңа ұсыныс пакеттеріне сәйкес, инвестиция тартудың және инвестициялық ахуалды жақсартудың нақты механизмдерін анықтайды. «Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жұмыстар мұнымен тоқтамайды. Біз Қазақстанның инвестициялық ахуалын ЭЫДҰ-ға мүше елдердің алдыңғы қатарлы стандарттарына сәйкестендіру үшін барлық күш-жігерімізді саламыз», деді вице-министр.
Қолма-қол ақша азаяды
Астана экономикалық форумы аясында Mactercard халықаралық төлем жүйесі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстанда инновациялық төлем технологияларын енгізу мен қолма-қол ақшасыз экономиканы дамыту бойынша ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Меморандумға Mactercard-тың Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армениядағы басшысы Алексей Малиновский мен АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов қол қойды. Серіктестер қаржы орталығының инновациялық инфрақұрылымын дамытуды, оның ішінде заманауи төлем технологияларын белсенді пайдаланбақ. Меморандумға қол қою рәсімі Астана экономикалық форумы аясында өткен технологиялардың қаржы орталықтарының дамуына әсер етуі туралы сессиядан кейін жасалды.
«Заманауи төлем технологияларының кең таралуы кәсіпкерлер, қаржылық ұйымдар мен мемлекет үшін жаңа мүмкіндіктер бермек. Mactercard ұсынатын шешімдер әртүрлі салаларда, мәселен, қала мен аймақты басқару, көлік, қызмет көрсету саласы, туристік бизнес, білім саласында пайдаланылады. Mactercard пен АХҚО арасындағы серіктестік Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз экономиканың дамуындағы маңызды қадам болмақ», деді Mactercard-тың Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армениядағы басшысы А.Малиновский.
Ал өз кезегінде АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов бұл ынтымақтастықты қолдайтындықтарын, себебі сол арқылы қаржы орталығының резиденттеріне технологиялық және тиімді орта құру бойынша сараптама мен халықаралық тәжірибеге қол жеткізе алатындарын атап өтті. Бұл АХҚО-ның сәтті дамуына әсер етеді және Қазақстан бойынша болашақтың ақылды қалаларының инновациялық инфрақұрылымының алаңқайы ете алады. Серіктестіктің маңызды бөлігі қаржы қызметінің қолжетімді болуын қамтамасыз ететін біріккен жұмыс болып отыр, ол өз кезегінде әлеуметтің қаржылық сауаттылығының өзегі болмақ.
Астана экономикалық форумы аясындағы ауқымды жұмыстар – дөңгелек үстелдер мен панельдік сессиялар, халықаралық шаралар бүгін де жалғасын таппақ.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»