Парламент • 16 Маусым, 2017

Сенат Үкіметтің есебін тыңдады

96 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Сенатының жалпы отырысында дауысқа салынған төрт заң жобасының үшеуі қабылданып, біреуі Мәжіліске қайта жіберілді. Отырыста қызу талқыға түскен мәселе - "Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері жөніндегі" құжат болды.

Сенат Үкіметтің есебін тыңдады

«Есепті жылы бюджет кі­ріс­терінің көлемі ұлғайып, көрсеткіш 109,1 пайызға артығымен орындалды. Шығыстар 98,3 пайыз игеріліп, 8 трлн 501 млрд тең­геге атқарылды. Ал әлеуметтік салаға 4 трлн теңгеге жуық қара­жат бөлінген болса, бұл жалпы шығыстардың жартысы. Олар­дың ішкі жалпы өнімдегі үлесі был­тырғы жылы 7,2 пайызға жетті. Сол сияқты бюджет тапшылығы 741 млрд теңгені құрады. Бұл жос­пардан 161 млрд теңгеге төмен»,  деді Үкімет атынан 2016 жыл­ғы республикалық бюджеттің ат­қарылуы туралы есепті таныс­тыр­ған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Оның айтуынша, 2016 жылғы бюджеттің атқарылуының басты сипаттары – сыртқы теріс факторлар мен экономикамыздағы қиыншылықтарға қарамастан, әлеуметтік және экономикалық өсуге қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Ал бұл мақсаттар «Нұрлы жол» және басқа да мемлекеттік  бағдарламалардың, дағдарысқа қарсы қосымша жедел шаралардың орындалуының ар­қасында іске асқан. Сол себептен де алдағы уақытта шығыс­тар­ды қаржыландырудағы кепіл­ден­дірілген трансферттің үлесі 2020 жылы біртіндеп 2 трлн теңгеге дейін азаятын болады.
Сондай-ақ, министр өз баян­дамасында салықтық әкімші­лендіруді жақсарту барысында екі маңызды мәселені шешу қажеттігін атады. Оның бір қыры – бизнеске қолайлы жағдай туғызу болса, екіншісі – мемлекеттік бюд­жет кірістерін ұлғайту. Көрші елдермен де кедендік ста­тис­ти­каның алшақтығын жою мақ­сатында жұмыстар жүрг­ізілуде. Сонымен қатар, импорт­тық тауарлардың барлық түрле­ріне таңбалауды енгізу ісі де іл­герілеуде. Бүгінде осы мәселе туралы жаңа келісімнің жобасы Еуразиялық экономикалық ко­миссиясында талқылануда, таң­балауға жататын тауарлардың тізімі комиссияның кеңесімен бекі­тіледі деп күтілуде.
«Бұдан басқа, Қылмыстық кодекске ізгілендіру  аясында тиіс­ті өзгерістер дайындалды. Бұл өзгерістер мемлекет мүддесін қор­ғай отырып, экономика саласын қылмыстан арылтуға бағытталған. Салықтық бақылауда да бизнес­тің іс-әрекетіне аралас­пау прин­ци­пін қолданатын боламыз. Осы айтылған шаралар бюджет кіріс­терінің өсуіне, көлеңкелі эко­но­ми­каның азаюына, салық әкім­шілендірудің жақсаруына кө­мектеседі деп сенеміз», деді Б.Сұл­танов.
Есепті талқылау барысын­да бюджет қаражатының игерілмеу сапа­сының өсуі, тиімсіз пайдалануы да сөз болды. Айталық, өткен жылы 268 млрд теңге шама­сындағы қаражат тиімсіз жұмсал­ған. Бұл 2015 жылмен салыс­тыр­ғанда екі есеге аз. Сондықтан да бюджет шығыстарының тиім­ділігін түбегейлі арттыру үшін біраз жұмыстар атқару жоспарла­нып жатқан көрінеді.
Біріншіден, квазимемлекеттік субъектілердің бюджетпен қа­рым-қатынасы. Соңғы жылдары осы субъектілерге берілген жар­ғылық капиталдың сомасы ұл­ғайып, негізгі сомалар үш ұлт­тық холдинг арқылы экономиканы  әртараптандыруға берілгені белгілі. Осыған байланысты өз ойын білдірген Бақыт Сұлтанов жоғарыда көрсетілген қаражатты азайту керек деген ұсыныстар да айтылғанын атап өтті. Ол үшін жоспарлау әдісін өзгертіп, бюджетке қаржы-экономикалық негіздемеде көрсетілген соманың бәрін бірден жоспарламай, кезең-кезеңімен қарастырылуы қажет екен.
Отырыста Қаржы министрінен кейін Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов пен Есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков сөз алып, өткен жылғы бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептерін баяндады. Ал талқылау барысында депутаттар айтқан ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, Есеп комитетінің  2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бойынша қосымша баяндама әзірлеу жөнінде шешім қабылданды. Сөйтіп, Парламент палаталарының бірлескен отырысында қосымша баяндама жасау Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Ершовқа тапсырылды.
Сенат депутаттары Мәжілісте мақұлданған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Қыр­ғыз Республикасының Үкі­меті арасындағы еуразиялық эко­но­микалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.
Құжатты таныстырған Ұлт­тық экономика министрі Тимур Сүлейменов келісімге 2016 жыл­дың 26 желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында қол қойылғанын атап өтіп, Қыр­ғызстанның  Еуразиялық эконо­микалық одақ аясындағы интеграция жағдайы үшін 100 млн АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек көрсету көзделетіндігін жеткізді. 
Министрдің айтуынша, бұл қаражат Қырғыз Республи­касы­ның аумағында аталған елдің ЕАЭО шеңберіндегі «жол карта­сы» аясында жобаларды жү­зе­ге асыруға жұмсалатын көрі­не­ді. Яғни, бұл көмек қыр­ғыз учас­ке­сіндегі кедендік инфра­құ­ры­лымды жақсартуға, Қыр­ғыз Рес­пуб­ликасының санита­риялық, вете­ри­нариялық, фито­са­нитариялық жүйелерін Еура­зиялық экономикалық одақ тарапына сәйкес келтіру үшін беріледі деп нақтыланған.
Депутаттардың талқылауынан өтіп, қабылданған құжаттың келесі бірі – «Прокуратура туралы» заң жобасы болды. Прокурордың өкілеттіктері (құқықтары мен міндеттері), оның жауапкершілігі нақты жазылған заң жобасын таныстырған Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов прокурорлардың тексерістер тағайындауы үшін негіздер мен олардың талап қоюымен сотқа жүгіну негіздері тиянақталғанын алға тартты. «Қадағалаудың үш нысаны бар: заңды күшіне енген құқықтық актілерді тексеру, талдау, бағалау көзделеді. Сонымен қатар, прокурордың құқықтық актілер жүйесі түзетіліп, нақтыланды және қадағалаудың «алдын ала ескерту» және «ұйғарым» сияқты актілері алынып тасталды», деді М.Ахметжанов.
Аталған заң жобасына қатысты қосымша баяндама жасаған Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Дулат Құсдәулетов құжаттағы «заңға түсіндірме беру» деген прокурорлық ден қою актісінің мазмұны өзгертілгеніне тоқталып өтті. «Осы құқықтық акт қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында, сондай-ақ, дайындалып жатқан құқыққа қарсы іс-әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде енгізіледі. Сонымен қатар, наразылық білдіруге жатпайтын құқықтық актілердің түрлері айқындалды және про­курорлық қадағалау актілерін қабыл­даудың негіздері мен сал­дар­лары белгіленді. Сондықтан да қадағалау (ден қою) актілерін мәж­бүрлеп орындату сот тәртібімен ғана жүзеге асырылатын болады», деді Сенат депутаты.
Отырыс барысында Мә­жі­лісте мақұлданған «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заң­намалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын депутаттарға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов таныстырды. Ал Төраға  Қ.Тоқаевтың дауысқа салу нәтижесімен Сенат Регламентінің 58-тармағына сәйкес шығарылған қаулы негізінде  заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.
Жалпы отырыс аясында Мәжіліске қайта жіберілген құжат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Аталған құжат жөнінде Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай баяндама жасап, заңның әлі де болса жетілдірілуі тиіс тұстары бар екендігін айтты және Мәжіліске кері қайта­ры­латындығын мәлімдеді.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»