16 Маусым, 2017

Жансүгіровтің төлқұжаты

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіровтің музей-үйі биыл екі құ­жатпен толығыпты. Оның бірі – жа­зушының төлқұжаты, екіншісі – атылар алдында түскен қылмыстық іс жөніндегі тігіндіге бекітілген суреті. Алдынан, жанынан (профиль және анфас) түсірілген бұл сурет – түпнұсқа болғаны үшін құнды. Сонау 1938 жылдан бері НКВД-да, кейіндеу Ішкі істер департаментіне өткізілген сурет биыл ғана көпшілік назарына ұсынылып, музейге қойылған. 

Жансүгіровтің төлқұжаты

Суретпен қатар қойылған төлқұжат та – түпнұсқа. НКВД-да сақталып, 80-жылдардан кейін Ішкі істер департаментіне өткізілген паспорттың мұқабасында Кеңес өкіметінің елтаңбасы және алты тілде жазылған паспорт деген жазу бар. Келесі бетінде паспорттың 1941 жылдың 11 шілдесіне дейін жарамды екені, ақынның аты-жөні (Джансугуров Ильяс), туған жылы (1894), туған жері  (аул №4, Ақсу ауданы, Алматы облысы), ұлты (қазақ), әлеуметтік жағдайы (қызметкер), тұрғылықты жері (Алма-Ата) жайлы орыс­ша мағлұмат берілген. Әскерге мін­детті емес екені жайлы да жазылған. АЕ№503124 нөмірлі төлқұжат. 
Бір қызығы, паспорттың 3-ші бетінде паспорт иесінің отбасы туралы да мәлі­мет берілген. Үлкен ұлы Азат, қыз­дары Үміт пен Ильфа туған жылдарымен жа­зылған. Ақынның жұбайы және ұлы Саят туралы мәлімет жоқ. Музей қыз­мет­керлерінің айтуынша, себебі, әлі анық­­талмаған. Ең соңғы бетте Ілиястың тұрғылықты жері туралы толық мәлімет берілген. 
Төлқұжат 31 беттен тұрады. 1936 жылы 11 шілде күні берілген. Ол кездің заңы бойынша бес жылда бір ауыстырып тұратын құжатын жаңалауға үлгермепті. Үлгертпепті. Ақынның соңғы ұстаған құжаты ретінде бұл паспорттың маңызы зор. Ілиястың қолының табы қалған, жан қалтасынан тастамай жүрген жеке басын куәландыратын құжат арпалысты ғұмырдың соңғы ышқынысы сияқты әсер етеді.
Құжаттың қапталында  ат арып – тулақ, ер арып – аруақ болған сұрқай жыл­дардың бір естелігіндей болып қатты азап­талған ақынның ақтық суреті қарап тұр...

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы