Ал қайталанбас ғажайып сәтті фотошежіремізге сыйға тартқан байырғы қызылордалық фототілші Болат Омарәлиев: «1982 жылы Тұрмағанбет ақынның 100 жылдық мерейтойына қазақтың бетке ұстар барша зиялылары жиналды. Тұрмағанбет Ізтілеуовтің ғасырлық тойында екі кісі елеусіздеу жерде отыр екен. Болмыстары бөлек адамдарды суретке түсіріп алдым. Олардың отырысы маған бөлекше көрінді. Кімдердің ұрпағы екенін 10 жылдан кейін ғана білдім», дейді.
«Кейін менің білгенім, Әлімқұл – Жамбылдың ортаншы ұлы Тоққұлдың баласы екен. 1927 жылы Әлімқұлдың алты айлығында Тоққұл қайтыс болады да, ол әкеден жетім қалған. Содан Жамбылдың інісі Сатыш бауырына салып өсірген көрінеді. Жасынан Жамбыл атасының жанында жүріп, тәлім-тәрбие алады. Атасының талай жырын жатқа айтып ержетеді», деп фототілші суретке ілеспе жолдар жазыпты.
Жыр алыбы Жамбылдың немересі, Қазақстанның халық ақыны, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет Белгісі» орденінің иегері, Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Әлімқұл Жамбылов 2015 жылдың 14 қарашасында 88 жасында дүниеден озғаны баршамызға аян.
Жамбылдың жалғасындай болған Әлімқұл атамыз қазақтың ақпа-төкпе ақындық дәстүрін қаймағын бұзбай жалғастырушылардың бірі болғанына тірі күнінде куә болдық.
Ал Ахат Шәкәрімұлы 1900 жылы дүниеге келіп, 84 жасында қайтыс болды. Бұл суретке түскенде Ахат ақсақал 82 жаста екен. Заманында Шәкәрімнің барлық балалары, немерелері қамауға алынып, жазықсыз жапа шегеді. Түрмедегі ауыр азап, қорлыққа шыдамаған Гафур, Баязит өзіне өзі қол жұмсап қайтыс болады. Қабыш таяқ пен аштықтың азабынан Шыңғыстау мен екі ортада жолда өледі. Зият Қытайға өтіп кеткенмен құрығы ұзын қиянатшылдардан құтыла алмай, қайғылы қазаға ұшырайды. Түрмеде жатқан Ахат әкесінің қаза болғанын естіп, бір уыс топырақ сала алмай қайғының уын ішеді.
Асылдың тұяғы 1958 жылы 29 қазанда Шәкәрім ақын ақталғанда 30 жыл құдықта жатып қалған әкесінің сүйегін қазып, түгендеп жинап,қайта арулап ұлы ұстазы Абайдың зиратының жанына жерлейді.
Орайы келіп тұрғанда Шәкәрімнің әншілік мұрасының жиналып, зерттелуіне көп еңбек сіңірген өз баласы Ахат Құдайбердиев болғанын айту парыз. Ерен жұмыстың арқасында Шәкәрімнің әндері 1989 жылы «Аманат» атты музыкалық-этнографиялық жинақ болып жарыққа шықты. Бұл басылым Шәкәрім әндерінің ғылыми-зерттелуіне жол ашты.
Міне, бір суретте екі алып тұлғаның тұяғының ізі осындай.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген
Болат ОМАРӘЛИЕВ