Аймақтар • 17 Маусым, 2017

Бюджет қаражаттарын желге ұшырды

147 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында кәсіптік білім беру жүйелерінде бюджет қаражаты есебінен мамандар әзірлеу кезінде еңбек нарығының осы ерекшеліктері ескерілмей келеді.

Бюджет қаражаттарын желге ұшырды

Айталық 2014-2015 жылдары өңірдегі колледждерді мемлекеттік тапсырыс бойынша 6981 оқушы-студент аяқтап, кәсіптік білім алып шығыпты. Олардың тек 3909-ы ғана кәсіптік техникалық оқу орнында алған мамандықтарына сәйкес қызметке орналасқан. 2238-і колледждерде алған білімдерін пайдаға асыра алмай, өз еріктерімен басқа мамандықтар бойынша қызметке кірген. Сондай-ақ осы аалықта 834 түлек мүлдем жұмысқа тұра алмай, әрі «сайда сандарын, құмда іздерін» білдірмей, жым-жылас жоғалған. Бұның өзі мақсатты түрде мемлекет қаржысына оқытылған мамандардың 40-45 пайызы өз еріктерімен жұмыс іздеуге мәжбүр болғанын көрсетеді. Тіпті аймақтағы кейбір колледждерде алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алмаған түлектердің саны 64 пайызға дейін жеткені көңілге тіптен қонымсыз атап айтқанда осындай жағдай Ембі қызмет көрсету саласы колледжінде орын алыпты. Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы жүргізген мемлекеттік аудит тексерулері нәтижесінде облыс орталығындағы өндірістік кәсіпорындар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден 2014-2015 жылдары колледж түлектеріне жүздеген сұраныстар түскенін айғақтайды. Алайда бұл сұраныстар тек сол айтылған, жолданған күйінде қалып қойыпты. Өйткені бюджет қаражатына кәсіби мамандық алып шыққан түлектердің бірде-бірі аталған мекеме, кәсіпорындарға жұмысқа қабылданбапты.

-Біз бұдан Ақтөбе қаласында орналасқан мекеме кәсіпорын басшыларының ұсыныстары тек колледжде оқитын оқушылар санын жасанды түрде көбейту мақсатында ғана жасалғанына көз жеткізе аламыз. Соның салдарынан 112,6 миллион тенге бюджет қаражаты тиімсіз түрде жұмсалған деді бұл тұрғыда «Egemen.kz» тілшісіне Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлы.

Темір Құсайын