Кеңес мүшелері мен ғылыми-сараптамалық топтар, Ассамблея кафедраларының жетекшілері, мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысқан жиынға ҚХА Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай жетекшілік етіп, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттердің мән-жайы жан-жақты қарастырылды.
Ғылыми-сараптамалық кеңестің елу мүшесі қатысқан басқосуда ҚХА қызметін рухани жаңғырту бойынша ғылыми-сараптамалық тұрғыда сүйемелдеудің тұжырымдамалық және әдіснамалық мәселелері қаралып, Ассамблея кафедраларының жұмыс тәжірибесі мен өзекті міндеттері нақтыланды әрі өткен жылғы ғылыми-зерттеулердің қорытындылары зерделенді.
Сонымен қатар, жиында талқыланған ең маңызды мәселенің бірі – ҒСК-нің келешек жұмыс жоспарына Елбасы мақаласында екшеп көрсетілген бағыттар бойынша бірқатар түзетулер енгізу жөніндегі шешімнің қабылдануы болды.
«Мемлекет басшысы жариялаған мақала шеңберінде елімізде қызу қолға алынып жатқан «Туған жер» бағдарламасын Қазақстан халқы Ассамблеясы толық қолдайды әрі оның жобаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысатын болады. Сондай-ақ, қоғамдық сананы жаңғырту бағытындағы жұмыстарда басымдық берілуі тиіс тетіктер – азаматтардың тең құқының сақталуы мен халықтың наным-сенім, салт-дәстүрі және ұлттық құндылықтарының дәріптелуіне селкеу түспеуін қамтамасыз ету болып табылады. Осы орайда, қоғам тынысының барометрі саналатын бүгінгі жастарға түрлі қолдаулар білдіре отырып, олардың бүгінгі қоғамға еркін сіңісіп, жедел бейімделіп кетуіне барынша жағдайлар жасалуы тиіс», деді Д.Мыңбай.
Жиында жастар арасында қоғамдық сананы жаңғырту бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының тәжірибесі мен мақсат-міндеттері де кеңінен сөз болды. Аталған тақырыпта ҚХА Төрағасының орынбасары Сергей Вишняк, Ғылыми-сараптамалық кеңес мүшесі, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі ҚХА кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная секілді сала мамандары сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Ал Ақмола облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ғылыми-сараптамалық кеңес мүшесі Ғосман Төлеғұл Мемлекет басшысының мақаласы жарқын болашаққа жетелейтін басты құжат екендігін атап өтті.
«Қоғамдық саяси жағдайдың тұрақталуы мен ел ішіндегі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің тиімді шешілуінде «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы біздің басты құжатымызға айналып отыр. Тіпті, осы күндері әлемді алаңдатып отырған экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бағытындағы жоспар-жобаларды атап көрсету арқылы мақаланың мазмұны Ғылыми-сараптамалық кеңес жұмысын ширата түскендей. Бұл сондай мән-мазмұнымен құнды әрі сонысы үшін көпшіліктің көңілінен шығуда. Ал енді бүгінгідей басқосулар арқылы біздің алдағы мақсат-міндетіміз айқындалып, оны жүзеге асыру мерзімдері межеленетін болады», деді ол.
Отырыста қоғамдық сананы жаңғырту процестерін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеудің тұжырымдамалық және әдістемелік тәсілдері талқыланып, Ғылыми-сараптамалық кеңес құрылымына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі де күн тәртібіне шығарылды. Сондай-ақ, қазақстандық бірегейлікті нығайту мен дамытудың тарихы, құқықтық және саяси аспектілері бойынша ғылыми-сараптамалық жинақты баспаға ұсыну туралы оң шешім қабылданды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»