Көрме аясында ауқымды мәдени-іскерлік бағдарламалар жүзеге асты. Танымал мәдениет қайраткерлерімен, ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырылды. Этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламалары да көрермен тарапынан ілтипатқа ие болды.
Көрменің алғашқы күнінде кинотанушы Нәзира Рахманқызының «Қазақ киносы: кеше және бүгін» кітабының, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбековтің «Қазақстан тарихы», Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қойшығара Салғараұлының «Түріктер», Виннипег университетінің профессоры Франк Альбоның (Канада) «Астана: архитектура, мифы, предназначение» кітаптарының тұсаукесері өткізілсе, одан кейінгі күндерде де тұсаукесерлер, кездесулер, форумдар мен шеберлік сыныптары сәтімен жалғасты.
Жұртшылықтың рухани әлемін байытып, білімін еселеп арттыратын көрме-жәрмеңкеде әсіресе өзіміздің қазақ ақын-жазушыларымен кездесулер, олардың кітаптарының тұсаукесер шаралары «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы жақсы насихатталды. Мысалы, ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Періште қыз» кітабының, моңғолиялық қазақ ақыны Сұраған Рахметұлының «Оспан-Чойболсан» кітабының, ақын Дәулеткерей Кәпұлының «Терісбұрау» кітабының, ақын Маржан Ершудің «Дина» кітабының тұсаукесеріне оқырмандар молынан жиылды. Сондай-ақ, испан ақыны Хусто Хорхе Падронның қазақ тіліне аударылған «Тозақ шеңберлері» кітабының (аударған – ақын Танакөз Толқынқызы) таныстырылымы автордың өзінің қатысуымен ұйымдастырылды. Жалпы, ақын-жазушылармен кездесулерге, олардың кітаптарының таныстырылымына басымдық беріп отырған себебіміз – биыл алғаш рет ақын-жазушылар қауымы Голливуд жұлдыздары сынды қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Көрме-жәрмеңкеде қаламгерлерге солайша құрмет көрсетілді.
Кітап көрме-жәрмеңкесінің аясында Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) ұйымдастырған «Рухани жаңғырудың өзекті мәселесі: түркі сөздіктері мен тілтанымдық зерттеулер» атты ғылыми-практикалық семинарының да маңызы жоғары болды.
Семинарда бір топ ғалымдар түркі әлеміндегі белгілі тұлғалардың шығармашылығы арқау болған баяндамалар жасады. Мысалы, түркітанушы ғалым Әжібай Керімұлы «Әйгілі түрколог Әмір Нәжіптің түркі сөздігін жасаудағы тұжырымдары» деген тақырыпта баяндама жасаса, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек «Ортақ латын әліпбиі – рухани еркіндіктің рәмізі» атты баяндамасын көпшілікке ұсынды. Ал, белгілі филолог ғалым, профессор Әлімхан Жүнісбек «Латын әліпбиін жаңғыртудың өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, латын әліпбиіне оралудың күн тәртібіндегі келелі мәселелерін қозғады. Сондай-ақ, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, профессор Әділ Ахметовтің «Академик Әбдуәли Қайдардың тілтанымдық зерттеулерінің құндылығы» атты баяндамасы академик мұрасының түркология ғылымындағы маңызын көрсетті.
Жиын барысында TWESCO тарапынан әзірленген жаңа ғылыми еңбектер таныстырылды. Атап айтқанда, әйгілі түрколог Әмір Нәжіптің «ХІV ғасыр түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы сөздігі. Құтыптың Құсрау-Шырын еңбегі негізінде» атты төрт томдығының, академик Әбдуәли Қайдардың «Ұйғыр тілі лексикасының дамуы» атты екі томдық ғылыми еңбегінің, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің «Көне Түрк жазба ескерткіштері» кітабының, Әлімхан Жүнісбектің «Түркі ортақ латын әліпбиі» монографиясының, сондай-ақ, моңғол тілінде жарияланған «Махамбеттің жырлары» (моңғол тіліне аударған – ақын Жүкел Хамай) кітабының тұсауы кесілді.
Жалпы алғанда ақын-жазушылардың, тарихшылар мен түркологтардың кітаптарынан бөлек, белгілі саясаттанушылардың, қоғамтанушылардың, жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғалымдардың кітаптарының таныстырылымдары сәтті ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы биыл екінші рет ұйымдастырған «Eurasian Book Fair – 2017» кітап көрме-жәрмеңкесінде түрлі саладағы кітаптарға байқау жарияланған болатын. «Үздік оқу кітабы» аталымы бойынша жоғарыда аталған, Түркі академиясы шығарған Әмір Нәжіптің төрт томдық сөздігі көрме-жәрмеңкенің бас жүлдесіне, яғни, Гран-при дипломына ие болды.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»