Парламенттік сайлаудың екінші турының қорытындысы бойынша, «Алға, республика!» партиясы өзінің одақтасы «Демократиялық қозғалыс» партиясымен бірге елдің төменгі палатасындағы 577 орынның 300-іне отыру құқығына ие болды.
Саясаткерлер, дегенмен, Макронның партиясы бұдан да жақсы көрсеткішке жетеді деп болжаған еді. Қалай болғанда да, президент партиясы парламентте айтарлықтай рөлге ие болып, Макронның бизнес реформаларын жүргізуіне жағдай жасамақ.
Халықтың сайлауға қатысу деңгейі 2012 жылғы көрсеткіштен анағұрлым аз болды. Макрон партиясының сайлаудың бірінші турында айқын басымдықпен жеңгеннен кейін оны жақтаушылар да, оған қарсы халық та сайлауға келмей қойғанға ұқсайды. Ле Пеннің пікірінше, сайлауға халықтың аз жиналуы елдің сайлау жүйесіне реформа жасаудың қажеттілігін көрсетеді.
Ел премьер-министрі Эдуар Филипп сайлаушылар санының мардымсыздығын айта отырып, оның партиясы барша француз жұрты үшін таңдау жасайтынын мәлімдеді.
Консервативті «Республикашылар» партиясы мен оның одақтастары сайлау қорытындысы бойынша ең ірі оппозициялық блок құра алады. Олар парламенттің төменгі палатасының 125-тен 131-ге дейінгі орнына иелік етпек. Дегенмен, бұл осыған дейінгі парламенттегі оппозициялық блоктың санынан анағұрлым аз. Ол кезде оппозиция өкілдері заң шығарушы орғанның 200 мандатына иелік еткен еді.
Соңғы бес жылда ел билігінде болған социалистер бар болғаны 41-ден 49 мандатқа дейін ала алмақ. Бұл партия тарихындағы ең аз көрсеткіш.
Ал президенттік сайлауда Макронның басты бәсекелесі болған Марин Ле Пен ел билігіне таласта жеңіске жетпегенімен, парламенттік сайлауда айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Оның «Ұлттық фронт» партиясы алғаш рет төменгі палатаға сайланып, төрттен сегіз мандатқа дейін иелік ете алатын болды.
Естеріңізде болса, 2016 жылдың сәуір айында Макрон «Алға, республика!» партиясын құрған еді. Партия құрамының жартысына жуығы саяси аренада тәжірибесіз. Президенттік сайлауда да Макронның жеңісіне күмәнмен қарағандар оның үлкен саясаттағы тәжірибесіздігі мен оның парламент қабырғасында қолдаушысының жоқтығын алға тартқан еді.
Бұл сайлауда Франция саясатында бұрыннан келе жатқан «кәрі» партиялар халықты Макронның партиясын қолдауға үгіттеді. Сарапшылардың пікірінше, ондағы мақсат биліктің монополияланып кетуінің алдын алу.
«Алға, республика!» партиясы парламентке өмірдің әр түрлі саласындағы азаматтарды ұсынып отыр. Олардың арасында тіпті зейнеткерлер мен студенттер бар. Әрине, көпшілігі үлкен саясатпен таныс емес. Үміткерлерді іріктеу жұмыстары электронды пошта арқылы келіп түскен түйіндемелер негізінде жүргізілген.
Бауыржан МҰҚАНОВ,
«Егемен Қазақстан»