Бұл сауапты істі Қостанай қаласында тұратын зейнеткер Бақыт Нұрмұхамбетованың бастамасымен және демеушілігімен жергілікті тұрғын Әділхан Едресов атқарды. Оған ауылдасы Сағындық Есментаев көмекке келді.
«Қалада тұратын қария бір күні телефон шалып, келіп кетуімді өтінді. Маған бала кезінде осы ауылда өскенін, аштан қырылған адамдар бейітін білетіндігін, соған белгі қою керектігін айтып, көмек беруімді өтінді. Мұндай сауапты істі қалай атқармайсың? Ауылдас ағамыз Сағындық екеуміз қоршайтын құбырлар, темір тауып, оны дәнекерлеп, және қойылатын белгіге бесік пен шаңышақтың бейнесін жасадық. Қолдан ұйымдастырған аштықтан талай қазақтың шаңырағы ортасына түсіп, бесігі бос қалды ғой деген ойды айтқымыз келді» дейді Әділхан.
Оқиға былай болған екен. Бақыт әжейдің бала кезінде ауыл сыртына мал қайтаруға шыққанда, әкесінің бейітіне құран оқып келуге анасымен бірге барғанда таудың басына шығамыз деп, кішкентай балалар әлгі биік боп үйіліп тұратын бейіттің басына шығып ойнайды екен. Оны көрген анасы Сара оларға үйіндінің астында аштан өлген адамдардың сүйегі жатқанын, оның үстіне шығуға болмайтынын айтып түсіндіреді. Ол кісі үйге келген соң да қызына түсіндіріп, адамдардың қалай аштан өлгенін айтып береді. Анасының сөзі 76 жастағы қарияның есінен бүгінге дейін шықпапты.
«Сол алапат жылдан бері 86 жыл өтсе де, аштан өлген адамдарды бір үйінді етіп көмген бейіт жермен тапталып кеткен жоқ, әлі дөңес болып жатыр. Әрине менің бала кезімде биік болатын. Біз де жас емеспіз, көпір аузына келіп қалдық. Әруақтар риза болсын, кейінгі балалар біліп жүрсін деген оймен осы бейітті қоршатуға бел будым, анамның өсиетіндей болып, ойымнан шықпай жүретін еді» дейді Бақыт Салыққызы әжей. Бейітті қоршап болған соң, Бақыт әжей бір қой сойып, ауыл мешітіне әкеліп, ораза ұстағандарға ауыз аштырып, аштан өлген адамдардың аруағына құран бағыштатты.
«Ауыл шетінде аштан өлген адамдарды көмген бейіттің бар екенін үлкен кісілердің барлығы да білетін. Ауылда оны көзі көргендер де ертеректе болды. 1932 жылы аш адамдар Қостанайға барса аман қалады дегенді естіп, 420 шақырым болатын Батпаққарадан (қазіргі Амангелді ауданы) жаяу-жалпылап жеткен. Осы ауылға жеткен соң әбден ашыққан балалар да, үлкендер де әйтеуір тірі қалу үшін қолдарына түскенін жеген, шөп, асқабақ, капуста жеп, іші кетіп, кейбірі уланып, ауылдың шетіне келіп өле берген. Өлгендерін олардың көмуге шамасы болмаған, бірте-бірте құрттап, сасып бара жатқан соң, қаланың басшылығы келіп, ор қаздырып, әлгі қолға ұстауға жарамаған мәйіттерді жергілікті адамдарға күрекпен, айырмен жинатып, шұңқырға тастатқан. Осыны көзкөргендер айтып отыратын. Аш адамдарды арбамен ауылдан 18 шақырым Тоз деген жерге апарып, үлкен қазанға көже қайнатып, бір-бір ожаудан беріп, аман алып қалған. Өлгендерін бір шұңқырға көме берген» дейді ауылдың құймақұлақ қарияларының бірі Жамал Оташева әжей.
Кеңес Одағы кезінде ауыл сыртындағы осы бейіт тұрған жерден ауыл зираты түскен. Бірақ осы бейітке бір белгі қою ешкімнің ойына келмепті. Сауапты істің сәті енді түскен. Бақыт әжей қаржыны балаларына да айтпай, өз зейнетақысынан жинапты.
Нәзира Жәрімбетова,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Қостанай ауданы