Мұнда либретто, музыка, хореография және сурет өнері тоғыса келіп, яғни төрт саланың бірігуінен бекзат өнердің басы құралатынын айта кетуіміз керек. Балеттің басты әрекеті – би мен пантомима десек, оған отандық мамандар да айрықша көңіл бөліп, әлемдік деңгейдегі балет труппаларымен шығармашылық байланыс орнатуға барынша мүдделі екендіктерін білдіруде. Соның бірі, міне, корейлік балет жұлдыздарының біздің елімізге сапары еліміздің мәдени өміріндегі ең айтулы оқиғаға айналды. Халықаралық фестиваль жай ғана келіп-кету үшін емес, сонымен қатар, ол сахналық тәжірибе алмасатын, ой-пікірлер түйістіретін би алаңына айналып, қаншама жаңа есімдерге жол ашады.
Әлемдік түрлі хореографиялық мектептердің өкілдерін, өзіндік стильдері мен қағидаларын таныстыру арқылы балет өнерінің шеберлері ел мен елдің, халық пен халықтың арасын жақындастыратын шығармашылық достық қарым-қатынастарды мұнан әрі дамытуға ынталы. Өнер мерекесі классикалық би өнерімен қатар заманауи би өнері стильдерін кеңінен насихаттауға жол ашпақ.
Айта кететін жайт, ұжым Начо Дуато, Раймондо Ребек, Охад Нахарин сынды шоқтығы биік қазіргі заманғы хореографтардың авторлық балеттерін ұсынды. «This is modern» кешінің бағдарламасына «Эльф», «Ақ түс», «Минус 7» атты танымал қойылымдар енген.
– Біз Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетіп отырмыз. Қазіргі таңда труппада шамамен 60 шақты әртіс бар, ал гастрольдік сапарға осылардан 35 бишіні таңдап алдық. «Астана Опера» театры көрермендеріне арналған гастрольдік репертуарға қосылған балеттерді біз жылда «Korean ballet festival» (Сеул) фестивалінде ұсынып жүрміз. Бұл шағын спектакльдерді көрермендер қатты жақсы көреді әрі асыға күтеді, сондықтан біз сол қойылымдарды сіздерге де алып келуді ұйғардық. Әлем бойынша біздің балеттің жанкүйерлері өте көп. Қазақ еліне сапарымыз да сондай жарқын сәттерге толы болды, − деп ойын ортаға салды «Universal Ballet» әртістік директорының орынбасары Тиен Рю.
Еске сала кетейік, труппа осыған дейін Жапония, Колумбия, Түркия, Қытай, ОАР, Ресей, Франция, АҚШ, Канада, Оман және Сингапур қалаларында өнер көрсетіп, әлемдік турнесін ойдағыдай тәмамдаған болатын.
Бүгінде «Universal Ballet»-тің бас директоры Джулия Мунға, көркемдік жетекшісі Брайан Ю және құрметті көркемдік жетекшісі Олег Виноградовқа көпшіліктің беріп отырған бағасы өте жоғары және мұнан кейінгі жетістіктеріне барынша сенімді. Өйткені, үштік одақ азиялық кербездік пен үйлесімділікті батыстық классикалық балеттің күші мен әсемдігімен өте сәтті қиыстыра алып отыр. Сол үшін де бұлар әлемге танымал және әріптестерінің құрметіне ие. Ұжым сонымен қатар, «Өнердегі көшбасшылық» президенттік марапатына ие болған (1999).
Әлемдік балеттің жауһары – «Аққу көлі», «Дон Кихот», «Жизель», «Баядерка», сонымен қатар, Джон Кранконың «Онегин», Уильям Форсайттың «Алтын шие піскен жер», Иржи Килианның «Алты би», «Кішкентай ажал», т.б. қазіргі заманғы үлгілерімен қатар труппа репертуарында корей фольклорының классикалық балетпен үйлескен ұлттық хореографиялық туындылары – «Шим Шон – Қиыр Шығыс аңызы» және «Чанхуанг махаббаты» бар.
Қаршыға КҮЛЕН