Парламент • 30 Маусым, 2017

Қабылданған заңдардың мемлекеттік маңызы жоғары

113 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Сенатының Төр­ағасы Қасым-Жо­март Тоқаевтың жетек­шілігімен Жоғар­ғы палатаның осы сес­сиядағы соңғы жалпы отырысы өтті. Күн тәртібіне шығарылған мәселелерді тал­қы­лаудан бұрын Сенат Төрағасы ағымдағы сессияның жұмысын қорытындылады.

Қабылданған заңдардың мемлекеттік маңызы жоғары

Сессияда ауқымды жұмыс атқарылды
Сенаттың осы сессиядағы заң жо­балары бойынша жұмыстың аяқ­тал­ғанын атап өткен Төраға қабылданған заңдардың Қа­зақ­стан қоғамы үшін тарихи тұрғыдан алғандағы маңызы ерекше екенін айтты.
«Парламент Елбасы ұсын­ған сая­си реформаларды негізге ала отырып, «Қазақ­стан Республикасының Консти­туциясына өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады. Еліміз өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жаңа дәуіріне аяқ басты. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес,  мемлекеттік билік тармақтарының өкілеттіктері нақтыланды. Президент өкілеттіктерінің бірқатары билік тармақтарына беріліп, Парламент атқарушы органдардың қызметін бақылауда жаңа өкілеттіктерге ие болды. Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігі күшейтілді. Бұл ретте, Президенттің «мемлекеттік биліктің барлық органдарының бір бағытта, бір-біріне жәрдемдесе отырып, бірін бірі толықтыра жұмыс істеу қажеттігі» жөніндегі қойған міндетіне әрдайым жіті назар аударуды орынды деп санаймын. Сессия барысында конституциялық реформаның ережелерін заңнамалық деңгейде түбегейлі бекіту бойынша тиісті заңдарға түзетулер енгізілді», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қ.Тоқаев осы сессияда Парламент палаталары 84 заң жобасын қа­был­дағанын, 10 заң жобасына Сенат өзінің түзетулерін енгізгенін және Үкі­мет пен әр деңгейдегі атқарушы орган­дарға 70-тен астам депутаттық сауал жолданғанын айтты. Сондай-ақ, Төр­аға Сенаттағы «Өңір» тобының бел­сенді жұмысын да жоғары бағалады.
«Бұл сессияда қабылданған заң­дардың және маңызды мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы мен қоғамда қызу талқылауға түскен өзекті мәселелерді терең зерделеу мақсатында 5 рет парламенттік тыңдау өткіздік. Олардың қорытындылары бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Онда көтерілген кейбір мәселелер бойынша заңнамаға тиісті түзетулер енгізілді», деген Қ.Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы Декларациясының қабыл­данғанын айрықша атап көрсетіп, палатаның қоғамдық-саяси саладағы, парламенттік дипломатиядағы қызметін де назардан тыс қалдырмады.

Көмек талапқа сай көрсетілуі тиіс 
Жалпы отырыс аясындағы тал­қы­лауда сенаторлар электр энергетикасы туралы заңнамаға түзетулерді қабылдап, бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялады. Ин­вестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің баяндауымен ең алдымен «Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану тура­лы келісім» ратификацияланды. Заң жобасын қабылдау темір жол көлігі­мен Қырғызстанға қатысты тран­зиттік жүк тасымалын құқықтық реттеуді қамтамасыз етеді.
 Сонымен қатар, Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың таныстыруымен төрт бірдей заң жобасы қаралып, қабылданды. Атап айтқанда, оның біріншісі «Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы үкіметаралық хаттама» болса, екіншісі − 2016 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғызстан  арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттамаға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы үкіметаралық хаттама.  Осы құжаттарға сәйкес, көмек Қырғызстан  тарапына: жабдықтарды, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға, құрылысқа ақша қаражатын аудару; жаңа тауарлар немесе жабдықтар беру; оқыту бойынша қызметтерді ұсыну арқылы берілуі мүмкін. Сонымен қатар, ұсынылатын көмектің нысаналы әрі тиімді пайдаланылуын бақылау мақсатында Қазақстан - Қырғызстан үкіметаралық кеңесі шеңберінде бірлескен екіжақты Ревизиялық комиссия құрылатын болады. 
Дауысқа салу нәтижесінде «Қа­зақ­стан мен Қырғызстан арасындағы Техникалық жәрдем көрсету тура­лы» хаттама бірауыздан  рати­фи­ка­­ция­ланды. Ол бойынша екі ел Үкі­­меттері арасындағы Еура­зиялық экономикалық интеграция жағ­дайында экономикалық ынтымақ­тас­тықты дамыту туралы келісімді іске асыру мақсатында Еуразиялық эконо­ми­калық одақтың сыртқы шекара­ларын бекітуге 2 483,8 миллион теңге сомасында көмектің бірінші тран­шын бөлуді көздейтін  хаттама әзір­ленді және оған қол қойылды. Естеріңізге сала кетейік, бұл көмек Қыр­ғызстан тарапына Беларусь пен Қа­зақ­стан және Ресейдің Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңісті­гіне Қырғыз Республикасының қосылуы жөніндегі «жол карталары» іс-шара­ларын қаржыландыру үшін беріледі.
Ал «2016 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаға өзгерістер енгізу туралы үкіметаралық хаттаманы  ратификациялау туралы» заң жобасы аясында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы хаттаманың 1-бабына көмек сомасын 41 038,1 мың АҚШ долларына дейін ұлғайту бөлігінде өзгеріс енгізілген.
Аталған көмек Қырғыз Респуб­ли­ка­сының ЕАЭО-ға қосылуы жөніндегі «Жол картасында» көздел­ген кеден және көліктік инфрақұрылым, тех­никалық реттеу, санитариялық-эпиде­миологиялық қадағалау, ақпараттық өзара іс-қимыл, фитосанитария және ветеринария сияқты салалардағы іс-шараларды қаржыландыру арқылы Еура­зиялық экономикалық одақтың сырт­қы шекарасын нығайтуға бағыт­талған.

Желілер заң шеңберінде бақылауға алынады
Қабылданған құжаттар қатарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды.  Аталған құжатқа орай баяндама жасаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуын­ша, заң жобасы электр энергиясын тұтынушылардың құқықтарын қор­ғауға және энергетикалық кәсіп­орын­дар көрсететін қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Және осы құжатпен он бір заңнамалық ак­тіге, оның ішінде «Салық және бюд­жетке төленетін басқа да міндетті тө­­лем­дер туралы» кодекске (Салық ко­дексі), Әкімшілік құқық бұзушылық ту­ра­лы, Жер, Су кодекстеріне, сондай-ақ, бірқатар заңдарға түзетулер енгі­зіледі. 
Сондай-ақ, заң жобасымен иесіз деп танылған электр желілерін энергия беруші ұйымдарға беру және оларды корпоративтік табыс салығынан және мүлік салығынан бір жолға босату регламенттеледі. Сонымен қатар, құжат арқылы  табиғи монополияларды реттеу және реттелетін нарықтар сала­сын­дағы уәкілетті органның энергия беретін ұйымдардың электр же­лілерін балансына немесе сенімгерлік басқаруға қабылдаған жағдайда рет­теліп көрсетілетін қызметтеріне тариф­тердің шекті деңгейін қайта қа­рау жөніндегі құзыреті белгіленеді. 
Күн тәртібіне шығарылған же­тін­ші мәселеде «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты мен Мәжіліс арасындағы келіспеу­ші­лікті еңсеру жөніндегі келісу комис­сия­сымен әзірленген түзетулер енгі­зілді. Сонымен қатар, отырыста Рес­публикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Александр Горяиновтың өз ықтиярымен отставкаға жіберу жөнінде берген өтініші қанағаттандырылды. Ал Республикалық бюджеттің атқа­ры­луын бақылау жөніндегі есеп ко­митетінің мүшесі болып Сенаттың Қар­жы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов тағайындалды.
Жиын соңында Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев бір топ депутатқа  жемісті ең­бек еткені үшін марапаттар тапсырды. Атап айтқанда, ТМД-ға мүше мемлекеттер халықтары арасындағы достықты нығайтудағы еңбегі және Парламентаралық Ассамблея мен оның органдарының қызметіне белсене қатысқаны үшін сенатор Қуаныш Айтаханов пен Сәрсенбай Еңсегенов «Содружество» орденімен марапатталды.
Парламентаралық Ассамблеяның «Парламенттік ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» медаліне Икрам Адырбеков, Серік Жақсыбеков және Людмила Полторабатько ие болса, осы және өткен шақы­ры­лымның бірқатар депутатына Пар­ламентаралық Ассамблеяның «ТМД ПАА 25 жыл» мерейтойлық медалі мен «ТМД ПАА 25 жыл» құрмет белгісі берілді.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Тоғыз жыл күткен жеңіс

Спорт • Бүгін, 11:30

Көңілден шыққан көрікті жер

Табиғат • Бүгін, 11:20

Дәрігерлер шыңы

Алматы • Бүгін, 11:10

Тау туризмі дамып келеді

Туризм • Бүгін, 11:05

Дулати дүниетанымы

Руханият • Бүгін, 10:55