Аймақтар • 03 Шілде, 2017

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында тағы да кадрлық ауыс-түйістер орын алды. Бүгін Жамбыл облыстық әкімдігінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен актив жиыны өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, Тараз қаласының әкімі, облыстық басқарма басшылары қатысты.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

Кәрім Көкірекбаев әкімдік мүшелеріне облыс әкімінің жаңа орынбасарын таныстырды. Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Абдалы Нұралиев Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты болып сайланған еді. Енді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымына осы уақытқа дейін Жамбыл ауданын басқарып келген Мәден Мұсаев келді. Алдағы уақыттарда Мәден Тоқтарбайұлы облыстың ауылшаруашылық саласына жетекшілік ететін болады.

Жамбыл облысы әкімінің 2017 жылғы «3» шілдедегі № 262-ө өкімімен  Мұсаев Мәден Тоқтарбайұлы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.                                  

Мұсаев Мәден Тоқтарбайұлы 1963 жылы туылған, білімі жоғары, 1989 жылы Алматы зоотехникалық Малдәрігерлік институтын «мал дәрігері» мамандығы, 1998 жылы Қырғыз мемлекеттік Ұлттық университетін «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Жаңа тұрмыс совхозының малдәрігері болып бастаған.

1990-1991 жылдары Путь Ленина колхозының бас малдәрігері, 1991 жылы Қордай аудандық малдәрігерлік стансасының бас малдәрігері, 1991-1992 жылдары «Ақ бұлақ» АҚ-ның аға малдәрігері, 1992-2003 жылдары «Сарыбұлақ» совхозының бас зоотехнигі, мал шарушалығы цехының бастығы, 2003-2004 жылдары «Бірлік үстем» өндірістік кооперативінің төрағасы, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің Қордай аудандық аумақтық басқармасының бастығы, 2004-2008 жылдары Шу ауданы әкімінің орынбасары, 2008-2010 жылдары Мойынқұм ауданының әкімі, 2010 жылы Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, 2010-2015 жылдары Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары, 2015 жылдан Жамбыл облысы Жамбыл ауданының әкімі қызметтерін атқарған.