Тәрбие • 06 Шілде, 2017

Салт-сана салтанаты

1208 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Менің шетелдерден жаздырып алатын журналдарымның бірі түркиялық «Қардеш қалемлердің» («Kardesh kalemler») қолыма тиген кейінгі санында біздің Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы тұтас жарияланған екен. Өз ұстанымы бар халықаралық әдеби журналдың мына мінезі ұнап қалды. Қалай ішің жылымасын? Суреттермен көркемделген журналда тілектес ағайынның ықтиятты ықыласы андағайлап, ашық аңғарылып тұр. Демек, мұның Қазақстанда басталмыш оң өзгерістерге түрік қандастарымыз да бейжай қарай алмайтынын білдіретін игі нышан болғаны. Әйтпесе, еліміздегі өтіп жатқан әрбір оқиғаға дүрбі салып немесе өзі сусын ішкен саптыаяқтың сабынан қарауыл қарап, тырнақ астынан кір іздеп отыратындар да жоқ емес.

Салт-сана салтанаты

Ағылшынның ұлы ақыны Джон Миль­тон: «Өзін өзі бас­қара алмай жүріп, өз құмар­лығының құ­лы­на айнал­ған ұлт лажсыздан басқа қо­жа­­­­йын­­­дардың құл­ды­­ғына түседі, сөйтіп, оларға өз ық­тиярынан тыс еріксіз қызмет қылатын болады» деген екен. Қанша ғасыр бұрын айтылғанмен бүгінгілер құ­лақ асатын, сақ­тан­дырған сөз. Демек, бір ел басқа елге тәуелді болмауы үшін ең алды­мен өзін өзі басқара білуі, екіншіден қана­ғатты бола білуі керек екен. «Базбір қатын бала таппайды, тапса қояр­ға жер таппайды» дегендей, тәуел­сіздікті алып алған соң оны­мен не істерін білмей, билікке тала­сып, қырықпышақ қантөгіске ұшы­ра­ған елдер де баршылық. Құдай бетін әрі қылсын. Олар­дың қасында, біздің еліміз бір­ден даңғыл жолға түсіп кетпесе де, тар жол тайғақ кешуде дұрыс бағыт таңдағанына сансыз шүкір айтуымыз керек.
Осы тұрғыдан келгенде, Ел­­ба­сының «Бола­шаққа бағ­дар: руха­ни жаңғыру» ат­ты мақаласы мем­лекеттік сая­саттың бетін ұлт­тық-рухани тамырдан нәр алуға бағыт­тап, бұра білуімен маңызды да бағалы деп айтар едім.
Мақала авторы жаһан­­дану дәуірінде өз беті­мізді жоғалт­пауымыз үшін қанымыз­дан, ділі­мізден, рухымыздан айы­рыл­мауымыз ке­рек деген ұғымды қазықтай қағып беріп отыр.
Мәдениеттану ғылымында «прогрес­сивті консерватизм» деген ұғым бар. Бұл әсте де кері­­­т­ар­палықты әспеттеу емес, ескі­нің бойын­дағы жақ­сы­лық­тың дәнін дәріптеп, топы­­­ра­ғын түптеу, көнеден кел­ген көм­бені күптеу, ежелгі ру­ха­ни қ­азы­наны құр­мет­теу. Біз­дің бағзыдан жет­кен салт-сана­мыз, әдет-ғұрпы­мыз, ұлт­тық бол­­мы­сымыз ғасыр­лар ала­са­пы­ра­ны­нан осы «про­гре­сивті кон­сер­ватизмнің» арқа­сында аман қалған.
Ұлттық код дегеніміз – бұл ата-бабадан келе жатқан ру­ха­­ни қазына, тарихи дәстүр, мә­де­ни білім, сана-сезім. Біздің «ата мұра», «мәдени мұра» деп жүргеніміздің нақ өзі. Әдет-ғұрпымыз, салт-санамыз, тари­хы­мыз, өнеріміз, ауыз әдебиетіміз, жазба әде­биетіміз бәрі қосылып келіп, ұлты­мыз­дың мәдени кодын құрайды. Бұл – ба­тыс­тың ақпараттық экс­пансиясына ұшырап отыр­ған мемлекеттің ұлт­тық қауіп­сіздігі үшін, халық­тың өз тілі мен ділінен айырылып қал­мауы, дүбәра жұртқа айнал­мауы үшін аса маңызды кілт.
Мақалада қозғалған бәсе­ке­ге қабілет­тілік, прагматизм, ұлт­тық бірегей­лікті сақ­тау, білім­­нің салтанат құруы, сана­­ның ашық­тығы туралы қадау-қадау тақы­рып­тардың әр­қа­йсысы біздің келе­шек­тегі даму жолдары­мыз­дың алғы­шарт­тарын меңзеп, белгі­леп беруімен бағалы. Соны­мен қатар, таяу жылдарда атқа­ры­луға тиісті латын әліппесіне көшу, «Туған жер» мемлекеттік бағ­­­дар­ламасын, «Заманауи қазақ­­­­­стан­дық мәдениет» жоба­сын жасау, «100 жаңа есім» жо­­­ба­­­сы арқылы ұлтымыздың мақ­­­та­­ныш­­тарын ұр­пақтарға үлгі ету, т.б. көзделген жос­пар-ниет­тердің қай-қайсысы да, қазақ деген халқымыздың су­са­­ған тамырына нәр болып құ­­йы­луға тиісті шаралар дер едім.
«Айтпаса сөздің атасы өледі». Қаріп ауыстыру жө­нін­де менің өз ойым бар. Ол ой былай туған. Сонау жы­лы Мысыр елін 20 күн аралап, күл­­ден түлеп ұш­қан Құ­май­құс­тай қай­та бой көтерген әйгілі Алек­­­­сан­дрия кі­тап­­­­ханасында бол­­­­­­ғанымда, қа­зір­­­гі заманның ар­хи­­­­тектурасымен са­лынған әсем ғи­м­а­­раттың дөде­гесінде ақ­шаң­қан мәрмәр тасқа бә­діз­­деп қашал­ған жер бетіндегі бүкіл әліпби­лер­дің үлгілерін көрдім. Шумер таңбалары, жапон, қытай, кәріс иероглифтері, араб-парсының өрнек жазуы, кирил­лица, латиница, жөйт, грузин, арамей жазуларының қақ ор­тасында «мен­мұндалап» тұр­ған көне түріктің сына жазуы көзіме оттай басылғанда кеудем­ді қуаныш кернеді. «Міне, біз­дің ата-бабамыздың әлемдік өрке­ниетке қосқан үлесі!» дедім... (Солай жаздым да...) Сонда Күлтегіннің көктасындағы көне жырымыздың жасампаз жолдары жадыма оралды:. 
«Түрік халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырма­дым. Қара терімді сықтым, қызыл қа­ным­ды ағыздым... өлім­ші ха­лық­ты тірілттім, жала­ңаш ха­лық­ты тонды, аз халықты көп қылдым...».
Сонда маған: егер біз жүз жыл­дығы­мызды ойлайтын бол­сақ – латыншаға көше бере­йік, ал мыңжылдығымыз­ды ой­ла­­сақ – көнетүркі әліппесін тіріл­­ту дұрыс болар еді деген ой келген. Өйткені, сол көне түр­­­кі­лік сына жазуларда біз­дің генетикалық кодымыз сақ­тал­ған. Мәң­гілік ел боламыз десек – түптің түбін­де өзіміз­дің мәң­гіл­ік төл әліппемізді қабыл­дауымыз керек деп санаймын. Бұл біздің қазақ халқының әлем­дік өркениетке қосар үлесі, ұлт­тық бренді болар еді. Ежелгі Израиль елі өздерінің ықылым замандағы ұмытылған әліппе­сін тірілтіп алғанына әлем куә. Ендеше, ерте ме, кеш пе, біздің де тас­та қалған төл әліппеміз­дің тірі­лер күні туар. Күндердің күні болғанда... Мәңгілік Елдің мәң­гі­лік әліпбиі қына жұққан көне тастан бас көтеріп, қағаз бен компьютерге көшеріне, ке­л­е­­шек­тің тарихын жазуға, бо­ла­­шақ­тың ұлы әдебиетін туғы­зу­ға қолданылатынына еш күмәнім жоқ.
«Заманауи қазақстандық мәде­ниет» жобасы бойынша тәуел­­сіздік жылдарында дү­ни­еге келген ең озық әдеби шығарма­лар Біріккен Ұлттар Ұйымының жетекші 6 тіліне аударылатын болды. Бұл – біздің алдыңғы толқын ағалар­дың жүрек түк­пірінде кеткен арма­ны еді десек артық айтқан­дық емес. Олардың ойы бүгін іске асып жатса, заман­ның түзелгені емей немене?
«Білімнің бас құралы – кітап. Қазақ арасында білім жайылуына, әуелі, оқу үйрене­тін орын­дар сайлы болуы керек, екінші, білім тарататын кітап­тар жақсы боларға керек һәм халық арасына көп жайы­ларға керек», деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов.
Қазақ тілінде гуманитарлық саладан әлемдегі ең озық 100 оқулықты аударып шығару жобасының білім саласында келе­шекке кең жол ашатыны анық. Бұл күнде «оқулық» десе ішіміз қылп ете түсетін бол­ды. Өйткені, «келгенде Жиен­құлға шықпайды үнім» деп ақын Сара апамыз айтқандай, бүгінгі мектеп оқулықтарының деңгейі өте төмен түсіп кеткен. Әсіресе, төменгі сыныптардың оқулықтары қалай болса солай жазылған. Баланы қойып, жоғары білімді үлкен адамның өзі әрең түсі­нетін екіұшты тапсырмалар мен сабақ­тар кездеседі. Бұл – қазіргі кезеңде білімі осал буын тәрбиелеп жатырмыз деген сөз. 
Сондықтан, Президент ма­қа­­ла­сындағы әдебиет, мәде­ниет, философия, саясаттану, психология пәндерінен әлем­дегі ең үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аударып, біздің оқушы­ларымыздың игілігі­не ұсыну деген мәселе аса жауап­ты да сауапты іс болмақ. Бұл оқу­лық­тарды аударғанда да біз­дің балалардың ұлттық сана­сына зияны тимейтіндерін әбден сараптап, іріктеп-сұрып­тап алу керек. Халықтық мен­та­литетіміз міндетті түрде ескерілгені жөн. Ал Елба­сы­ның сол кітаптарды шығару үшін «Ұлттық аударма бюро­сын құру керек» деген тапсыр­масына ерекше мән бермесек болмайды. Меніңше, сол аударма бюросын құруда аса талантты, тілге бай белгілі қаламгерлерімізді іске тар­тып, міндетті түрде тәржімаға қа­тыс­тыру қажет деп санай­мын. Әйтпесе, қандай ғажап оқулық болса да сапасыз аудармамен алысқа бармайды. 
Сондай-ақ, осы құрыл­мыш бюроның үздік әдебиеттер­­ді қазақ тілінен тікелей әлем­­нің 6 тіліне аударатын төте тәр­жі­ма бөлімін неге ашпасқа деген ой қылаң береді. Қазіргі уақыт­та елімізде кез келген ана тілін­дегі шығарманы көптеген шет тілдеріне көркем деңгей­де аудара алатын кадрлар жет­кі­лікті. Осы орайда, бұ­рын белгі­лі қаламгер Кеңес Юсупов ірге­сін қалап кеткен «Әлем әде­биеті» журналын қайта қаржы­ландырып, сондай-ақ, қазақ әдебиетін ағылшын тіліне аудару­мен айналысатын жаңа әдеби жур­­нал ашу қажеттігін күн тәрті­б­і­не енгізетін мезгіл жеткенін айту ләзім.
«Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек... Әр ұрпақ өзіне артыл­ған жүкті жетер жеріне апарып таста­ғаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағы­мызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Біздің кемшілігіміз – әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі», – деген екен Алаштың Әлиханы. Осы пікірдің салмағы ауыр. 
Мылқау балық болғанмен, мылқау халық болмайды. Өз тілін білмейтін және білуге талпынбайтын адам өзгенің тілінде сөйлейді, басқаның әнін әндейді және туған ұлтын бүкіл әдет-ғұрып, салт-санасымен, күллі рухани байлығымен қоса басқаға күнкөріс қамына сатып жүргенін сезінбейді, білсе де мойындағысы келмейді. Ал ана тіліңнен бас тарту деген – Отанға опасыздық жаса­ғанмен пара-пар. Ал «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласы тіл туралы заңға өзгеріс енгізу жөнінде тікелей мәселе қозғамағанмен, мемлекеттік тілге деген мем­лекеттік көзқарасқа өзгеріс енгізуімен де маңызды деп білемін. Осы мақаланың ая­сын­да «Туған жер» сияқты ауыл өміріне оң ықпалы тиетін мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, қазақтың киелі өңірлері қамқорлыққа алынуда. Игілікті, ізгілікті істерімен көп көңілінен шығып, ел аузына іліккен асыл азаматтарымыз ұлықтала бастады. Бұл да болса, адамзат өркениетіне ұлт, халық болып үлес қосу деге­німіз – жеке тұлғалардың үле­сінен бастау алатынын естен шығармаудың бір мысалы.
«Мәдениет – Адам атаның әбүйірін жапқан жапырақ­тан басталған, сол жапырақ жұлынған сәтте аяқталады» деген сөз бар. Үзеңгі мен дөң­ге­лекті ойлап табудың өзі кезінде цивилизацияның ұлы жаңалығы болып табылған. Ал мәдениет – өркениеттің ең биік сатысы. Мәдениет жо­ға­рылаған сайын еңбек те жоғары бағаланады. Мәде­ниеттің халықтарға қалай өмір сүруді үйрететін ұлы ұстаз еке­нін бұрынғы ғұла­малар тегін айтпаған. Ал біз қос қолы­мызды көтеріп қолдап отыр­ған Рухани жаңғыру мәселесі осы мәдени өркендеудің алғы шарты.
Бүгінгі Астана бұдан жиыр­ма жыл бұрынғы Ақмола емес. Сәулеті келіскен, дәулеті шал­қыған, салтанаты асқан, әлем көз тіккен шаһарға айналды. Айналасын жасыл желек – орман көмкеріп, бұлтқа қанат сермеп, аспанмен арбасқан, көшесі самаладай жарқыраған заманауи қала дүниенің көз жауын алатыны ақиқат. Қазір­гі заманда қай мемлекетте бол­­масын ауыл тағдыры ме­га­полиске байланысты, ас­та­насыз ауыл – ескексіз қайық болса, ауылсыз астана – та­мырсыз бәйтерек. Бұл күн­де қай қазақтың баласы «қа­йы­­рымды қала тұрғыны» бол­­ғысы келмейді дейсің? Бү­гінгі замандастарымызға әл-Фараби айтқандай «қайы­рымды қаланы» өз қолымен орнату мүмкіндігі тиіп отыр. Сондықтан, біздің Астана халқымыздың жан-жүрегіне қанша қымбат қала болғаны­мен, жан-қалтасына да сонша қымбат қала болмауын жан-тәніммен тілеймін.
«Қоғамнан тыс адам – не Құдай, не айуан» деген екен Аристотель. Біз о бас­тан Құдай емес, пенде болып жаратылғаннан кейін, алма­ғайып айуанға айналып кетпес үшін, өз қоғамымызды ізгі­лік пен әділдіктің, ақиқат пен ар-ұжданның негізінде құруға тырысуымыз заңды. Жаһандану дәуірінде әлем­дік иірімге жұтылып, өз бол­мы­сынан, өз беті, өз даму эвол­ю­ция­сынан ажырап, айы­ры­лып қалудан сақтанбай­тын, ер­теңіне алаң­дамайтын ұлт жоқ. Мұн­дайда ұлттық мәдениет көмекке келмесе эко­номика мен саясаттың қасаң қағидалары­нан қай­ран бола қоймайтыны анық байқалды. Өйт­кені, бүгінгі әлемдік эко­номика өсім­­қор­­лыққа негіз­делген. Ал өсім­қорлық ежел­­ден халық сана­сында күнә­һар­лықпен пара-­пар сана­лады. Өсімқорлыққа дін­де де тыйым салынған. Ал қазір­­гі заманда бүкіл әлемдік қар­­жы орталықтарының бәрі, күл­лі банктер өсімге несие беру­мен ай­на­лысады. Бұл – біз жақтырайық, жақ­тыр­ма­йық – бүкіл дүние жүзінде би­лік құрып, тасы өрге домалап отыр­ған капи­тализм­нің шын бет-бейнесін танытады. Тарих талқысында пешенемізге жазы­лып, тала­йы­мызға тиген қоғам­дық құрылымның ығын­да кете бермей, азаттығымызды ар­дақ­тау, тәуелсіздігімізді сақ­тау үшін, басы­мыз­дан өткен бодандық шылауынан, отар­шыл­дық сарқыншақтарынан ада-күде құтылу бірер жылдың ісі емес, күр­меуі қиын, кілті қиындағы құбылыс. Ал капи­тализмге түбегейлі бет бұрған ел ретінде өз жолымызды салған кезде, ұлттық негіз­дері­мізге, ата-бабадан жалғасып, үзілмей жеткен құтты білік пен құнарлы білімге сүйене білуіміздің аса қа­жет­тігін тап басып танып, көпке жөн сілтеудің өзі көрегендік.
Салты мықты елдің халқы да мықты болады. Сон­дық­тан да, Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғы­ру» атты мақаласы – салт-сана­мызды нығайтуға, біліміміз­­ді жетілдіруге, мемлекетіміз­­д­ің кемесін әлемдік бәсекелес­тік­­тің буырқанған мұхиты­нан аман-сау алып өтуге жол көр­сетуімен құнды. Еліміздің ертеңі жарқын болсын!

Ұлықбек Есдәулет, ақын,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты