Президент • 06 Шілде, 2017

Сұлтан Жиенбаев. Ел мерейі – ер мерейі

235 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Алматы! Тақуа тарихтан мың жыл­дық енші алған көне шаһар. Алатау бау­рай­ын­дағы бақ пен шаттықтың бесігі, тәуел­сіздіктің сұлу жаршысы. Сымбаты мен сыры жарасқан, рухани дидары келбетті қаланы қай қазақ баласы жақсы көрмейді дейсіз?! Қанша ақынның жырына өзек, қанша композитордың әніне сән болған аяулы мекен. Қанша адам бақыт тапты, қанша жанның бағын ашты бұл қала! 

Сұлтан Жиенбаев. Ел мерейі – ер мерейі

Астана! Тәй-тәй басқан егемен ел­дің жаңа қауызын ашқан, жұпары аңқы­ған жауқазыны. Еліміздің салтанаты – Сарыарқаның төрінде жайғасқан, бүгін­де еліміздің экономикасын алға сүйрей­тін локомотивке айналған қуатты орталық! Еуразия жүрегіндегі бітім мен бейбітшіліктің, келісім мен тұрақты­лықтың, айбын мен намыстың, қайрат пен жігердің, білім мен біліктің, әділет пен мәдениеттің бағаналы, басты ордасы! Жас қала, жаңа қала! Елбасының сөзіндегідей: «Жаңа Астананың қаласы да, адамдарының санасы да жаңа болғай!».
* * *
1997 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы ел астанасын орталыққа көшіруді жөн санады. Елорда ауысқан алғашқы жылдары мен Елбасымен кездестім. Ол кезде неше түрлі пікірлер айтылып, қарсылық сөздер де қылаң беріп қалатын. Астанада жеңістің 50 жылдығына орай үлкен шара өткен. Сонда болған кезімде бір адам келді.
 – Сіз Сұлтан Жиенбаевсыз ба?
 – Иә. 
– Сізді Нұрсұлтан Әбішұлы көргісі келеді, – деді. Мен қуана келісіп, каби­нетіне бардым. 
– Сұлтеке, астананы ауыстырғаныма қа­лай қарайсыз? – деді Елбасы. 
– Егер, менің пікірім керек болса, мен өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйт­кені, Алматы үлкен, сұлу қала. Ол рас. Бірақ онда халық көп. Ал бізге жаңа қала тұрғызу үшін кең, жаңа жер керек. Екін­шіден, Алматы оңтүстік-шығыста орна­ласқан. Ал Ақмола орталықта. Бұл – гео­саяси жақтан да өте орынды қадам, – деген едім. 
Ел тізгінін ұстаған алғашқы жыл­дарынан-ақ мен Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатын қолдап келемін. Жиыр­ма жылдың ішінде Астана тамсанардай, таңғалардай өзгерді. Бұл жиырма жылдың ішінде. Ал алдағы жылдарда, сәтін салса, одан да көркейіп, өзінің мән-мағынасын, қадір-қасиетін одан әрі арттыра береді деп ойлаймын. Астананы Назарбаев өзі қадағалап салдырды. Мен ол кісіні архитектор деймін. Тіпті, Петр І-мен де салыстыра аламын. Петр І сазды жерге ғажайып астана салды. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы елсіз жерге ел қондырып, қала салып, кең байтақ даламыздың берекесін кіргізді. 
Мен – жиырма жылдан астам уақыт үл­кен қызметте болған адаммын. Сол кездерде Нұрсұлтан Әбішұлымен де қызметтес болдым. Әрқашан елшіл, мемлекетшіл рухымен көзге түсетін. Қазір еліміздің әлемге танылғаны Елбасының қажырлы еңбегі деп білемін. Бұрын мен де көп елге жұмыс барысымен сапарға шығатынмын. Ол кезде «Қазақстан» десең, көп адам біле бермейтін. Өзіңнен өзің қарадай қысылар едің. Ал қазір керісінше, мақтаныш сезімі кернейді. Өйткені, қайда барсаң да Қазақстанды біледі, Назарбаевты таниды. 
Бұрын қазақтар, тіпті Алматының өзінде аз болатын. Сауда саласын­да бір қазақты көрмейтін едім. Банк­тер­де, кеңселерде де бір қара көзді байқа­май­тынмын. Қазір саудада, банктер мен кең­селерде, басқа да әлеуметтік маңызы бар орындарда өзіміздің балаларымыз жүр. Бұл – ел үшін, ұлт үшін өте қуанарлық жағдай. Қазақтар білімді, білікті, заманға ілескен озық ұл-қыздар тәрбиелеп өсіріп отыр деген сөз. Мұның бәрі – тәуелсіздіктің же­місі, Елбасының сындарлы саясаты. 
Ежелгі Мысыр папирустарында бас­шы­лар­дың анты ретінде мынандай сөз бар екен:
Мен жас сәбидің аузынан сүт тартып алмаймын.
Мен ағын суды бөге­меймін.
Мен біреуді өлтіруге бұйрық бер­меймін.
Мен біреудің көз жасына қалмаймын.
Мен әлсіздерге қол көтермеймін.
Мен таразыдан жемеймін.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қара орман қазақ жұртының алдындағы ұстанымы, серті, анты да осындай екені күмәнсіз. Бұл – қай заманда да ел басқарған көсемдердің айнымас қағидасы. «Жалаңаш халықты тонды, аз халықты көп қылу» үшін Нұрсұлтан Әбішұлы бабалар салған өнегелі жолмен жүріп келеді. Көне Орхон-Енисей ескерт­кішіндегі: «Әкеміз, ағамыз құраған халықтың атақ-даңқы жоқ болмасын деп түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым», деген қайсар рух пен қажымас жігерді жанына серік еткен Елбасының тәуелсіз елімізге сіңірген еңбегі зор. 
Мен «Егемен Қазақстан» газетінің ертеден бері тұрақты, қарт оқырманымын. Қазір де күнде келген газетті парақтап, ел жаңалығын, жер-жерде болып жат­қан оқиғаларды, Елбасы мен қоғам қай­рат­керлерінің, ғалымдардың мақала­ларын оқып отырамын. 1992 жылдың 14 ақпанында халық жазушысы Шерхан Мұртазаға берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев мынадай бір деректі айтқан еді: «Былтыр желтоқсанның 31-і күні Минскіден ұшып келе жаттық. Ұш­қыш­тардың командирі маған бір қағаз ұсынды. «Сіз 1991 жылы әуеде 382 сағат бол­дыңыз. Соның 185 сағатын түнде ұштыңыз», деді. Мен айттым: «Бұл аз ба, көп пе?». «Бізге 300 сағат ұшқан ұшқыштарға бір жылғы стажымыз екі жылға саналады». «Неге?» деймін мен. Сөйтсе, 10 000-11 000 метр биіктікте радиация 260 рентген бо­лады екен. Жә, жұмысты аз істейміз бе, көп істейміз бе – халыққа нәтижесі ке­рек. Халықтан аянатын ештеңе жоқ». Иә, ха­лықтан аянатын ештеңе жоқ! Содан бері не­ше рет әуеге көтеріліп, неше сағат жұл­дыздар құшағында кірпік ілмей, жұртының жоғын түгендеп, барының берекесін кіргізу үшін ой орманын кезді екен? 
* * *
Нұрсұлтан Назарбаев! Дүние дидары күн сайын құбылып, қабағы сәт сайын түнеріп, алаңдаулы күн кешіп отыр­ғанда екі тізгін, біл шылбырды тең ұстаған, елінің тыныштығын бәрі­нен жоғары қойған, мемлекетінің тұрақ­ты­лығын ештеңемен теңгермеген үлкен қайраткер. Бір ғана қазақ жұрты үшін емес, көршілес елдер мен бауырлас түркі ха­лық­тарының тыныштығы үшін бітімге шақы­рып, бейбітшілікті үндеген, сол бейбіт­сүйгіштігімен әлем таныған саяси фигура. 
Абай айтыпты: «Әкенің баласы болма, адамның баласы бол», деп. Бүгінгі Астана процесі адамның баласы болғандығы емей немене?! Тоқсан бестен асқан шағым­да артымда қалған із мол, өткен күн көп болса да, алдымды жиі ойлаймын. Ол – қазақтың болашағы. Көңілдегі көрік­ті ой сияқты қиялдағы ғажайып елге са­лиқалы, сабырлы, ел мен жерді жады­нан шығармаған саясаткер ғана жеткі­зеді. Құдай соны бұйырсын деп тілеймін. Елбасы елін соған жетелеп келе жатыр. Төле би: «Бақырауық батырды екі долы қатынның бірі табады, ел түзейтін ақылдыны естінің де ең кемелі табады», депті. Ақыл сарқылмасын, естінің ең кемелі азаймасын!
* * *
Тыныштық! 
Орта мектепті тәмамдаған соң Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1941 жылдың желтоқсан айында институттың екінші курсынан өз еркіммен майданға сұранып, 100-ші жеке қазақ атқыштар бригадасының құрамында соғысқа аттандым. Сөйтіп, танкке қарсы қарулар тобының командирі бола жүріп, Ржев, Великие Луки, Невель қалаларын азат етуге қатыстым. Мен өмірдің, тыныштықтың қадірін бір кісідей білемін. Соғыстың ауыр қасіретін майдангер ретінде терең сезінемін. Майданда үш рет ауыр жарақат алдым. Ржев майданында жарақат алғанымда маған алғашқы көмекті Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова көрсетті. Майданның жүрекке бататын зілмауыр қайғысы мен жанға салған жарасын қанша уақыт өтсе де естен шығара алған емеспін. Қасым ақын айтқандай: «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс...». Ал бүгінгі бейбіт заман сол күндердің қайтарымы деп түсінемін. Қазақ даласын ешқашан соғыс өрті шалмасын. 
Кеңес заманындағы тоталитарлық жүйе ресми мансұқталды. Ол мемлекетті енді ешқандай экономикалық ынтымақтастық та қалпына келтіре алмайды. Өйткені, жас ұрпақ өсіп келеді. Олардың санасы азат. Елді арандатушылық саясаттан сақтап, бұрынғыны көксеген арам пиғылдылардың тамырын үнемі шауып отыру қажет. Қазақстан – біздің аңсарымыз! Ал оның болашағы жемісті болу үшін аянар ештеңе жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған жылдардан бері бірнеше реформа жасады. Соның бәрі көптің ықыласына ие болып, үнемі қолдау тауып келеді. Ол – жарық күнге деген халықтың іңкәрлігі. Жақсылыққа деген адал ниеті. Соның бәрі біз ойлағандай іске асу үшін ең алдымен ауызбірлік пен тыныштық қажет. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді». 
Үш жүз жыл Ресей патшалығының отарында болыппыз. Жетпіс жыл Кеңес Одағының құрамында болдық. Тоқсаныншы жылдары азаттық алып, апыл-тапыл аяғымызды басқанда, жасыратыны жоқ, жүдеп-жадаушылықты бастан кештік. Біз түгілі АҚШ сияқты ірі мемлекет те «Ұлы дағдарысқа» тап болды. Сол тұста Ф.Рузвельт елді апаттан құтқару үшін «жаңа бағыт» саясатын ұсынды. ТМД елдерінде дәл сондай жаңа бағытты бірінші болып Нұрсұлтан Әбішұлы көтерді. Жыл өткен сайын экономикалық жаңғыруды жалғастырып, әлем көшінен қалмай, жаһандық үдерістерге жұрт қатарлы аяқ басып келеміз. Жақында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көптің көңіліндегі күпті ойды дәл басып, елдің рухани ахуалына баса назар аударды. Әр заман өз жаңалығымен келеді. Әр жаңалық алғашында тосын көрінеді. Соның бәрін жатырқамай қабылдап, жатсынбай түсінген жағдайда ғана біз ілгері жылжимыз. 
Қазір біздің елдің алдында көптеген асулар тұр. Артта қалған белестердің аз еместігін айтудың өзі артық. Оны айтып мақтанбаймыз. Өйткені, заңдылықтың бәрі өз ретімен іске асады. Солай болу керек деп қабылдаймыз. Бүгін Астананың тө­рін­де өтіп жатқан ЭКСПО халықаралық көр­­месі де ешқандай кездейсоқтық емес. Ал оны абыройлы атқару кез келген бас­шы­ның маңдайына жазылмағаны тағы түсі­нікті. 
Сол сияқты, біз өткенді емес, бола­шақ­ты ойлаумен ғана ілгерілейді екенбіз. Көздеген мақсатқа, межелеген асуға жету үшін бізге тыныштық ауадай қажет. Мен не үшін өткен күнімді еске алдым. Майданды сөз еттім. Ондай зобалаң адамзат тарихында бірде-бір елді ұшпаққа шығарған жоқ. Керісінше, өркениеттер жеткен жетістіктің күлін көкке ұшырды, жермен жексен етті. Сириядағы қираған тарихи жәдігерлер енді қашан орнына келеді? Қалпына келтіру мүмкін бе, деп жаным ауырады. Оның бәрі адамзаттың ортақ құндылықтарына айналған бағзы тарих емес пе еді?! Біз ол лағынет жолын айналып өтеміз. Біздің жетістікке жетер өз даңғылымыз болады. Ал – бейбітшілік даңғылы, тыныштық жолы!
* * *
Жерұйық!
Біз жерұйық деп атайтын қастерлі мекенді Ескендір Зұлқарнайын Макарей аралдарынан, Рим папасы ІІІ Александр, француз королі VII Людовик «Иоанн патшалығынан», көне орыс абыздары Ақсудан, мұсылмандар Қап тауынан, келттер батыс теңізіндегі шөлмек аралдан, махаяндар Шамбалдан, эзотеристер Тибет пен Бұланайдан іздепті. Қазақтар Жиделі Байсында деп түсінді. Менің ұғымымда біздің жерұйық – Қазақстан!
Сайын даланың бауырындағы бай­лық ел игілігіне жұмсалып жатыр. Қа­зақ жазирасының тұмса табиғаты халық иелігінде. «Қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған заман» әркімнің түсінігіне байланыс­ты шығар. Біреу үшін өткен күн, біреу үшін келер күн – сол заман. Ал әр қазақ баласы мемлекетіміздің бейбіт ғұмыр кешуін сол заманға телісе, сол замандай көрсе еш артық етпейді. Қазір прагматизм белесіне келдік. Елбасы өз бағдарламалық мақаласында бұл жайды да сөз етті. Біздің қоғам – демократиялық қоғам. Бізде мәмілегерлік келіссөздер салтанат құрған. Иозеф Шумпетер: «Демократия тек өз қағидаларын өзі берік тұтына алған жағдайда ғана табысқа жете алады. Ол үшін: біріншіден, демократиялық емес әрекеттерге итермелейтін ситуа­цияларды туғызып алудан қашу керек; екіншіден, қай мәселені де саяси маңызға ие мүдделі күштердің бәріне де тиімді болатындай етіп шеше білу керек», депті. Біздің көпұлтты елде осы қағида қатал сақталады. Бұл – нағыз демократияның көрінісі. Жылдағы Жолдауын, әр кезеңдердегі реформаларын халыққа ұсынар сәтте Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан нар тәуекелдің үстінде отырады. Өйткені, халықтың сенімінен шығу, әр сәттегі қиындықтардың артын сабырмен бағып, ақылмен шешу оңай шаруа емес. «Тәуекел кемесі суға батпайды». Елбасының дипломатиялық таланты, саяси көрегендігі мені үнемі тәнті етіп келеді.
Қазақ халқы сан ғасырдың қыспағын көріп, қиын өткелдер мен әртүрлі әлеуметтік, рухани кезеңдерді бастап кешіп келеді. Шүкір. Жер көлемі жағынан Жаратқан бізге кеңдік қылыпты. Бұл да тегіннен тегін келген батпан құйрық емес. Оны да игере алатын, басқара алатын, өз қажетіне жарата алатын елге несібе ғып береді деп ойлаймын. Қысылғанда ақылына жүгінер даналардың сөзінен де құралақан емес. Таңдайына сөз біткен, ақылы елден асқан кемеңгерлердің қаншауын санасақ та санына жетпеспіз. Бүгінде елін, жерін ойлаған азаматтар билікте отыр деп сенемін. Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтап, өткенге салауат айта отырып өнеге алып, болашаққа деген үмітіміз одан әрі беки түседі. М.Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», деген. Бұл тек қана тәрбиеге қатысты сөз емес. Қазақ қашанда ұлттық тәрбиеге, үлкенге құрмет, кішіге ізет жолынан таймаған. Ал кемеңгер жазушының сөзі әр істің басы дұрыс болсынға меңземей ме осы.
* * *
Елбасы мен Астана!    
Бұл екі ұғым қашаннан қатар аталып келеді. Астанамыз – бүгінгі жемісті еңбектің сұлу көрінісі. Әлі алда талай белесті жол жатыр. Астананы мақтағанымыз тоқмейілсу емес, мерейлену. Нұрсұлтан Әбішұлын айтқанымыз мадақтау емес, жігерлендіру. Қадым замандардан бері мемлекеттің айбыны астанасы болған. Астанасы мықты жұрттың іргесі берік. Іргесі берік ұлттың ертеңі жарқын. Өртеңге шыққан көктей жайнап жастарымыз өсіп келеді. Біздің тілеуіміз соларда. Біздің тілегіміз жастарда.
Астана күні құтты болсын! Ел іші тыныш, Елбасы аман болсын! 
Жайнай бер, Астанам!

Сұлтан ЖИЕНБАЕВ, 
көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері
Алматы