Қазақстан • 06 Шілде, 2017

Бас шаһарға, бар сапарға бағыт берген бекет

138 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында ғана Астанада жаңа вокзалдың ашылғанын сүйіншілегенбіз. Елорданың оңтүстік-шығысындағы «Мыңжылдық» саябағының маңына орын тепкен алты торапты және алты қабатты алып бекет алыстан-ақ көз тартады. Арқаның төсіндегі әсем қалаға ат басын бұрған ағайынның табаны алдымен, тиетін вокзалдың ажары шаһар сәнін айшықтай түседі. Сәті келгенде сандарды сөйлетсек, нысанның ұзындығы 630 метр болса, ені 120 метрді құрайды, ал биіктігі – 49,5 метр.

Бас шаһарға, бар сапарға бағыт берген бекет

Игілікке жарағанына айдан асқан «Нұрлы жол» вокзалына біздің де жолымыз түскен. Көргеніміз бен көңілге түйгеніміз көп. Сүйсінткен дүниелерді қағазға сүйкесек, вокзал бір қарағанда, шыға келсеңіз, айналаңыз алақандағыдай көрінетін ел іргесіндегі төбе тәрізді. Қоғамдық көліктен түсіп, ішіне енгенде, үшінші қабатқа – перронға бір-ақ тап боласыз. Айта кетейік, осындағы алты шойын жол ағылған қырықтан аса пойызды алып келіп, Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Көкшетау бағыттарына сілтейді. Елордада өтіп жатқан ЭКСПО көрмесіне байланысты қосымша оннан аса пойыз тағы бар. Мамандардан білгеніміздей, мұнда негізінен «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойыздары мен қала маңына қатынайтын электропойыздар аялдайды.

Эскалатормен жоғары көтерілгенде, негізгі, төртінші қабат – күту залына кіреді екенсіз. Дәл осында тәулік бойы жұмыс істейтін билет сату кассалары, электронды билет алу терминалдары, мүмкіндігі шектеулі жандарға қыз­мет ететін терезе, анықтама бюросы, сауда нүктелері, телефон, смартфон қуат­тайтын құрылғы, «Астана-такси» қыз­меті бар. Бесінші қабат тамақтану орын­дарымен жабдықталса, алтыншы қабатқа вокзал әкімшілігінің кеңселері орын тепкен. 
Айта кетейік, егер нысанға жеке көлігіңізбен келетін болсаңыз, бірінші, екінші қабаттар – 740 орындық автотұрақ. Вокзал сыртында 760 көлікке арналған тұрақ тағы бар. 
Байқағанымыздай, мұнда жолау­шылар мен шығарып салушылар дема­лып, дүкендерді аралап, тамақтана алады. Келушілердің жайлылығы үшін қонақүй, ана мен бала бөлмесі, жүк сақтау орны, асхана, медициналық қызмет қарастырылған. Мүгедектер тактильді төсеніштерге жантайып, көзі нашар көретіндер Брайль әліппесін қолдана алады. 52 эскалатор мен 26 лифт орнатылған. Жедел жұмыс істейтін ғаламтор желісі тартылған. Қауіп­сіздікке де көп көңіл бөлінген сияқты. Өйткені, ғимаратта адамдарды тексерістен өткізетін 16 кіреберіс пен ақылды жүйемен басқарылатын 510 камера орнатылған.

Ашылғанына енді ғана айдан ас­қан вокзалда халықтың қарасы қалың. Жалпы көлемі 120 мың шаршы метр болатын нысанда жөн сілтейтін қыз­меткерлердің көптігін де аңғару қиын емес. Бізге жоғарыдағы деректерді жеткізіп, мән-жайды әңгімелеген – кешен кезекшісі Мадияр Аманбаев. Ол соңғы үлгідегі дизайнмен және технологиямен жабдықталған мекемеде 1700-ге тарта қызметкер бар екенін айтты. «Жаңа темір жол бекеті күн сайын 35 мыңға жуық жолаушыны күтіп алып, шығарып салуға қауқарлы. Ал қазір тәулігіне небәрі 7 мың жолаушыны қабылдаймыз. Тағы бір ерекшелігіміз, жүрдек пойыздар алты қабатты бекеттің ішіне кіріп, жолаушыларға қызмет көрсетеді», дейді М.Аманбаев.
Мынау мәлімет те бізді бейжай қалдыр­мады: жаңа вокзалда жаңа технологиялар іске қосылған. Нысанның шатырына жинақталған жаңбыр суы техникалық қажеттіліктерге және жер телімін суғаруға жұмсалады. Бұл – «жасыл» технологияда қолданылатын ең озық жобалардың бірі. Ауа баптау жүйесі де тартымды, яғни ғимараттың бір бөлігінен екінші бөлігіне ауа алмастырылады. Суық болып тұрған залға жылы ауа айдалады да, вокзалды жылытуға кететін энергия үнемделеді. Сондай-ақ, мұнда жердің тұрақты температура­сы арқылы ауаны жылытуға мүмкіндік бар. Жердің төменгі ауа қабатына радиа­тор орнатылған, сол арқылы жазғы мау­сымда ауаны салқындатып, қыс­қы уақытта жылытуға болады екен. Авто­­мат­тандырылған бұл құрылғы да энер­гияны үнемдейді. 
Міне, бас шаһардың ТМД мемлекет­терінде жоқ вокзалының жағдайы мен көрінісі осындай.
Астанаға қош келдің, ағайын!
Жолың болсын, жолаушы!

Асхат РАЙҚҰЛ,
Суреттерді түсірген 
Ерлан ОМАРОВ, 

«Егемен Қазақстан»