Қазақстан • 06 Шілде, 2017

Алаштың алтын қазығы

204 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астана – Тәуелсіздігіміздің тірегі. Астана – тарихымыздың шежіресі. Алаш­тың алтын қазығы болған Астананың әрбір жетістігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы жатыр. Елбасы мен елорда егіз ұғым дейтініміз де сондықтан. Елорданың әр қадамы мен даму қарқыны, тіршілігі мен тынысы, ұсақ-түйек шаруасына дейін Президенттің назарынан тыс қалған емес. «Ас­тана – менің қуанышым, мақтанышым. Оның әр ғимараты қалай са­лынғаны маған жақсы таныс. Оны көшіруге байланысты болған барлық проб­лемаларды жүрегімізден өткіздік. Бұл – арман еді. Енді ол – тамаша қала» дейді Елбасы елордаға деген ерен сүйіспеншілікпен. Ертегі батырларындай ерте есейген елорда бүгінде – тәуелсіздігіміздің таңдаулы табысы, бар қазақтың басына қонған бақыт мекені.

Алаштың алтын қазығы

Ұлттық идеяның ұлы жетістігі
Еліміз өз астанасын 1997 жылдың 10 желтоқсанында Алатаудың баурайынан Сарыарқаның төсіне көшірді. Қазақ қа­зақ болғалы өзінің астанасын қайда ор­натуды өзі шешкені осы. Әлбетте, бұ­рын қазақтың астанасы талай рет өз­гер­ге­нін та­рихтан білеміз. Бірақ мұның бәрі қа­зақ­тың еркінен тыс, өзгенің бұй­ры­ғымен жүзеге асты...
Астанасын ауыстыру – әлем мем­ле­кет­терінің тарихында бар құбылыс. Ондай ел­дер ең алдымен өзінің ұлттық мақсат-мүддесін бірінші кезекке қояды. Алаш ас­танасын көшіру де осындай ұлттық ст­ра­тегиялық ұлы мұраттан туындаған бо­ла­тын. 
Бар қазақтың бас қаласы ретінде байырғы Ақмоланың таңдалып алынуы да кездейсоқтық емес. Кезінде тың иге­ру­шілердің қонысына айналған Ақмолада қазақ­тардың саны күрт төмендеп кет­кен еді. Осы ұрымтал тұсты ұтымды пай­да­ланып, өз мүддесіне икемдеп қалғысы кел­гендер де жоқ емес-тін. Астананы кө­ші­рудегі ең басты мұрат та сол, ата-баба ме­кенін қазақыландыру, оған көз сұғын қадай берген әлдекімдердің бөтен ойына бөгет қою болатын. Әрі тоғыз жолдың торабында тұрған қала астана болуға лайық барлық 32 талапқа сай келген. 
Астананы ауыстыру туралы әңгіме алғаш рет Елбасының аузынан шыға бастағанда, жұртшылық мұны жай айтыла салған сөз ретінде қабылдады. Елбасы бұл идеясын 1994 жылғы 6 шілдеде өт­кен Жоғарғы Кеңестің пленарлық мә­жі­лісінде дәйекті дәлелдермен, ойлы тұ­жырымдармен алғаш рет жариялағанда, оның нақты жүзеге асатын іс екеніне кө­зі жеткен көпшіліктің пікірі екіге жа­рыл­­ды. Астананы ауыстыру туралы бас­та­маны қолдағандар да, оған күмән­да­на қарағандар да табылды. Бұл идеяны бұлдыр сағымға айналдырып, болашағына күдікпен қарағандардың қарасы қанша қалың болса да Елбасы табандылығынан тайған жоқ. Сонымен, Астананы көшіру еліміздің тарихындағы ерекше белес, ұлттық тарихымыздың жұлдызды сәті болды. 
Өмір сүргің келетін қала
Елбасы Астананы көшіру тура­лы ше­шімін жариялаған кезде жұрт­шы­лық­тың көбі елорданы салуға кемі 25-30 жыл уақыт керек деп ойласа ке­рек. Олай ойлауы заңды да. Кезінде Есілдің сол жағалауында ел қонбақ түгілі, оң жағалауындағы жағдай да шамалы еді. Бір кездері шағын шаһардың қандай бол­ғанын Астанаға алғаш білім қуып кел­гендердің бірі ретінде біз де жақсы бі­леміз. 
Алайда, Астананы әлемдегі әсем шаһарлардың біріне айналдыру алғаш­қы сәттен бастап жүзеге асырыла бас­та­ды. Елорданың Бас жоспарын әзірлеу ке­з­інде бас қаланың жұрттан ерек бей­не­сін қалыптастыруға айрықша мән берілді. Бас жоспарды айқындаған эс­киз-нобайлардың байқауы да қатаң өт­кі­зілді. Отандық мықты сәулетшілердің де, әлемдік теңдессіз мамандардың да ту­ын­дылары таразыға тартылды. Бас ша­һарда бой көтерген алғашқы айшықты ғи­ма­раттардың нобайын жасауға Елбасының өзі де қатысқанын жұртшылық жақсы біл­се керек. «Бәйтерек» монументі, «Ақ­ор­да» резиденциясы секілді көркем ны­сан­дардың алғашқы сызбасын Мемлекет бас­шысы өзі қағазға түсіргені белгілі.
Міне, Елбасы өзі аялы алақанына са­лып мәпелеп өсірген Астана ертегі кей­іп­кер­леріндей сағат санап өсіп, аз уақыттың ішін­де адам танымастай өзгерді. Бүгінде дамудың үшінші кезеңіне аяқ басқан ел­орданың бүгінде ескісі естен өшіп, жаңа­сы жадымызда жаңғырды. Көз ал­дымызда көркейген қаланың дамылсыз даму ырғағы күллі әлемнің таңдайын қақ­тырды. Астананың жедел өзгеретіні соншалық, бүгін келген адам ертең оны танымай қалады. 
ЮНЕСКО-ның бас шаһарымызға «Бейбітшілік қаласы» атағын беруі тегін емес. Бұл – әлеуметтік-экономикалық, сая­си жағынан қысқа мерзім ішінде үл­кен табыстарға қол жеткізген қалаларға бе­ретін мәртебелі атақ. Әрі Астана – шын мә­ніндегі бейбітшілік қаласы. Мұнда әлем елдерін бейбітшілікке үндеген, татулыққа шақырған небір алқалы басқосулар, келелі кездесулер өткізіліп тұрады. Әр үш жыл сайын ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Астана экономикалық форумы, Еура­зия­лық медиа-форум – соның дәлелі. Алдағы қыркүйек айында елорда Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммитін өткізу арқылы ислам мемлекеттерін бір­лікке шақырмақ. Астанадағы Сирия келіс­сөздерінің кезекті раунды да елорданың бейбітшілікті ту еткен шаһар екенін тағы бір мәрте дәлелдесе керек.
Бүгінде Астана – өмір сүргің келетін қа­лаға айналды. ТМД және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың үздік қала­ларды сараптайтын халықаралық бай­қауы қазақтың бас қаласына осындай атақ беріп отыр. Шынымен де елорда қазіргі таңда қай жағынан да тұрғындарға қолайлы жағдай жа­сауға тырысып келеді. 2011 жылдан бас­­тап елордада «Ақылды Астана» жо­ба­сы енгізіле бастады. 
...Әдемі, таза, қауіпсіз әрі кептелексіз Астана шын мәнінде тұрғың келетін қалаға айналды.
Даму динамикасы
Ерке Есілдің бойындағы сән-сал­та­наты келіскен сәулетті шаһардың бе­делі биіктеп, абыройы асқақтап келеді. Осын­да атқарылып жатқан қыруар ша­руа­­лар мен тұсауы кесілген тың жо­ба­лардың бәрі де ел игілігі үшін, тұр­ғын­дардың жақ­сы өмір сүруі үшін жа­салып жатыр. Ен­де­ше, Елбасының өзі қадағалап отырған ел­ор­даның қан­ша­лықты өркендегенін мына кө­р­­сет­кіш­тер­ден нақты көруге болады: был­тыр жал­пы өңірлік өнім 5 трлн теңгеге жетіп, ал­дыңғы жылмен салыстырғанда 3,7 пай­ызға ұлғайған. Негізгі капиталға тар­тыл­ған инвестициялар көлемі 838 млрд тең­гені құраған. Мемлекеттік бюджетке 1 трлн теңгеден астам рекордты түсім түсіп, соның ішінде республикалық бюд­жетке 847 млрд теңге аударылған. Осы­лайша, Астана эко­номикалық даму қар­қы­ны жағынан елі­міздегі екінші өңірге ай­налды.
Орта және шағын бизнес субъе­кті­лерінің саны жағынан да Астана – ал­дың­ғы қатарда. Бүгінде олардың саны 140 мың­ға жеткен. Кәсіпкерлік саласы жалпы өңір­лік өнімнің 50 пайызын, жаңа жұмыс орындарының 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Бүгінде Астанада атқарылып жатқан жұмыстың бағытын екі бағдарға бөліп қарастыруға болады. Оның біріншісі – астаналықтардың өмір сүру сапасын арттыру болса, екіншісі – тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, табысын көбейту.
Тұрғындардың табыс өсіміне жаңа экономикалық стратегия арқылы қол жет­кізілмек. Бұл – бұқаралық кәсіп­кер­лікті дамыту, экономиканың басты са­ла­ларында кем дегенде 50 мыңнан кем емес тұрақты жұмыс орнын құру, елордаға жекеменшік инвестиция тарту секілді межелі міндеттерді жүзеге асыру деген сөз. Сонымен қатар, елордалықтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап, әл-ау­қа­тын жақсарту үшін алдымен білім бе­ру, ден­саулық сақтау, қоғамдық көлік қыз­меті, экология, басқа да көптеген са­лаларға баса мән беріліп отыр. 
Алдағы уақытта тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйені тұрғындарға қол­же­тімді ету үшін Астананы 129 секторға бө­лу қарастырылып отыр. Яғни, әр секторда шамамен 10 мың халық болады және оларға 32 әлеуметтік стандартты қызмет көр­сетілмек. Секторларға бөлінген ха­лық­тың санына орай сол мекеннің өзін­дік емханасы, мектебі, балабақшасы, сая­бағы, спорт алаңы, полиция бөлімшесі бо­лады. Қысқасы, тұрғындар барлық қыз­­мет көрсету түрлерімен қамтылады. Ел­­орданы өмір сүруге ыңғайлы шаһар ре­­тінде қалыптастыруға негізделген мұн­дай ауқымды жұмыстар «Астананың 20 жылдығына – 20 қадам» атты қаланы да­мыту тұжырымдамасы жобасына енгізілген. 
Иә, бағдары бөлек бас қала ұлы мақ­сат­тарға ұмтылып отыр. Астана –Қазақ­с­тан­ның жаңа экономикасындағы бе­та­лысын айқындайтын креативті қалалардың бі­ріне айналуы тиіс. Астана 2020 жылға қа­рай әлемнің алдыңғы қатарлы қала­ла­ры­мен тең дәрежеде бәсе­ке­лесіп, 2030 жыл­ға қарай Сингапур, Дубай, Шанхай, Ыс­танбұл секілді мак­р­ө­ңірлік көшбасшы қа­лалармен иық теңестіруді мақсат етіп отыр. Ал 2050 жылға қарай Астана әлемнің ең үздік он қаласының қатарына қосылуы ке­рек. Елорданың мақсаты – айқын, міндеті – нақты. Демек, Алаш Астанасының әлі-ақ табысты дамыған жаһандық шаһарға айналатыны сөзсіз.

* * *
Астана – күллі Алаштың арманы.
Астана – ұлттық идеяның темірқазығы.
 Еліміздің жаңа ғасырдағы жарқын шежіресі де осында жазылып жатыр. Ерке Есілдің бойына ел қондырып, армандай асқақ Астананы салған Елбасының бұл еңбегі тәуелсіз еліміздің ең үлкен табысы, тарихи жеңісі екеніне талас жоқ. 
Елдігіміз – ерен, елордамыз еңселі болсын лайым!

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»