Әдебиет • 07 Шілде, 2017

«Жаһан таныған жеті тұлға» кітабы жарыққа шықты

1109 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қай дәуірде қай кезеңде болмасын адамзат баласы өзінің қайталанбас тұлғаларын тарих биігіне шығарады. Әр ұлт, әр халық өзінің дара перзенттерін мақтан тұтады, солармен мәңгі жасайды. Өйткені олардың дара жолы бүгінге үлгі, ертеңге өлмес өнеге. Еліміздегі мерейлі мерекелер қарсаңында рухани қазынамыз тағы бір туындымен толықты. Күні кеше ғана елімізде «Жаһан таныған жеті тұлға» атты жаңа кітап жарыққа шықты.

«Жаһан таныған жеті тұлға» кітабы жарыққа шықты

Оқырманға жол тартқан жаңа кітап әлемге әйгілі жеті тұлғаның өмір жолынан сыр шертеді. Мұнда қамтылған жеті тұлға да қайраткерлігімен, кемеңгер көрегендігімен өз елінің ғана емес, бүкіл жаһан-жұртының парасат биігінен орын алған жандар. Нұрсұлтан Назарбаев, Джордж Вашингтон, Махатма Ганди, Уинстон Черчилль, Мұстафа Кемаль Ататүрік, Шарль де Голль, Ли Куан Ю сынды әлемдегі мерейлі мемлекеттердің тағдыры мен тарихында теңдессіз рөл атқарған және атқарып келе жатқан жасампаз жандардың жүріп өткен жолдарын, асқан асу, аттаған белестерін осы кітаптың ішінен табасыз. Кітапта «Ғибрат ғұмыр үздіктері» деген тақырыппен титан тұлғалардың әрқайсысына мәнісі терең мінездемелер берілген. Одан әрі әрбірінің өзіндік өзгешеліктері мен өшпес өнегелері көркем тілде көрініс тапқан. Кітаптың алғы сөзінде  «Жаһан таныған жеті тұлға» жинағындағы жер жүзі мемлекеттерінің ең мерейлі, кемеңгер де көреген көшбасшыларының ішінде біздің тұңғыш Президентіміздің жөні бөлек, жосығы ерек. Даналардың дарасы – Ұлы дала перзенті» деп жазылған екен. Елдің ықыласына бөленген ерен тұлғалар жайлы су жаңа еңбек оқырман қауымның жүрек төрінен орын алып, келер ұрпаққа баға жетпес асыл мұра болады деп сенеміз.

Кітап «Қазығұрт» баспасынан шықты, авторы – белгілі жазушы-журналист Абай Ескендіров.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
Фото: Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ
АЛМАТЫ