Медицина • 10 Шілде, 2017

Әлемдік өркениетке жол ашатын әліпби

183 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қазақ жазуын латын әріп­теріне ауыс­тыру мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Жақ­тап және қарсы дауыс бергендер болды. Кириллицаны сақтау мен ла­тын әрпіне көшіру қажеттілігін көтерген дәйектер көптеп келті­рілді.

Әлемдік өркениетке жол ашатын әліпби

ТМД мемлекеттерінде орын алған осы пікірталастың азды-көпті тұтас мә­дени, тарихи және лингвистикалық ерек­шеліктері бар еді. Бірақ біз өмір сүріп отыр­ғ­ан уақыт, дүниежүзі мен Қазақ­станда болған елеулі өзгерістер осы мәселенің тобықтай түйінін шы­ғарады.

Қазақ қоғамы өз әліпбиін тұң­ғыш рет ауыстырайын деп тұр­ған жоқ. Ол туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласында толық түсіндіріп берді. Мақаланың атауы да, мазмұны да перспективті идеяларға қанық, Елбасының ел болашағы туралы ойларын ашып көрсетеді. Көлемі шағын болса да, мақалада қоғамды жаңартудың біріне-бірі ұқсас емес терең мазмұнды аспектілері қамтылған. Бірақ Елбасы  мақаласының басты және айқындаушы өзегі – бұл тұтас Қазақстан қоғамын жаңғырту; ес­кірген, ілгері қозғалысқа ке­дер­гі жасайтын дәстүрлер мен шарт­тылықтардан арылу.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: «Латын жазуына кө­шу­дің терең тарихи қисыны бар. Олар: қазіргі технологиялық орта­ның, қазіргі дүниежүзіндегі ком­муникацияның, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білімнің ерекшеліктері деп» жазды. Айтқандай, латын графикасының технологиялық аспектіде, білім мен ғылым саласында, мәдени индустрияда жаппай басымдығына қазіргі таңда ешкім күмән келтірмейді. Қазір латын жазуы жалғыз христиан дінінің католиктік дәстүрімен, жалпы, Батыс өркениетімен ғана байланысты емес, әлем елдері оны прогресс пен ілгері дамудың шарты деп бағалайды.

айнары тарих қатпарларында жатқан дәстүрлі жазу жүйесі бар Қытай мен Үндістанның өзі технологиялық және экономикалық салаларын дамыту үшін латын жазуын жаппай қолдануға мәжбүр. Араб әлемі де бүгін құжаттарды рәсімдеуде, қаржы операциялары кезінде латын графикасын еш кемістік санамастан қатар пайдаланып келеді.

Ғасырлар бойы және 1929 жылдың тамызына дейін Қазақстан аумағында араб жазуы кең қолданылып келгені белгілі. 1929 жылдан бастап КСРО ОАК және КСРО ХКК қаулысымен латын әріптерінің негізінде құрастырылған «ортақ түркі әліпбиі» енгізілді. Ортақ әліпбиді Кавказ (Әзербайжан), Поволжье (Татарстан, Башқұртстан), Орта­лық Азияның барлық республикалары пайдаланды.

Латын жазуының маңызы Қазақ­стан­да сауатсыздықты жою ісінде, әсіре­се, артты; іс қағаздары латын жазуы­мен жүргізілді, көп тиражды көр­кем шығармалар латын таңбасымен жа­рық көрді. Сәбит Мұқанов, Бейімбет Май­лин және Мұхтар Әуезовтің ХХ ғасыр­дың 30-жылдарында шы­ғарылған еңбек­тері латын әрпімен басылды. Алай­да, с­талинизм мен орталықтанған билік­тің күшеюі салдарынан 1940 жылы кириллицаға өту туралы шешім қабыл­данды.

КСРО ыдырап, Қазақстан Респуб­ли­касының әлемдік қоғамдастыққа кіруіне орай латын жазуына көшу мәсе­лесінің өзектілігі жаңа серпін алды. Мәселені Қазақстан қоғамы да, дип­ло­матиялық корпус та, кәсіп­керлер де талай қозғады. Сон­дықтан барша қазақ­стан­дық­тардың пікірін ескере келіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жыл­дың жел­тоқсанында өзінің жыл сайынғы Қазақ­стан халқына Жол­дауында 2025 жылдан бастап «әліпбиді латын жазуына кө­ші­руді бастау» керектігін атап өтті.

* * *

Қазақ әліпбиін латынға ауыс­тыру барысында азаматтардың ашуын тудыратын асығыс қадамдар болмайтынын бірден атап өткім келеді. Ақын Олжас Сүлейменов атап өткен «латын мен кириллица арасындағы күрес бүкіл әлемдік сипатқа ие» деген ойымен келісу қиын. Бұл күрес қайда кең таралып отырғаны мүлде белгісіз. Алайда, Еуропаның поляк, чех, словак, словен, хорват, т.б. көптеген славян халықтары көп ғасырлар бойы латын әліпбиін қолдануда және одан қандай да бір қарама-қайшылық туып отырмағанын атап өтеміз. Одан әрі Ресей мен Украинада орыс және украин тілдерін латын әліпбиіне ауыстыруға пікірталастар қайта-қайта туындайды.   

Олжас Сүлейменов «ж» және «з» әріптері қыпшақтардан шыққанына оқырмандардың ерекше назарын аудартады. Бірақ сонымен бірге, бұл әріптер латын белгісінде тамаша көрсетілген. 

Қыпшақ тіліндегі (қазақ тілі қыпшақ тілдік топқа жатады) көптеген сөздер латыннан шыққан. Мәселен, «ф» (философия, факт), «п» (проект, постулат) әріптері бар сөздер қыпшақтардың тұрмысына латын графикасымен жазатын халықтардың лексиконынан кірген. Мысалы  латын әріптерін қол­данып қыпшақ тілінде жазыл­ған ортағасырлық «Кодекс куманикус» жазба ес­керт­кішін қарау жеткілікті. Осын­дай көптеген мысалдар келтіруге болады. 
Қазіргі Қазақстанда латын әліпбиі мен кириллица көптеген уақыт қатар қолданылатын болады. Кириллицада миллиондаған данамен ғылыми кітаптар, көркем шығармалар жасалған. Бұл біздің үлкен байлығымыз. Әлбетте, еш­кім де мұндай мұрадан бас тартпайды.

Қазақстанда, сондай-ақ Ор­та­лық Азия, Кавказ республикаларында діни орындарда араб графикасы қолданылады. Бұл өте қалыпты және орынды дәс­түр. Арабтың өрме жазуын кеңес кезінде біздің ата-аналары­мыз қолданған (айтпақшы латын әліпбиін де). Сондықтан да әртүрлі әліпбилердің қатар өмір сүруі бір-бірімізді толықтыра түседі. 

Латын әліпбиіне ауысуда сыншыларды алаңдататын бас­ты мәселелердің бірі кирилл әріп­терімен басылған кітаптар, туындылар, ғылыми еңбектерді қайта бастыру мәселесі болып отыр. 

Жоғарыда атап кеткеніміздей кирилл әліпбиімен басылған кітаптар біздің игілігіміз, біз оны қол­данатын боламыз. Бұл мәселеде өткен ғасырдың 1920-жыл­дары латын әліпбиіне өткен Түр­кия тәжірибесі маңызды көрініс болып табылады. Олар араб графикасы негізінде жария­ланған көп ғасырлық османдық ғылыми және әдеби мұраларынан қол үзген жоқ.  

Қазіргі кезеңдегі компьютер­лендіру, бағдарламалық қам­та­ма­сыз ету деңгейі, техника­лық мүм­кіндіктер ірі көлем­ді мәтін­дерді лез­де транслите­ра­ция­лауға мүмкіндік береді. Бір тіл­ден екін­ші тілге аудару үйрен­шікті дү­ниеге айналғанын интернет қол­данатын адамдар жақсы бі­леді.   

Тәуелсіздік ала сала Өз­бек­стан, Түрікменстан, Әзербайжан ел­деріне ұлттық әліпбиін латын­ға ауыстыру неғұрлым қиын болған еді. Осы жағынан алғанда, Қазақстан неғұрлым тиімді жағ­дайда болып табылады. Мысалы, заманауи IT-технологиялар 90-жыл­дарға қа­рағанда әліпбиді ау­дару, басқа да жұмыстарды ана­ғұр­лым арзанға жасауға мүм­кіндік беріп отыр.  

Ла­тын әліпбиіне өту – уақыт тала­бы. Ол халықаралық аренада Қазақстанның бәсекеге қабілет­тілігі мен субъектілігін айтар­лықтай нығайтады. Біздің өзіндік бай тарихи және халықаралық тәжі­рибеміз бар, сондықтан біздің міндет өзгеше соншалықты ауқым­ды реформадан әдеттегі қате­ліктер, келеңсіз үрдістерден құтылу бай тәжірибемізді сауатты пай­далану болмақшы.

Бүркітбай Аяған, 

Мемлекет тарихы институтының директоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Сурет "Егемен Қазақстан" архивінен алынды