Аймақтар • 10 Шілде, 2017

Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін

838 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұмытып бара жатсаң борышыңды, Арала, ата-мекен, қонысыңды, Ажары қашқан ауыл еске салар, Халқыңа азаматша болысуды, – деп жырлаған екен қазақтың белгілі ақындарының бірі кешегі өтпелі кезеңде.

Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін

 Содан бері де арада біраз жыл өтті. Біраз су ақты. Бүгінгі күні сол кезде ажары қашқан ауылдардың да сәні кіріп келеді. Елді мекендер өсіп-өркендеу жолына бет бұра бастады. Бұған белгілі бір өңірде туып-өскен, қазіргі күні туған жерінен жырақта жүрсе де ел-жұртына пайдасы мен көмегін тигізуді мұрат тұтқан азаматтардың қосып жүрген үлестері қомақты. 

Осындай көңіл күй ахуалы Ақтөбе аймағында айқын аңғарылады. Қазіргі кезде облыста Мемлекет басшысы белгілеп берген «Туған жер» бағдарламасына қатысты кең ауқымды іс-шаралар кешені белгіленді. Соның бірі таяуда құрылған «Туған жер» атты әлеуметтік жүйе болып табылады. Мұндағы басты мақсаттың бірі әлемнің әр қиырына тарыдай шашырап кеткен ақтөбеліктердің басын қосып, олардың туған жер мен туған топыраққа қандай қызмет жасап жүргендерін паш ету. Бұл үшін облыста алдымыздағы қыркүйек айында «Ақтөбе – құтты мекен» атты әлемдік ауқымдағы басқосу жоспарланған. 

Соған сәйкес маусымның мамыражай күндерінің бірінде өңірде кіші кездесу өткізіліп, оған Астана мен Алматыдан, еліміздің өзге өңірлерінен және таяу шет елдерден Ақтөбе өңірінде туып-өскен тұлғалар қатысты. Туған жерге ту тігу, оның бір қажетіне жарау – әркімнің азаматтық борышы. Өтейтін парызы. Бұл әркімнің жүрегінің қалауымен атқарылатын сауабы мол іс. «Ақтөбе – құтты мекен» форумына әзірлік аясында Мәскеу қаласындағы «Ақтөбелік жерлес­тер» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Сергей Воробьев өз сөзін осы арнада өрбітті. Сондай-ақ, ол Германия мен Израильде, Америка мен Австралияда, Жаңа Зеландия мен Жапонияда тұратын ақтөбеліктермен де тығыз байланыс ұстайтындарын жеткізді. Ең бастысы, олардың ортақ ойлары туып-өскен топырағына инвестиция тарту төңірегіне тоқайласыпты. 

С.Воробьев туып-өскен жерін шексіз сүйетінін, бала кезіндегі туған жері табиғатының қайталанбас көріністері жүрегінің түкпірінде мәңгі бақи сақталып қалғанын терең сүйіспеншілік сезіммен түйіндеп берді. Қазақ халқының дархандығы мен кеңдігі, кішінің үлкенге деген сыйластығы, ал үлкендердің кішілерге көрсеткен ізеті, менің туып-өскен топырағымның басты рухани құндылығы еді, дейді ол. Сондай-ақ, Ақтөбеде туған азамат өз өлкесінің төскейіне ерте көктемде ең алғашқы ұшып жететін бозторғайдың үні мен қасап қар кетіп үлгермей жатып, жеті қабат жерді жарып шыққан қызғалдақтар сағыныш сезімін тереңдете түсетінін ақтарыла отырып айтқанда, зал ішінде толқымаған жан қалмағандай көрінді. 

Біздің ойымызша туған топыраққа қолдау көрсету мен қолұшын берудің жолдары жеткілікті. Мұның өзі де ел-жұрт алдындағы парыз бен қарызды терең түйсіне білу және әркімнің өз мүмкіндігі мен қабілетін осы мақсатқа жұмылдыра алуынан бастау алса керек-ті. Осы орайда Ақтөбенің тумасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор  Жақсылық Досқалиевтің өңірде хирургия мен трансплантология саласын жаңа сапалық деңгейге көтеру жөнінде айқын мақсат жоспарлар құрғаны да қолдауға әбден лайықты дер едік. Осындай мақсат аясында ол бүгінгі күндері жас мамандар үшін шеберлік кластарын өткізіп, бұған дейін облыс көлемінде жасалмаған күрделі оталарды іске асыруға өз ықпалы мен көмегін көрсетуді ойластырып отыр екен. Жалпы, бұл арада өзге өңірлермен салыстыра қарағанда, ақтөбелік хирург-дәрігерлер бүйрек және бауыр алмас­тыру оталарын қазірдің өзінде шебер меңгеріп алғандарын айтқан жөн. Өңір медицинасы өрге басқанының басты бір көрсеткіші бұл. 

Түйіндеп айтқанда, облыста туған жерін көркейтуге бел буып, бұл іске өз үлестерін қосуды мақсат еткен ақтөбеліктер қатары жүздеп, мыңдап саналады. Сөз жоқ, бұл аса игі іс, байыпты бастама. Елге деген перзенттік парыздың бой көтеруінің басты индексі. Ал қазіргі кезде Ақтөбе аймағынан тыс тұратын, бұл елдің мақтан тұтар ұл-қыздары әзірлеп отырған әлеуметтік жобалар да аз емес. Оның кейбір мысалдарын жоғарыда айтып кеткен болсақ, осы қатарға халқымыздың талантты қыздарының бірі, белгілі әнші Жанар Айжанованы да қосуға болады. Оның өз еліне тигізе бастаған көмегі «қанатымен су сепкен қарлығаштан» да асып түсетінін сезіндік. «Ақтөбе – құтты мекен» әлемнің әр қиырына таралып кеткен ақтөбеліктер жан-жақтан жиылып өткізетін форумның атауы ғана емес. Ең бастысы, бұл – өңірлік «Туған жер» бағдарламасының басты тұғыры. 

Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе