Қазақстан • 10 Шілде, 2017

Астана процесі: келіссөздердің келесі кезеңі межеленді

150 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордада Сирия мәселелерін реттеу бойынша халықаралық келіссөздердің 5-раунды мәреге жеткен еді. Келіссөздерге қатысушы тараптар Астана процесінің келесі, яғни 6-раундын елордада алдағы тамыз айының соңында өткізу туралы шешім қабылдады.

Астана процесі: келіссөздердің келесі кезеңі межеленді

Екі күнге созылған келіссөздердің алғашқы күні делегациялар алдымен «жабық есік» жағдайында кездесулер өткізіп, артынша кездесуді кеңейтілген пішімде жалғастырды. Кепіл мемлекеттердің делегациялары Сирияның қарулы оппозициясының өкілдерімен ел аумағындағы деэскалация аймақтарының шекарасын анықтауға қатысты талқылаулар өткізді. Сонымен қатар, БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі Стаффан де Мистура елдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Башар әл-Джафари бастап келген Сирия үкіметінің делегациясымен кездесті. 

Екі күнге созылған келіссөздердің соңында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов алқалы жиынға қатысты қорытынды жасады. 
– Осы жылдың басында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қолдауымен және қатысуымен басталған Астана процесі үлкен нәтижеге қол жеткізді. Астанада өткен кездесулердің нәтижесінде Сириядағы зорлық-зомбылық айтарлықтай төмендеді. Халықтың бейбіт өмірін қалпына келтіру үшін көптеген жұмыс атқарылды. Оған Сириядағы әскери іс-қимылдарды тоқтату режімінің кепіл мемлекеттерінің күш-жігерімен қатар, Сирия үкіметі мен қарулы оппозицияның жанжалды бейбіт жолмен шешуге деген құлшынысы, сонымен қатар, БҰҰ тарапынан ұдайы көрсетілген қолдаулар септігін тигізді. Қазақстан келіссөздерге өз алаңын ұсына отырып, Сирия халқының қайғы-қасіретін жеңілдетуге және халықтың бейбіт өмірге оралуға деген ұмтылысына көмек көрсету арқылы зор үлес қосты,– деді Қ.Әбдірахманов. 

Сыртқы істер министрі атап көрсеткендей, Қазақстан халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған жұмыстарға көмек көрсетуін алдағы уақытта одан әрі жалғастыра береді. 

– Біздің еліміздің саясаты бүкіл әлемдегі үнқатысуды, өзара түсіністік пен бейбітшіліктің тұрақтылығын нығайтуға бағытталған. Осыған орай, Қазақстан аталған дағдарысты саяси реттеуге қол жеткізу үшін бейбіт саясатын жалғастыра береді. Мүдделі тараптар үшін тұғырнама ұсынатын болады,– деді Сыртқы істер министрі. 

Сыртқы саясат ведомствосының басшысы айтып өткендей, Сирия мәселелерін шешу жөніндегі Астана процесі аясындағы жоғары деңгейдегі 5-ші халықаралық кездесу Сириядағы атысты тоқтату режімін нығайтуға бағытталған оң нәтижелермен аяқталды. Келіссөз үстелінің басына жиылған тараптар көптеген мәселеде нақты уағдаластықтарға қол жеткізді. Алдағы уақыттағы келіссөздердің жоспары қаралды. 

– Біз Сириядағы шиеленісті әскери жолмен шешу мүмкін еместігіне көз жеткізіп отырмыз. Әскери шешімдер Сирия халқына мұнан да зор қасірет әкеліп, өңірлік және халықаралық тараптар арасында басқа қайшылықтар туындатады. Астана процесіне қатысушылар Сирия жерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату жолында тағы бір маңызды қадам жасады,– деді Қ.Әбдірахманов. 

Келіссөз қорытындысы бойынша Ресей, Түркия және Иран елдері кепіл мемлекеттер ретінде бірлескен мәлімдеме жасады. Аталған құжатты Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов оқып берді. Мәлімдемеде айтылғандай, кепіл мемлекеттер Cирия түйінін әскери іс-қимылмен шешу мүмкін емес деп санайды. «Шиеленісті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254-қарарын орындау негізінде тек саяси жолмен ғана шешуге болады», делінген онда. 

Сонымен қатар, кепіл мемлекеттер Астана процесінің осыған дейінгі кезеңдерінде қол жеткізілген атысты тоқтату режімінің арқасында Сириядағы зорлық-зомбылық деңгейінің айтарлықтай төмендегенін, оны тараптардың қолдайтынын жеткізді. Олар атысты тоқтату режімінің алдағы уақытта да сақталып, Сирия дағдарысына қатысты барлық тараптарды осы режімді бұзбауға шақырды. Құжатта бұл туралы: «Деэскалация аумағы шекарасын анықтауға қатысты жасалған жұмыстардың нәтижесінде қол жеткізілген ілгерілеушіліктерге көңіліміз толатынын білдіреміз және бірлескен жұмыс тобына барлық деэскалация аймақтарының операциялық және техникалық шарттарын соңына дейін жасауды жүктедік», делінген. Осы жұмысқа қатысты бірлескен жұмыс тобының келесі отырысы алдағы тамыз айының 1-2-сі күндері Иранда өтетіні белгілі болды. 

Елорда төрінде бесінші мәрте жиылған тараптар өзара келіссөз жүргізуге сенімді әрі ыңғайлы үнқатысу алаңын ұсынғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыстарын жеткізгенін атап өткен жөн. Ресей, Түркия және Иран делегацияларының бірлескен мәлімдемесінде бұл туралы былай делінген: «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан билігіне Сирия бойынша жоғары деңгейдегі бесінші халықаралық кездесуді Астанада өткізгені үшін алғысымызды білдіреміз. Біз Астанада Сирия бойынша жоғары деңгейдегі келесі халықаралық кездесуді 2017 жылдың тамыз айының соңғы аптасында өткізу туралы шешім қабылдадық». 

Сөйтіп, екі күнге созылған алқалы жиынның қорытындысы бойынша Астана процесінің келесі, яғни 6-раунды елордада тамыз айының соңында өтетіні белгілі болды. Осы орайда, Астана процесінің алғашқы раунды биылғы жылы 23-24 қаңтар күндері өтіп, Сирия үкіметі мен елдің қарулы оппозициясы бірінші рет бір үстел басында кездескенін айта кетейік. Халықаралық жиынның 2-раунды ақпан айының ортасында, үшінші раунды нау­рыз айында өтті. Женева келіссөздерін толықтырушы болып саналатын Астана процесінің аясында қол жеткізілген бас­ты жетістіктер ретінде Сирияда атысты тоқтату режіміне бақылау жасау жөніндегі бірлескен жедел топ құрылғанын ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар, келіс­сөздердің 4 раундында кепіл мемле­кет­тердің деэскалация аймақтарын құру туралы меморандумға қол қойғаны да шиеленіс түйінін шешу жолындағы маңызды қадам болды.

Аяқталған жиынға кепіл мемлекеттермен қатар, Сирия үкіметінің, Сирияның қарулы оппозициясының делегацияларымен қатар, БҰҰ Бас хатшысының Сирия мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистура, Иордания Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Науаф Уасфи Тель, АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Стюарт Джонс қатысқанын айта кету керек. Бұл жиынға халықаралық қоғамдастық тарапынан үлкен үміт артылып отырғанын айғақтай түссе керек. 

Әуел бастан бейбіт бітімге келуді қолдайтынын ашық білдіріп, бейтарап ұстанымын аңғартқан Қазақстан алқалы жиынға алаң ұсынумен шектеледі. Ресми Астананың ұстанымы – түйіні тарқамағанына алты жылдан асқан мәселенің шешімін табуына, тараптардың өзара мәмілеге келуіне, бейбіт халықтың азап шегуін тоқтатуға үлес қосу. Бұл миссия Қазақстанның халықаралық аренадағы мәмілегер ретіндегі беделін биіктете түсетіні сөзсіз. 

Арнұр Асқар,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген 
Мұхтар Холдорбеков