Қазақстан • 10 Шілде, 2017

Бірегей өнердің биік бәсекесі

238 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үлкенді де, кішіні де тамсантып, баурап алатын бір өнер болса, ол – цирк өнері. Астана күніне орай ұйымдастырылған «Азия жаңғырығы» цирк фестивалі қала тұрғындары мен қонақтарына мол әсер сыйлап, ерекше салтанатпен өтті.

Бірегей өнердің биік бәсекесі

«Азия жаңғырығы» цирк фестивалі биыл оныншы рет өткізіліп отыр. Жыл сайын Астана күні қарсаңында өткізілетін фестивальға Азия, ТМД елдерінен цирк өнерінің майталмандары жиылады. Түрлі пішінде, түрлі қойылымдармен көрермендерге рухани азық сыйлап жүрген думанды өнер додасы биыл да өз дәрежесінде ұйымдастырылды. 2-6 шілде аралығында төрт күн бойы «Астаналық циркте» қайталанбас қойылымдарын тарту етті. 
 Цирк өнерінің дамып, көркейіп келе жатқанына «Дю Солей» циркінің өнерін тамашалаған сонау бір жылдары көзіміз жеткен. Адамдарды қолға үйретілген аңдармен қызықтырудың да біртіндеп қалып бара жатқаны байқалған еді. Өйткені, дүниенің бәрі қол созымдай жерде тұрғандай көрінетін мынау жаһандану дәуірінде адамдарды таңғалдыру, сезімдерін қозғау онша оңай шаруа емес. Сол үшін әрбір елдің айтулы өнер иелері жиналатын фестивальдың өзінің пішінін өзгертіп тұрмаса, жұртты жалықтырып алу оп-оңай. Биылғы фестивальда басымдық цирк әртістерінің шеберлігіне, олардың бірегей өнеріне берілді. Астана циркі күмбезінің астындағы акробатикалық ұшу қондырғысы, цирктегі манеж-трансформер, лазерлі шоуға арналған жабдықтар түгелімен пайдаланылды. Бірегейлік демекші, фестивальдың алғашқы күнінде өнер көрсеткен ресейлік атақты арқанмен жүруші, 63 жастағы Василий Пешковтың бес метрлік биіктіктен құлап кетуінің өзі бірегейлікке барабар болды. Неге десеңіз оның құлап кеткенін былайғы көрермендер сезбей де қалды. Қандай трюктерді де қобалжымай орындап, қосымша сақтық арқанын пайдаланбай дар үстінде жүретін Пешковтың сахнаға әр шығуы оның өнеріне қанық көрермендер үшін мереке. Сондай-ақ, фестивальдың Гран-при жүлдесін иеленген монаколық эквилибрист Олег Изосимовтың өнері бірегейліктің үлгісі болды. Кеңістікте дене тепе-теңдігін сақтауда әртіс үздік өнер көрсетті. 


 Жалпы, өз елімізден өнер көрсеткен, сондай-ақ, Мысыр, Монако, Қытай, Ресей, Беларусь, Түрікменстан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген дардың үстінде, аспалы сатыларда «белбеулер» нөмірімен ауада «ұшып жүріп» немесе кәдімгі жуан-жуан таяқтарды пластикалық шеберлікпен қолданып өнер көрсеткен цирк әртістерінің осалы болған жоқ. 
 Өнер сайысында «Астаналық цирк» директоры Ерік Жолжақсынов төрағалық еткен, құрамында Кривой Рог мемлекеттік циркінің директоры Сергей Кабаков (Ресей), Беларусь мемлекеттік циркінің директоры Владимир Шабан, Цирк әртістері қауымдастығының директоры Лолита Липинска (Латвия), «Ереван цирктің» көркемдік жетекшісі әрі бас директоры Джозеф Сос Петросян (Армения), Өзбек мемлекеттік циркінің бас директоры Бахтиер Турсунов (Өзбекстан), Венгрия ұлттық циркінің көркемдік жетекшісі Питер Фекете (Мажарстан) сынды цирк өнерінің майталмандары бар қазылар алқасы түрлі елдерден келген әртістердің өнерлерін сарапқа салды. Сонымен, өнер жарысының Гран-при жүлдесі монаколық эквилибрист Олег Изосимовке, алтын жүлде «Орыс таяғы» нөміріне (жетекшісі Ерлан Әзизов, Қазақстан), «Төсем» нөміріне (Максим Виноградов және Вероника Рыбченко, Беларусь), «Белбеулер» нөміріне (Парахат Оразлыев, Түрікменстан), «Діңгек» нөміріне (жетекшісі Константин Гвоздецкий, Ресей), «Легион» нөміріне (жетекшісі Нұрлан Алшынбаев, Қазақстан) берілді. Ал қырғызстандық Эркинбек Саралиевтің «Соло жонгляж» қойылымы, украиналық Денис Маголаның жетекшілігімен турникте өнер көрсетушілер, ресейлік «Батут» қойылымы, өзбекстандық Рустам Хаматовтың жетекшілігімен қойылған «Белбеулер» нөмірі күміс жүлдемен марапатталды. Фестивальға қатысқан әртістердің ешқайсысы да жүлдесіз қайтқан жоқ. Қола жүлде, Астана қаласы әкімінің сыйлығы, «Көрермен көзайымы», басқа да арнайы сыйлықтар барлық қатысушыларға бұйырды.

Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген 
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»