Қазақстан • 10 Шілде, 2017

Алимент өндіріп алу тетіктерін жетілдіруді ұсынды

445 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен) Асқар Шәкіров Бас Прокурор Жақып Асановтың атына үндеу жолдап, кәмелетке толмаған балаларды асырауға алиментті өндіріп алу тетіктерін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстарын білдірді.

Алимент өндіріп алу тетіктерін жетілдіруді ұсынды

Үндеуде елімізде ана мен баланы қорғау бағытында атқарылып жатқан игі шаралар сөз болған. Нақтылай айтқанда, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап бала туылуына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы көлемінің 20 пайызға өскені, мемлекеттің әлеуметтік бағдары дұрыс жолға қойылғаны, «Алимент төлемегендерге қарсы 30 қадам» атты ауқымды қоғамдық жобаны жүзеге асырудағы Бас прокуратураның маңызды рөлі атап көрсетілген.
Сондай-ақ, үндеуде ұлттық құқық қорғау мекемелеріне алиментті өндіріп алу бойынша сот актілерінің орындалмағаны жөніндегі арыз-шағымдардың көптігі айтыла келіп, бұл мәселеге орай нақты шаралар көру қажеттігі қозғалған. 
Бұған қоса, Омбудсмен өз үндеуінде сот шешімдерінің дер кезінде орындал­мауына қатысты бірнеше себептерді атаған. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл­дің осы мәселеге байланысты дерегіне қарағанда, сот орындаушылары атқарушы құжаттарды мерзімінде жеткізбейді немесе жоғалтып алады, борышкерлерден заңнама жүзінде мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары іске асырылмайды, алимент төлеуден жалтарған азаматтарға қарсы қозғалған істі қарау кезінде құқық қорғау органдары шұғыл шешімдер қабылдамай, соның салдарынан іс барысы себепсіз созылып кетеді. 
Жалпы, жоғарыда аталған себептерден кейбір мемлекеттік қызметкерлердің өз ісіне немқұрайлы қарайтыны, соның кесірінен өтінім беруші азаматтар зардап шегетіні анық байқалады. Осылайша, азаматтар алименттік міндеттемелер белгіленген сәттен бастап бүкіл кезең үшін алашақ сомасын өндіріп алу мүмкіндігінен айырылады. Ал сот бұйрығының түпнұсқасын қайта қалпына келтіріп, іс жаңадан қозғалған жағдайда, «Неке және отбасы туралы» Заңның 169-бабына сәйкес, алиментті өндіріп алу үш жыл мерзімінде жүзеге асырылады. 
Осы орайда Омбудсмен өз үндеуі арқылы жоғарыда көрсетілген заңнама нормасына соттың алимент төлеу міндетін белгілеген күннен бастап, атқарушы құжат негізінде борышкерден төлемдерді өндіріп алу мерзімін енгізуді ұсынды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл осы мәселеге байланысты: «Сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыру және тараптар арасындағы даулы жағдайлардың алдын алу үшін азаматтық іс жүргізу кодексінде сот бұйрығының бағытын өндіріп алушыдан емес, борышкердің тұрғылықты мекенжайы бойынша әділет органынан анықтау және «Атқарушылық іс-жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңда көрсетілген алимент өндірістері бойынша атқарушылық құжатты өндіріп алушыға емес, шешімді қабылдаған сотқа қайтару керек», дейді.
Сондай-ақ, Омбудсмен алимент өндіру ісінің өзіндік ерекшеліктері мен қолданылу тәжірибесінің өзгешелігі туралы айта келіп, алимент өндіру мәселесін ювенальды соттардың қарауына беру керек» деген ұсынысын да білдірген.
Үндеуде жазылғандай, алимент төлемеушілерге қатысты қозғалған істің көбі борышкердің қаржылық мүмкіндігі жоқтығы дәлелденгенен кейін тоқтатылады. Жоғарғы Соттың «Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы» нормативтік қаулысына сәйкес, алимент төлеуден жалтарған адамды жауапкершілікке тарту жоққа шығарылады. Ал қылмыстық заңнамада оған жаза кесілетіндігі көрсетілген. Омбудсмен осы қайшылықтарды жою қажеттігін алға тартады. Бұған қоса, үндеуде алимент төлеуден бас тартқан азаматты құқықтық шектеу не бас бостандығынан айыру мәселенің оңтайлы шешімі бола алмайтыны айтылған. Осыған орай Омбудсмен алимент төлеуге қабілетсіз деп танылған азаматтарды қоғамдық жұмыстарға тарту, оларды ынталандырудың балама көздерін қарастыру қажет деп есептейді.
Үндеудің соңында ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, құқықтық сана-сезімді көтеру, отбасылық құндылықтарды насихаттау, құқықтық білім беру, сот орындаушыларын оқыту іс-шараларын тұрақты жүргізу, медиация институтының тәжірибесін кеңейту, осы саладағы кәсіби медиаторларды дайындау және басқа да маңызды мәселелер қозғалған.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»