Аймақтар • 10 Шілде, 2017

Ескі «Москвичпен» екі жарым күнде 2 мың шақырым жолды жүріп өтті

136 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, Риддердің үш тұрғыны ескі «Москвичпен» облысымыздың көрікті жерлерін бар болғаны екі күннің ішінде аралап шығыпты. Нақтырақ айтсақ, олар осы мерзім аралығында 1900 шақырымды бағындырыпты.

Ескі «Москвичпен» екі жарым күнде 2 мың шақырым жолды жүріп өтті

Бір мекемеде еңбек ететін үш жігіт – Виктор Володин, Владимир Барышев пен Артур Полеткин таза ауаға шығып, саяхаттағанды тәуір көретіндіктерін айтады. «Атың барда ел таны желіп жүріп» дегендей, Артур 2007 жылы сатып алған «Москвичімен» бұған дейін 200 мың шақырымға жуық жерді жүріп өтіпті.

«Әрине, екі жарым күн бізге оңай соққан жоқ. Риддерден шығып, Зырян мен Үлкен Нарынды басып өтіп, таң қылаң бере Зайсанды бетке алдық. Зайсан көлінің жағасымен 20 шақырым жүрдік. Ешкіөлмес пен Қиын керішті тамашалағаннан кейін «Марқакөл қайдасың?» деп Күршім өңіріне қарай тарттық. Бәрінен де бізге қиын соққаны, кезінде Австрия тұтқындары салған Мрамор жолы болды. Асуға шығу үшін жаман мәшинеміз бір емес, бірнеше рет тоқтады. Теңіз деңгейінен 1399 метр биіктіктегі Мрамор асуына шыққан кездегі көрініс ғажап екен. Қытайдың шекара жақ беті шөл дала, әппақ қудай, біздің жақ жап-жасыл, жайқалып тұр. Қысқасы, бұл бір естен кетпес, тамаша сапар болды. Шырайлы Шығысымыздың көрікті жерлерін аралап, керемет әсер алдық», - дейді Виктор Володин.

Азамат Қасым,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы