Театр • 10 Шілде, 2017

Әңгімемен өрілген ән-күй кеші

421 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елорда күні мерекесі қарсаңында өтетін ерекше бір дәстүрге айналған шара "Астанаға тарту" атты ұлттық өнер саңлақтарының ән-жыр, күй кеші.

Әңгімемен өрілген ән-күй кеші

Кешті белгілі жыршы, фольклортанушы ғалым Берік Жүсіп жүргізді. Жүргізушіні алдын ала арнайы айтып отырғанымыздың себебі, бұл кеш өзге концерттерден өзгеше өтеді. «Астанаға тартуды» 2015 жылы Бекболат Тілеухан жүргізіп әр ән айтылар алдында сол әннің тарихына, жалпы жұрт біле бермейтін кілтең тұс, қағаберіс қалтарыстары жайын қысқаша айта отырып әншіні сахнаға шығарғанда ел-жұрттың ықыласы ерекше болып еді. Сол үрдіс өткен жылы да, биыл да жарасымды жалғасын тауып, өз тыңдарман, көрерменін қалыптастырып үлгергендей. 

Кеш әйгілі Біржан салдың «Базарың құтты болсын, ардақты елім, ардақты елім!» деп басталатын атақты «Айтбай» әнімен басталды. Әрине, жүргізуші «Айтбай» туралы айтпай қалған жоқ, бұл әннің тарихы туралы Ахмет Жұбанов, Қажым Жұмалиевтердің пікірін келтіре отырып, «Айтбайдың» Айтбай деген қызға арналғаны туралы әннің:

«Атымның қақ тұрады сауырына,

Қос тепкі салып келем баурына.

Қолынан шәй құйдырып ішейін деп,

Келемін Айтбай сұлу ауылына» деп келетін екінші түрінен бір шумақ мысал келтірді. Бұл көп тыңдарманға тың дерек әрине. Осыдан кейін екпіні ел шулатқан Ерлан Рысқали сахнаға көтеріліп домбыраны қағып-қағып жіберіп «Айтбайға» басқанда айқайлап шулаған ел енді басталдған кешті шырқау биігіне бірақ көтерді.

Ән күймен жалғасты. Тарихта Қоқаннан қорлық көріп, Қызыл өкіметтен қырғын тауып, аты неше ауысып бүгінде Қызылорда болып отырған ежелгі Ақмешітке арнаған Қаршыға Ахмедияровтың «Ақмешіт» күйін Салтанат Құдайбергенова орындады. Күмбірлеген күйді Оралдан келген Армат Исламғали Сартайдың «желдірмесімен» жалғады. Жүргізуші Сартай Көшкіншіұлы жайлы, «Сартай ұлтшыл болды, ұлт азаттық көтерілістің бел ортасында жүрді. Бір кездері оның атын айтуға болмайтын еді» дей келіп, Сартай термелерінің күні бүгінге дейін халық термесі болып айтылып жүргендігінің себебін тарқатты.

Әуелеген ән, күмбірлеген күй енді сызылта көтеріліп, шырқау шыңына жете бебеулеп тұрып алған сыбызғының сырлы үніне жалғасты. Шыңғыс Маханұлы тартқан сыбызғы күйі сахнаны сиқырлап алды. Өзі жыршы, өзі ғалым, анау Сыр сүлейлері, телегей теңіз дәрия шалдардың шаңын көріп талай таңды бірге атырған өнер иесі алқалы топтың алдында ақтарыла айтып отырған әңгімесін әнмен қайырса, өзі де бір ерен рахатқа батады екен-ау. Маңдай терін сүртіп қойып, Уайыс әнші, Тұраш күйшілердің өнермен өрілген өмірін, талқыға түскен тағдырын сөйлей келіп, нағыз күміс көмей, жезтаңдай әнші Ардақ Истаеваға Уайыстың «Перуайым» әнін шырқатты. «Бұл күйде өтпелі өмірдің өкініші мен тас шайнаған жастықты аңсау бар, күйдің соңына аса назар аударып отырыңыздаршы, аяқталуы ерекше...» деп Тұраштың күйін тартуға Батырлан Әбеновті шақырды. Ән туралы әңгімелеу өз алдына, күйді әңгімелеп бергеннен кейін тыңдау шынында өзгеше әсер етеді екен. Ары қарай Жайлау Асылxанов Қазанғаптың «Табақ тарту» күйімен кеш салтанатын онан сайын асыра түсті.

Ендігі кезек Мұхит әніне келді. «Үлкен айқайға, «Үлкен айдайға» басу үшін үлкен әнші керек. Әйтпесе, «Үлкен айдайды» айтамын деп кішігірім ауру тауып алуға да болады. Әзілге айтып отырған жоқпыз, ондай жағдай елдің арасында болған..» дей келе Мұхит әндерін жеріне жеткізе айтып, төрге шығарып жүрген бұлбұл көмей Айгүл Қосанованы жұрт алдына шақырды. Шынында шырқап-ақ берді! Кезек Жанғали күйшіге келді. Жанғали десе шертпе күй, Сүгір, Тәттімбет елестейтіні анық. Жүргізуші сөзді «мен консерваторияға келгенде консерватория Сүгірдің «Бозінгені» мен «Қаратау шертпесін» ғана шертеді екен...» деген күйшінің өз сөзімен бастады. «Ол рас. Өмірде бағы жанбаған Сүгір күйшінің күйлерінің бағын ашқан осы Жанғали» деп қостады. «1961 жылы Мұхтар Әуезов Сүгірді тыңдап «мен екінші Тәттімбетті көрдім» деген екен. Сол кезде радио да, телевидение де бар, неге Сүгірдің өз шертуінде жазылып алынбады екен?» деген өкіншін оның атақты «Созақ көтерілісіне» қатысқанын, орысқа қарсы шыққан Амангелді Имановқа күй арнағанымен байланыстыра келіп, сахнаға Сүгірдің «Тоғыз тарау» күйімен Жанғали Жүзбайды шақырды.

Күй жырға ұласты. «Кереге, уық тапқанмен,

Басын қосатын шаңырақ жоқ.

Түйе, тайлақ жиғанмен,

Аунап жатар шаңлақ жоқ.

Сайрайтын небір бұлбұл бар,

Бау менен бақша, шарбақ жоқ.

Үй басына бір есек,

Суырылып озар саңлақ жоқ.

Қаумалаған жігіттер,

Бақытың тайса басыңнан,

Халық түгілі, қатын-балаң да,

Айтқан бір тілді алмақ жоқ.

Аты мәшһұр әр жерде,

Жақсылардың сөзіне,

Құлақтың құрышы қанбақ жоқ.

Алла айдаса әрқайда,

Баратұғын домалап,

Адамнан өткен қаңбақ жоқ, деп жырлағандай Сыр бойында айтылатын термелердің өзегі Алланың аяты, Пайғамдардың хадистері еді. Енді сондай бір жырға кезек берелік», деп сахнаға жыршы Айгүл Елшібаеваны шақырды. Айгүл Тұрмағамбет жыраудың термесін өзгеше мәнерде орындап тыңдарманын тәнті етті. Онан соң Клара Төленбаева сырнайымен Естайдың «Сандуғашын» сызылтты. Шолпан Даржанова Кененнің «Мен сүйемін халқымды», Гүлмира Сарина «Аягөз – ару» әнін шырқады. Бұл кезде Мұқағали жанымен өгіздей өріліп сонау «Сәби болғым келедіден» бастап 20-ға жуық өлеңіне ән жазған Тұрсынғазы Рахимов туралы да айтылмай қалған жоқ.

Ендігі бір өнерпазға ерекше мақтау айтылды. Маңғыстаудан келген Нұрым Асқановты «әйгілі «жеті қайқыға» сегізінші қайқы болып қосылатын...» деп  Қашаған жыраудың Есқали сұпыға айтқан «Боқтағаның қай ағаш?!» толғауымен сахнаға шығарды. Бұл баға артық та болар, кем болар оны уақыт көрсете жатар. Ал, Нұрым қайқылардан қалған із екенін айтқан жырымен дәлелдеп берді.

Бұл кеште Еркін Шүкіман ән салатынын алдын ала хабарламадан білгенбіз. Күтіп отырмыз. Жүргізуші Еркінді сахнаға шақырар алдында репертуар жайлы әңгіме қозғады. «Әншінің де, күйшінің де, жыршының да өнердегі негізгі көрсеткіші – репертуар. Өкінішке қарай, бізде қазір одан гөрі саxнада әртістің киімі мен түр-тұрпаты көбірек бағаланатын болып жүр. Марқұм Жәнібек Кәрменов ұстазым "үш жүзге тарта ән білемін" деп отыратын, бірақ кезінде соның бәрін таспалауға үлгіре алмады, өкінішті. Қазақ әнінің Қайраты – Қайрат Байбосынов бес жүзден аса ән айтыпты. Бұл да өз кезеңі үшін рекордты көрсеткіш. Ал, Еркін Шүкіман алты жүзге тарта ән салады» дегенде халықтың қазынасын арқалап жүрген айтулы әншіге деген елдің ықыласы ерекше болды. Еркін де бабында екен, қалқтып, сорғалатып, екпіндетіп, үзілтіп, құйқылжытып, қайта серпіп салды дегейсің.

Керемет кеште Саян Ақмолда қобыз күйін күңірентсе, Абылғазы Аxмади «Ел айырылған» күйін тартты. Ал, айтулы жыршылар Ұлжан Байбосынова, Берік Жүсіптің сахнаға шыққаны, бір жырдың өзін неше түрлі әуенмен аунақшытып, ағындатып, арындатып, солықтатып, сорғалатып жырлағаны туралы айту бөлек әңгіме. Біздің жазып отырғанымыз кеш барысында айтылған әңгімелердің бір парасы ғана екенін де қапарге сала кетейік. Кімнен қандай ән тыңдағысы келетін айтып жүргізушіге хат жолдаған көрермендер тіпті көп болды. Амал не, уақыттың еркіне бағынуға тура келді.

Шынында Астанаға тарту болған айтулы өнер кешін әнші Перизат Тұрарова түйіндеді. Сонымен бірге Астана филармониясының жанындағы "Қорқыт" фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен Ә. Қазақбаев жетекшілік ететін көне аспаптар квартеті қатысып, өнер көрсетті. Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласы Мәдениет, мұрағаттану және құжаттама басқармасы бірлесіп ұйымдастырған бұл жоба ары қарай жаңарып түлеп, төл өнеріміздің төрге озуына еселі үлесін қоса бергей!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»