Қазақстан • 11 Шілде, 2017

Отандық туризм: іркілістен ізденіске дейін

2806 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жаздың бел ортасына жақындадық. Жұрт жан-жаққа демалысқа кетіп жатыр. Осындайда ойланамыз: туризм деген тұғырымыз берік пе? Қара жерге халық ие болғанда, нуымен, суымен, топырағымен сәнді жердің ырысын, таусылмас қазынасын қаншалықты игеріп, игілікке жаратудамыз деген бәсірелі бір сауал көкейде тұрады.

Отандық туризм: іркілістен ізденіске дейін

Салмағы үлкен, қатпары қалың. Өйткені, тікеннен гүл өсіріп, заһардан бал алып отырған елдер бар. Ал біздікі «қарағайда қырық бұтақ, біреуі ғана қамшыға сап» деген мәніс емес пе?! Әлмисақтан шөл жағалап емес, көл жағалап қонатын елміз. Табиғаттың тал бесігінде тербеліп, қоршаған ортамен біте қайнасқан қазақтың «Кеудесі түкті Жер-ана, құт дарыт та, жарылқа!» деген тілегін Құдай бере салған. Егістік пен мал шаруашылығын былай қойғанда, төрт мезгілде де түрленіп, түлеп сала беретін, туризмге сұранып тұрған жер жаннаты жетерлік. Түркі әлемінің төріндей Алтайдан Алатауға дейінгі зәу-заңғарлар, Каспийден Балқашқа дейінгі көкшулан айдындар, қаһарлы қағанаттар көзіндей Ұлытаудан Қаратауға дейінгі тарихи кесенелер, суы да, нуы да ем, ауасы саф тағы қанша қымбат та көрікті орындар елімізде баршылық. Яғни, отандық туризмнің асығы алшысынан түсуіне қажетті табиғат сыйы да, тарих сыйы да көп. Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» қағидаттарымен де қабысатын қарқынды өсу үстіндегі сала. Ендеше ішкі туризмді дамытудағы ізденісіміз қандай, іркілісіміз неде? Осы сауалға жауап іздеп көрелік.

Бурабай

Әлбетте, арқан бойы жердің, тұсау бойы жақындығы бар. Бүгінде Бурабайдың күні оңынан туды. Бұл түсінікті де. Елордаға ең жақын көрікті табиғат аясы – Көкше жерінде. Әгәрәки, Алатау жақын болса, астаналықтар Алатаудың шыршалы шыңдарын да толтырар еді. Өйткені, қаланың қандай ғаламат ғимараттары болса да, жаратылыстың бір пұшпағына жетпейді. Бүгінде Бурабайға жету қиынға соқпайды. 250 шақырымнан астам айнадай автодаңғылды жеңіл көлікпен басып өтуге, 2-3 мың теңге аралығындағы таксимен жетуге, сондай-ақ автобуспен 1300 теңге шамасында, пойыз немесе «электричкамен» 1000 теңге көлемінде баруға болады. Алматыдан Көкшетауға аптасына үш мәрте ұшақ қатынайды. Отандық туризмнің белсенді насихатшысы, саяхатшы-блогер Марфуға Шапиян жақында әлеуметтік желідегі парақшасына Бурабайдағы демалыс туралы бірқатар мағлұмат жариялаған екен. Блогердің айтуынша, Бурабайға жетіп алғаннан кейін демалыс аймағын еркін аралауға ең қолайлы көлік велосипед көрінеді. Ал ақылы жағажайлар адам басына 800 теңгеден алады. Әйгілі Жұмбақтасқа қайықпен баруға болады. Қайықты жарты сағатқа жалға алу құны – 3 мың теңге. Оқжетпес пен Көкшетау шыңдарына шығу үшін арнайы экспедициялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ Абылай хан алаңы атты тарихи ескерткіш орнына келушілер көп. Айналасында кәдесыйлар сатылады. Биыл этноауыл да осы хан алаңында бой түзеген. Сол сияқты Кенесары үңгірі де Бурабайға барған жан көруі тиіс тарихи орындардың бірі. Жер сәулеті – орманның қарағай аңқыған ауасымен тыныстағанның өзі неге тұрады?! Оның сыртында дәмі тіл үйірер әйгілі Көкшетау балмұздағы да бар. Ал қонақ үй бағалары 10 мың теңгеден басталса, демалыс базалары 3-4 мың теңгеден бастап қабылдайды. Сонымен бірге Абылай хан атындағы тарихи-өлкетану музейін аралауға болады.

Алтай

Жазушы Таласбек Әсемқұлов жазғандай, қарағайдан қарағайға секірген тиіні жерге түспестен ұлы мұхитқа дейін жететін ну орманды Шығыс Қазақстан жері туралы мақтанышпен айта аламыз. «Бұл маңайдың әдемілігі Еуропадағы Шуетсария тауларынан анағұрлым ілгері. Шуетсария өзіне Шуетсария, Қазақстанның ішінде Алтайдан әдемі жер жоқ. Алтай – жердің жұмағы, Алтай – біздің жер. Алтайда болған адамда арман жоқ!» деп жазған еді бір ғасыр бұрын Смағұл Сәдуақасұлы өзінің «Қазақстан» атты мақаласында. Расында, Алтайдан әдемі жер жоқ. Өзендер өрнектеген өлкеде Ертісіңіздің өзі Қара Ертіс, Ақ Ертіс, Жоғарғы Ертіс, Төменгі Ертіс болып сан құбылып ағады. Жол-жөнекей Зайсан көліне құйып, қайта ағып шығады. Әу бастағы бастауы – Марқакөлдің биігіндегі мұзарт таулардағы Жетіқаба өзендері. Былай барсаңыз, Бұқтырма мен Тұрғысын өзендері жатады жон арқасы жалтырап. Мұзтаудан бастап Бүркіт тауы дейсіз бе, Тарбағатай жайлауы дейсіз бе, қия беткейі жаздың өзінде кірпігіңізге қырау қатыратын әр заңғардың бір атауы, өзіндік болмысы бар. Оларды біріктіріп тұрған ортақ атау – Алтай. Бір өзін төрт мемлекет еншілеп жатқан адамзаттың алтын бесігінің бірі Алтайда Қазақстанның қиыр шығыстағы Глубокое, Зырян, Катонқарағай, Күршім аудандары мен Риддер қаласы орналасқан. Осылардың ішінде, әсіресе, Катонқарағайдың туристік әлеуеті зор. Ауданда көптеген пантымен емдеу орталықтары мен шипажайлары қызмет көрсетеді. Алтайдың асау бұғылары бір жыл көтерген шаңырақтай мүйіздеріндегі бар қуатын шипажайға ағылған туристерге «тарту» етеді. Оның денге, тәнге шипасы туралы әңгіме әлбетте бөлек. Тіпті, жер бетіндегі жаратылыс сұлулығын сезіну үшін де бір сәт бұл өлкеге бет бұруға болады. Облыс орталығы Өскеменнен Катонқарағай ауданындағы шипажайларға дейін шамамен 300-400 шақырым жол жүресіз. Егер Қалба тауы жағымен баратын жолды таңдасаңыз, Бұқтырмадан паром арқылы өтесіз. Ал Зырян ауданымен жүрсеңіз, Алтайдың бас айналдырар серпантинін тамашалауға мүмкіндік аласыз. Қалай дегенде де, қос қапталыңыздан қалмайтын әсем табиғат алыс жолда жалықтырмайды. «Рахман қайнары», «Нұрбұлақ» сияқты шипажайлардың эконом класты номері тәулігіне әр адамға 18 мың теңгеден айналады. Бұл шипажайларды қымбатсынсаңыз, отбасылық демалыс орны ретінде Алтайдың бір сілемі Қалба тауының ішіндегі Шыбындыкөл, Сібе көлдерінің жағалауындағы немесе Бұқтырма жағасындағы демалыс аймақтарын таңдауыңызға болады. Қарағайлы қалың жыныс, таудың тұнық, сабат суы мұнда да бар.

Алакөл

Қазақстанның інжу-маржанына баланатын бір жер – Алакөл. Бұл көлдің суы жанға майдай жағар жұмсақтығымен, тәнге шипа болар минералдарымен де әйгілі. Қуанарлығы, жыл сайын Алакөлдің туристік әлеуеті ұлғайып келеді. Былтыр Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жағалау жағдайы қатаң бақылауға алынып, бұған дейін бей-берекет жатқан жағажай біршама ретке келтірілді. Жергілікті бюджеттен жарты миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, демалыс аймағы абаттандырылды. Жолға асфальт төселді, автотұрақтар салынды, кішігірім саябақтар бой көтерді, жарлауыт жағалау қоршалып, көрер көзге көрікті бола түсті. Қазіргі кезде жағалау нөпір халыққа толы. Бұл келешекте көлдің келесі кезектегі жағалауын бас жоспар негізінде жүйелі дамытудың қажет екенін және оның жақын жылдарда атқарылуы тиістігін көрсетеді.

Алакөлге бүгінде түрлі бағытпен жетуге болады. Орталық қалалардан аудан орталығы Үржарға дейін ұшақпен жетуге мүмкіндік бар. Бірақ бұл ұшақтарға билет табу қиын әрі маусым кезінде тым қымбатқа түседі. Ал пойыз Алакөлдің батыс жағалауындағы жағажайға ғана жеткізеді. Сондықтан, ең дұрысы, автобус пен автокөлік. Әрине, жолдың жағдайы әлі толық шешімін тапқан жоқ. Өскемен мен Семей немесе Талдықорған арқылы келсеңіз де, өзіңізден бұрын көлігіңіздің жағдайын уайымдаумен боласыз. Яғни, көлдегі инфрақұрылымды дамытуға бірінші кедергі – жол мәселесі.

Ордалы Оңтүстік

Әрине, жоғарыдағы нысандардың туристік маусымы тым қысқа қайрылатындықтан да инвестиция салуға құлықсыздық бар шығар. Бірақ, түптің түбінде бұл мекендер әлемге әйгілі туристік кластерге айналатынына сенім мол. Ал еліміздің оңтүстігі күншуақ климатына сәйкес тіршілігі қызу қайнап жатқан өңір. Соның ішінде, бағзыдан жеткен көне қалалар мен қорғандардың орындары, іздері, әйгілі кесенелер мен күмбездер археологиялық-тарихи туристік бағыттарға бай екенін көрсетеді. Есік, Талғар, Талхиз, Тараз, Сауран, Отырар, Түркістан сияқты ертедегі қалалардың орнын көру, көне тарих көмбесінде қалған ата-баба мәдениетімен танысудың өзі бір ғанибет қой.

Ойдан ой боталайды. Қаратаудан бойлап, Қазығұрттан жайлап, Өгемге дейінгі оңтүстіктегі жер бедерінің де өзіндік сән-салтанатын байқай бермейміз. Алдыңғы жылдары Қытайдың Шыңжан өлкесіндегі Шағантоғай ауданына сапарлап барғанымызда Барлық жотасында 200-ге тарта гүлдің қауыз жарар кезінде ішкі Қытайдан туристер ағылып, гүл фестивалін ұйымдастыратынына тәнті болған едік. Бізде де жер жаннаты – Жетісуда, тіпті, алысқа бармай-ақ Талдықорған мен Алматы қалалары арасындағы жолдың қос қапталы мамыр мен маусым айларында қып-қызыл жауқазынға тұнып тұрады. Осы бір ғаламат көрініс те туристерді тартуға пайдалануға боларлықтай. Оңтүстіктің Түлкібас ауданында Шұбайқызыл атты жер бар. Шұбайқызыл десе шұбай қызыл. Биыл осы ауданда шымқай қызыл гүлдердің фотофестивалі ұйымдастырылды. Келешекте де суретшілер пленері, шетелдік саяхатшылар мен журналистер басқосуы өткізіліп жатса, ел мен жердің насихатын арттыра түсетіні сөзсіз.

«Елдің құты белеңде, судың құты тереңде» дегендей, туризмге тіленіп тұрған тамаша жерлеріміз көп. Бірақ, айды етегіңмен жаба алмайтыныңыз, күннің көзін балшықпен сылай алмайтыныңыз сықылды жалаң мақтанмен де алысқа ұзамайтынымыз анық. Бәрі өзімізден, өз бағамызды өзіміз бағаламаудан туады. «Пайдасыз бұлт теңізге жауады» дегендей, қалтамыз қампайса шет ел асуға құмармыз. Әрине, ішкі туристік нысандарда заман талабына сай салынған қонақ үйлердің бағасы қалтаға қымбатқа түсетіні жасырын емес. Туристердің көңілі осы үшін де қалып жатады. Бірақ, суға толмас шөлдегі шұқанақ сықылды сарқыла беруге себеп жоқ. Өзен көлге, көл елге құяды. Отандық туризмге құйған қаржы жылдар өте келе инфрақұрылым болып өзімізге қайтады. Айталық, туризмді жолға қойған Грекияға жыл сайын 20 миллион турист келеді екен. Ішкі жалпы өнімнің 15 пайызын туризм береді. Биыл Болгарияда жыл басындағы екі айда туристердің келуі 19 пайызға көбейген. Ал Түркия әлемде танымал туристік бағыттар бойынша алтыншы орында тұр. Яки, туризм дегеніміз – тың өріс, тың кіріс. Сондықтан, Анталья асып, Кемер жағаларда, Дубайда думан құрар алдында бір сәт еліміздің жақұт-жауһарларына да назар аударғанымыз абзал.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»