Қазақстан • 11 Шілде, 2017

Сана жаңғырмай, қоғам серпілмейді

271 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тәуелсіз елдігіміздің қалыптасуы, өсіп-өркендеуі мен өркениет санатына қосылуына дейінгі бастапқы даму кезеңдерінде ұлттық идеология бірден қаулап кете қойған жоқ. Өтпелі кезеңдерді өткерді. Өйткені, әуелі елді, оның экономикасын көтеру керек болғанын Елбасының өзі де үнемі еске салып отырды. «Әуелі – экономика, сосын – саясат» деген ұстанымға басымдық берілді. Оның нәтижесін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Қазақстан экономика мен саясатта таңдалған бағыт-бағдардың дұрыстығын сезінді. Мемлекеттіліктің ширек ғасырында әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қосылдық. Енді, міне, ұлттық идеологияға да кезек келді. Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын шын мәнінде экономика мен саясатқа рухани өң беретін, шырай енгізетін ерекше бағдарламалық құжат дер едік.

Сана жаңғырмай, қоғам серпілмейді

«Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның Үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым. Осылайша біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық.

Біздің мақсатымыз айқын, басым­дылығымыз белгілі. Ол – әлем­дегі ең дамыған 30 елдің қата­рына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басым­дылықтары мен оған жеткізетін жол­дары бар. Мен көздеген жұмыс­тарымыздың бәрі дер уақы­тында және барынша тиімді жүзеге асатынына сенімдімін. Бірақ ой­лағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз.

Мақсатқа жету үшін сана­мыз­дың ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», деп Президент алға басуымыздың алғышарттарын атап көрсетті.

Сана жаңғырмай, қоғам сер­піл­мейді. Әлемдік бәсекелестікке қабілеттілік жаһандану үрдісіне білім­мен, озық технологиялармен, қоғамның кемелденген сипаты­мен, жаңаша ойлап, еңбек ете білу­мен, осы заманғы ақпараттық техно­логиялардың тілін тауып, ұлы көштің додасына шынайы қо­сыла алумен ерекшеленеді. Ел­басы бес институттық рефор­ма аясында Ұлт жоспарының нақты қадамдарын және оны жүзеге асыру жолдарын ұсынған кезде еліміздің мемлекеттік инсти­тут­тары оны іс жүзінде бекемдеу­дің нақты іс-әрекеттерін қолға алды. Мәселен, Жоғарғы сот «Заң үстемдігін қамтамасыз етуге қа­тысты» құқықтық жаңғырулардың заңды жүйесін қалыптастыруға жолбасшылық жасады. Қазақ­стан­ның Үшінші жаңғыруын паш еткен Елбасының биылғы дәс­түрлі Жолдауы осы атқарылған жұмыс­тарды жаңа сатыға бағыттады. Елі­міздің экономикалық дамуының жаһандық бәсекелестікке қабілет­тілігін арттырудың жолдары, сан­дық технологияларға негіздел­ген экономикалық өсімнің жаңа мо­деліне көшудің мақсат-міндеттері айқындалды. Енді, міне, Үшінші жаңғыру талаптарын орындаудың өзегі ретінде бұқаралық ой-сана­ның жаңғыруы, рухани түлеу бағ­дарламасы ұсынылып отыр.

Бүгінде барша құқықтық жаңғы­рулардың көшбасшысына айналып отырған мемлекеттік биліктің сот тармағы рухани жаңғыру бағдарын зор серпіліспен қарсы алды. Зама­нында қызыл тілді әділеттің алмас қылышына айналдырып, орамды ойдың отын маздатқан әділ билер халықтың рухани көсемі де бола алған еді. Билердің сол қасиетінің жаңарып қайта түлер кезеңі басталды деп отырмыз.

Судьялар заңды біліп, қолдана алуымен ғана емес, ұлттық салт-сана мен дәстүрді де ұстана отырып, заң қолданысына жарастыра білуімен де ерекшелене алуы тиіс. Бүгінде соттар қоғамдағы шиеленістік ахуалды сейілтудің бітімгершілік, келісім институттарын дамытуға айрықша бет бұрды. Дауды сотқа жеткізбеудің, сотқа дейінгі рәсімдер аясында шешудің мол мүмкіндіктерін мақсатты түрде пайдалана бастады. Оған елімізде бітімгершілік рәсімдерін қолданудың заңды тетіктерінің жасалуы да қолайлы жағдай жасап отыр. Дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеу жөніндегі қанатқақты жобалар сынақтан өткізіліп жатыр. 2016 жылдан бастап қолданысқа енген жаңа Азаматтық процестік ко­дексінде «Сот медиациясы» ұғымы пайда болды. Тіпті «Дауларды сот­тан тыс реттеу» деп аталатын жаңа тарау қосылды. Мұның бәрі бітім­гершілікке, келісім мен татулыққа, ұлттық бірлік пен тұтастыққа, ақыл мен сана озықтығына, ұлттық салт-дәстүр мен жөн-жоралғылар салтанатына, ақыл мен парасат биігіне бастайтын ізгі қадамдар.

Әр елдің азаматтық заңдарының өзі сол халықтың бір кездегі жалпы жұрт танып, мойындаған әдет-ғұрып, жөн-жоралғыларынан бас­тау алғандығын ескеретін болсақ, сот билігі заң мен рухани құнды­лықтардың аражігін жымдастырып, келісім пен түсіністікке бағыттауға бірден-бір қолайлы және мүдделі жүйе. Бітімгершілік рәсімдерін қолдануда ел ішінде беделі бар тұлғаларды неғұрлым белсенді пайдаланып, ұлтымыздың бұ­рын­нан бар ақсақалдық дәстүр­лерін жаңғыртуды да қолдай­тын­дығымыз сондықтан.

Даналық – тот баспайтын ай­рықша құндылық. Қазіргі бітім­гер­шілік рәсімдерінде де осы заман­ғы озық идеялар ғана алынып қоймай, оған ұлттық рух пен билік тағылымдарының ел ерекше­ліктеріне сай сыннан өткен озық тәжірибелері дем берсе игі.

Елбасы биылғы Жолдауында бірін­ші басымдылықты техноло­гиялық жаңғыртуға, цифрлы тех­нологияны қолдануға берді. Руха­ни жаңғыру құжатында осы мақсат тереңдетілген.«Болашақта ұлт­тың табысты болуы оның таби­ғи байлығымен емес, адамдар­дың бәсекелік қабілетімен айқын­далады», деп атап көрсетті онда. Ол дегеніңіз, Мем­­лекет басшысы айтқандай, ком­пью­терлік сауаттылық, шет тілдерін мең­геру, мәдени ашықтық және бас­қа­лары.

Озық технологияларды қол­да­нысқа енгізу жөнінен сот жүйесі жолбасшылық тізгінін бекем ұстап отыр дей аламыз. Бүгінде азаматтар «Сот кабинеті» сервисі ар­қы­лы сотқа жүгініп, Интернет желісі арқылы оның сотта қаралу барысын бақылап отыра алады. Сот процестерін қосымша уа­қыт пен қаражат шығындамай-ақ қашықтықтан бейнеконференц­байланыс арқылы өткізуге болады. Жоғарғы соттың сайты Қазақ­стандағы мемлекеттік органдар сайт­тарының үздігі болып танылып отыр. Басқа да қолданысқа енгі­зілген жаңашылдықтар жеткілікті.

Рухани жаңғыру туралы ма­қаласында Мемлекет басшысы еліміздің революциялық емес, эволюциялық даму жолымен жү­ретіндігі туралы ойларын ортаға сала келе: «Өткен ХХ ғасыр хал­қымыз үшін қасіретке толы, зо­балаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жалғасып жазылмай келеді. Үшіншіден қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады», деп айтты.

Орыс жазушысы Андрей Битовтің «Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастасаң сықырлаған қару мен сылдырлаған тиын ғана қалады», деген қанатты сөзі бар. Сол сияқты, экономика мен саясатқа да ұлттық руханият құндылықтары өң беріп, астасып жатуы керек. Сонда ғана ұлттық код сақталады. Елбасы айтқандай, «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды».

Бек ӘМЕТОВ,
Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы