ЭКСПО-2017 • 11 Шілде, 2017

Шоқпарұлының шеберлік мектебі

666 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетісулық қолөнер шеберлері Астанада

Шоқпарұлының шеберлік мектебі

Сонау Жетісудан артынып-тартынып жеткен қолөнер шеберлерінің көші Астананың іргесіндегі «Шығыс базары» этноауылына аялдады. Ертелетіп жетсек киіз үй жабдығынан тартып, кебеже, сандық, кілем, сырмақ, алашаның түр-түрі мен қолдан шыққан әр алуан ыдыс-аяқтарды самсатып жайып тастапты.

Қазақ ұлттық мәдениетіне өлшеусіз еңбек сіңірген, Жетісу өңіріне аты мәлім ұста Дәркенбай Шоқпарұлы қалыптастырған мектеп бүгінде бір қауым ел болыпты. Шоқтығы биік қолөнердің құпия сырын меңгерген бірегей тұлға – Дәркембай Шоқпарұлы әсіресе, ер қаруы – садақ, қылыш, найза, айбалта, шоқпар жасап танылғанын айтып өткіміз келеді. Суретші-этнодизайнер «Өрім өру» (1994), «Домбыра жасау» (1996), «Бесікке бөлеу» (2001), «Қазақтың қолданбалы өнері» (2007), «Қазақтың қолөнері» (2005)  сынды ғылыми-танымдық 20-дан астам еңбек жазып қалдырған-тұғын. Әке аманатына абыроймен қарап келе жатқан Дәулет Дәркембайұлы  халықтық сәндік-қолданбалы өнерді ел аумағында ғана емес, шет елдерге де насихаттап жүрген жан. Темірмен де, ағаш пен бағалы металлдармен де жұмыс істей беретін бес аспап Дәулет Дәркембайұлы білгенін өзгеге үйретуден жалыққан емес.

– Қазір қолөнерге қызғатын адам көп емес. Дегенмен талапты, талантты оқушыларды қабілетіне қарай қолөнердің түрлі саласына бағыттап, үйретіп келемін. Мал шаруашылығымен айналысқан қазақ малдың тұяғын да, сүйегін де тастамаған. Қазіргі тілмен айтсақ экологиялық таза, қалдықсыз тұрмыс, – дейді ұста.

Көрмеде әйелдердің әшекей топтамасын жасап жүрген Нұрданбек Бекболат, зергер Сайлау Ботабеков, этнодизайнер Есен Мұхтарұлы сынды шеберлер ағаш пен тері өңдеу, табан астында білезік, сақина соғудан шеберлік сыныптарын көрсетті. Зергерлердің сөзінен ұққанымыз – әшекей бұйымдарға қондырылатын меруерт, інжу тастары халық ұғымында айға теңеумен байланыстырылады екен. Бұл тастарға күміс секілді ай сәулесінің бір бөлшегі бар деп ерекше мән берілген. Інжу мен меруерт бақытты, байлықты білдіретіндіктен осы тастармен киімді сәндеуде көп қолданылатын болса керек. Шеберлік сыныптарын ұйымдастырып жатқан топтың ортасында жүн түтіп, ұршық иіріп, біз кестемен іс тігудің қыр-сыры туралы түсіндіріп жатқан ісмер келіншек салған жерден көзімізге жылы ұшырады. Өзін Әмина Мапез деп таныстырған ол 2005 жылы Қытайдан елге оралған соң кесте өнерімен шұғылданып, кәсіпке айналдырған. Кестелеудің 10-нан астам түрін білетін Әмина әшекей кестенің барлық халыққа ортақ өнер екенін айтады. «Кесте өнерінің қазақ халқына тән – біз кесте, айқас тігу, айқыш-ұйқыш тігу, басып тігу, қайып тігу сияқты байырғыдан келе жатқан түрлері бар. Шым кесте көбіне тұс киіз, сандыққап, мақпал шапан, орамалдың алақаны, жастық жапқыш, кежім, сәукеле сияқты басқа да көптеген заттарға төгіледі», дейді ісмер.

Этнодизайнер Құрманғазы Қадыровтың тері мен сүйектен жасалған туындылары тақырыптық мазмұнымен ерекшеленеді. Мысалы, «Құда мыңжылдық» атты қоладан құйылған жамбас мүсінді тұғырдың астарлы мәні зор. Салмағы үш кило болатын тұғырға зер сала қарайтын болсаңыз үш қырынан қобыз, сілеусін, құлын сұлбасы шалынады. «Жамбас әдетте сыйлы қонаққа тартылатын табаққа салынатын кәделі мүше саналады. Атаулы күндерде таптырмайтын сыйлық», дейді шебер. Осы тұста қасымызға келіп қалған Ансис есімді латвиялықпен тіл қатысып қалдық. ЭКСПО-2017 көрмесіне арнайы келгенін айтқан ол, қазақ ұлттық асханасынан дәм татқанын айтып, жылы лебізін білдірді.

Бүгінгі күннің талабына сай сәндік-қолданбалы өнер түрлері сан алуан боп құлпырып келеді. Тал бойына қазақтың мыңдаған жылғы шығармашылық ізденісін жинақтаған ұлттық бұйымдарымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отыруының бір сыры – тынымсыз ізденіс үстіндегі осы шеберлердің еңбектерінің нәтижесі болса керек.

«Ая ӨМІРТАЙ»,

«Егемен Қазақстан»