Аймақтар • 11 Шілде, 2017

Қостанайда «Ұлы дала тұлғалары» экспедициясы жолға шықты

235 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Торғай өңіріне, Амангелді, Жанкелдин аудандарының  елді мекендерін аралайтын  экспедиция осылай аталды. Бұл жолы экспедиция жұмысы нақты Кейкі батырға арналады.

Қостанайда «Ұлы дала тұлғалары» экспедициясы жолға шықты

Оның құрамында облыстағы белгілі ғалымдар, студенттер, өлкетанушылар бар. Сегіз адам Қостанай қаласынан аттанады, қалғаны Аманкелді, Жанкелді аудандарынан қосылады, барлығы 20 адамды құрайды. «Нұр шаңырақ» қоғамдық қоры қолдайтын экспедицияны филология ғылымдарының докторы  Алмас Әбсадық басқарады. Экспедиция  мүшелері аттанар алдында  бұқаралық баспасөз құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді.

«Экспедиция мақсаты–Кейкі батыр туралы ел аузында қалған, әлі де  белгісіз, біз білмейміз-ау деген  әңгімелерді, ақпараттарды жинау болып табылады. Ел тәуелсіздігі үшін өткен ғасырда болған  ірі оқиғалардың бел ортасында болған халық батыры туралы ел арасында айтылатын әңгімелер әлі де бар деп ойлаймыз. Батырдың бас сүйегі елге алдырылып, оның бет әлпеті қалпына келтіріліп, күзде туған жер қойнына тапсырылайын деп жатқанда, туған жерінде қол қусырып отырғанымыз жараспас деген пәтуамен осылай жолға шығуға бел будық» деді Алмас Әбсадық.

«Кейкі дала батырларының бірі ғана емес, даланың соңғы  көкжалының да бірі, тағдыры да, өлімі де өте жұмбақ тұлға. Ол туралы қанша айтсақ та, жазсақ та, іздестірсек те артық емес. Ал экспедиция мақсаты–жас ұрпақтың елге, жерге деген патриоттық сезімін ояту, тәрбиелеу» деді экспедиция мүшесінің бірі философия ғылымдарының кандидаты, профессор Қалқаман Жақып.

Экспедиция құрамына кірген Ақмарал Ералина өткен жылы 100 жылдығы тойланған Ұлт азаттық көтерілісін  зерттеген тарихшының, Торғай тумасының бірі. Ол журналистерге экспедиция Кейкі  қатысқан қақтығыстар  болған орындардың барлығына баратындығын айтты.

«Тәуелсіздік, еркіндік рухы Торғайдан басталды, онда көп қан төгілді. Бүгінде Торғай жерінде  аталар сүйегі қалған жердің барлығы да қасиетті орындар деп аталуы тиіс. Экспедиция сол орындардың барлығын тағы да аралайды, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізеді, музейлерді аралайды. Экспедиция жұмысы рухани, сананы жаңғырту жұмыстарына үлес болып қосылады» деді Ақмарал.

12 шілдеде аттанған экспедиция 17 шілдеде қайтып оралады. Облыстық ішкі саясат басқармасының  «Ұлы дала тұлғалары» атты жобасының құрамына кіретін экспедиция жұмысының қорытындысы бойынша деректі фильм түсіріліп, фотоалбом жасалады. Күзде Кейкі батыр сүйегін жерлеуді рәсімдеу аясында өтетін конференцияда оның тұсаукесері көпшілік назарына ұсынылмақ.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»