12 Шілде, 2017

Үкімет отырысында дәрі-дәрмек бағаларын реттеу жайы қаралды

94 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру, дәрі-дәрмек бағаларын мемлекеттік реттеу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу шаралары қаралды.

Үкімет отырысында дәрі-дәрмек бағаларын реттеу жайы қаралды

Медицина ұйымдары қағазбастылықтан «құтылады» 


Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда онлайн-режімде ста­тис­тикалық ақпаратты жинау мен денсаулық сақтау сала­сын қар­жы­ландырумен қамтама­сыз етуге арналған 22 ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Ақпарат­тық жүйелерді бірік­тіріп, дерек­тер­дің біртұтас сақтау орнын құру үшін биылғы жылдың соңын­да қа­нат­қақты режімде инте­ропе­рабелдік платформасы іске қосыл­мақ.
Министрдің айтуынша, 2018 жылдан бастап емделушінің «Же­ке кабинеті» қолжетімді болады, ол арқылы денсаулық сақтау қыз­мет­тері туралы ақпарат алуға мүмкін­дігі бар. Биылғы жылдың соңына дейін барлық медицина ұйым­дары ақпараттық жүйелермен қамта­масыз етіледі, яғни бұл 2019 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап жұмыс­тың қағазсыз форматына ауысуға мүмкіндік береді. 2020 жылға қарай халықты денсаулықтың электронды төлқұжатымен қам­та­масыз ету жоспарланған. Сондай-ақ, министр­лік Әлеуметтік меди­ци­налық сақ­тандыру қорының ақпа­раттық жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Ал өз кезегінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәу­рен Абаев «Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байла­ныс желілерін орнату» жоба­сының І кезеңі аясында 900-ден астам ден­саулық сақтау нысанын интернетпен қамтамасыз ету жоспарланғанын айтты. Ми­нистрдің мәлімдеуінше, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-кеңселерінде және пошталық бай­ланыс бөлімшелерінде Жұмыс­пен қамту орталықтарының өкілдері азаматтарға міндетті медициналық сақтандыру мәселелері бойынша кеңес береді. «Электронды үкі­мет» порталында, сонымен қатар, қо­ғам­дық қолжетімділік пункттері арқы­лы онлайн-режімде әлеуметтік мәрте­бені анықтауға болады.
Отырыста сондай-ақ, өңір­лер­де жүргізіліп жатқан ден­сау­лық сақтау мекемелерін ақпарат­тандыру жұмыстары туралы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақ­стан облыстарының әкімдері есеп берді. Одан соң Пре­мьер-Министр Б.Сағынтаев өңірлердің әкімдеріне қажетті компьютерлік техникаларды сатып алып, медицина ұйымдарына ақпараттық жүйелерді енгізуді тапсырды. Сонымен қатар, техниканың сервистік қызмет көрсетуі мен оның интернетке қосылуын ретке келтіру қажеттігін жеткізді. Ақпарат және коммуникациялар, Денсаулық сақтау министрліктеріне тиісті ор­та­лық және жергілікті атқарушы орган­дармен бірлесіп ақпараттық жүйе­лердің бірлесу жұмыстарын биыл­ғы жылдың 1 қарашасына дейін аяқтап, оның тоқтаусыз жұ­мыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Дәрі-дәрмек бағасы реттелуі тиіс


Биылғы жылдың соңына дейін елімізде дәрі-дәрмек бағаларын мемлекеттік реттеу енгізілмек. Соған орай қазіргі уақытта Ден­сау­лық сақтау министрлігі қандай жұмыстар жүр­гізуде, нен­дей шешімдер қабыл­данды, мемле­кеттік реттеудің тәртібі қандай болмақ? Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осы мәселе жөнінде де егжей-тегжейлі баян­дады. 
Министрдің мәлімдеуінше, қа­зіргі таңда ұлттық дәрілік саясатты іске асыру бойынша арнайы жоспар әзірленген, ол халықты дәрімен қам­тамасыз етуді жетілдірудің ықпалды шараларын енгізуді көздейді. «Министрлік әзірлеген ережелер жобасына сәйкес баға белгілеу үде­рісі – өндіруші зауыттан бастап Қазақстандағы жеткізушілер қойма­ларына дейін түгел тіркеледі. Содан кейін Денсаулық сақтау министр­лігі дәрі-дәрмектің шекті көтер­ме және бөлшек сауда құнын бекі­теді», деді Е.Біртанов. Сондай-ақ ол ұлттық дәрілік саясат туралы заң жо­­басының тұжырымдамасы фар­мацев­тикалық және меди­ци­налық сала мамандарының тал­қылауы­на ұсынылғанын жеткізді. 
Талқыланған мәселе бойынша «Атамекен» ҰКП басқарма төра­ға­сының орынбасары Н.Әлтаев сөз сөйлеп, кәсіпкерлік тұрғы­сы­­нан ұсы­ныстарымен бөлісті. Қо­ры­­тындысында Премьер-Ми­нистр Денсаулық сақтау министр­лігіне «Атамекен» ҰКП және фар­ма­цевтикалық қоғаммен бірге дәрі-дәрмек бағаларын реттеу мен қалыптастыру тетіктері мәселелерін жете пысықтауды тапсырды. 

Тұрақтандыру бойынша жұмыс күшеймек


Отырыста қаралған келесі мәселе – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру шаралары. Бұл ретте Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына қатысты жағдай туралы баяндады.
«Жасалған меморандумдар аясындағы министрліктер мен әкім­дік­тердің бірлескен жұмысы әлеумет­тік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұтынушылық баға индексінің өсу қарқынын қаңтар-наурыздағы 1,2 пайыздан сәуір мен мамыр айларында 0,6 пайыздан 0,9 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Алайда, маусымда бұл көрсеткіш 1,9 пайызға дейін артқаны байқалуда», деді Т.Сүлейменов.
Ал Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов тұрақтандыру қорларының жұмысы туралы баяндады. Бүгінде пияз, картоп, қырыққабат, сәбіз сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру үшін әрбір облыста тұрақтандыру қоры құрылған. Оған жыл сайын аталған тауарлардың бір бөлігі сатып алынады да, тапшылық кезін­де арзан бағамен нарыққа шыға­рылады. Осылайша, бағаны қымбаттатпауға мүмкіндік бар. Алайда, тұрақтандыру қорларына жауапты азаматтар азық-түлік ақшасын депозиттерде айналдырып жүр. 
Қ.Айтуғановтың айтуынша, азық-түлік нарығында спекулятивті әре­кеттер де жоқ емес. Ал әкімдіктер картоп пен қырыққабат бағасының өскенін Өзбекстанға тасымалданатын өнімнің артуымен түсіндіріп отыр. «Біздіңше, ол басты себеп емес. Әкімдіктер өткен жылдың өні­мі есебінен тұрақтандыру қор­ларына азық-түлікті көптеп сатып алғанда қазіргі жағдай туында­мас еді. Біздің зерттеуімізге сәйкес, азық-түлік өнімдері тұрақтандыру қор­ларына тиісті деңгейде сатып алынбайды. Соның салдары­нан дәл сол тауарлардың бағасы көтеріледі. Қазіргі кезде тұрақтан­дыру қорларына сатып алынған картоп­тың үлесі 16 пайызды құраса, пияз – 7 пайыз, ал қырыққабат 5-ақ па­йызды құрап отыр», деді Қ.Айту­ғанов.
Бұдан әрі Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарының және Астана қаласының әкімдері өңір­лер­дегі жағдай туралы есеп берді. Осы ретте Премьер-Министрдің орын­басары-Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов әкімдіктерде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағаларын тұрақтан­дыру үшін барлық мүмкіндіктер барын айтып, өңірлерге тұрақтандыру қорларына жаңа түсім өнімдерін сатып алуға кірісу керектігін атап өтті. Премьер-Министр Б.Сағынтаев әкім­­діктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға­ларын тұрақтандыру бойынша жұ­мысты күшейтуді тапсырды. Ұлттық экономика және Ауыл ша­руа­­шылығы министрліктеріне бағалар қозғалысына тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Мемлекеттік органдарға, әкім­діктермен бірлесіп, басым түрде өңір­лік базарларды азық-түлік­пен молықтыру және сауда инфра­құ­рылымын дамыту бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»