12 Шілде, 2017

Патшалар жазығында қазба жұмыстары жалғасып жатыр

564 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Берел бедерлері

Патшалар жазығында қазба жұмыстары жалғасып жатыр

Тағылымы мол шара


Түркінің төрі, алаштың атажұрты болған Катонқарағай ауданындағы  Берел қорғандары аумағында тамырлы тари­хы­мызға тереңнен бойлаған тағылымды шара өтті. Еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйы­мына кіруінің 25 жылдығына орай халық­аралық тұрақты туризм жылы аясында жолға шыққан «Ұлы Алтай жолы­мен» атты археологиялық медиа керуен мү­шелері Патшалар жазығында бас қосып, сақтарға қоныс болған сақи мекеннің қасиетін сезініп қайтты. 
Алматы – Шілікті – Күршім –Берел және Астана – Шыңғыстау – Берел бағыт­тары бойынша бір уақытта сапар шек­кен медиа керуен 6 мың шақырымға жуық жолды басып өткенін айта кетейік. Бұл шараның ерекшелігі сол, еліміздегі іргелі оқу орындары – Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Өскемендегі С.Аманжолов атындағы мемлекеттік университетінің археология факультетінің студенттері Зейнолла Самашев бастаған, Ғани Омаров, Ұлан Үмітқалиев, Айдос Шотбаев қостаған білікті археологтардың дәрісін тыңдап, Берелде  жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарына өздері де атсалыс­ты. Қатпарлы жер астынан қазыналы тарихымыздың таңбаларын іздейтін ізгі жандардың басын қосқан шараға Есік шаһарынан «Алтын адамды» тауып, дүние жүзін дүр сілкіндірген қазақтың көрнекті архео­логы, тарих ғылымдарының кандидаты Кемел Ақышевтің жары Марал Хабдулинаның арнайы келіп қатысуы медиа керуеннің мәнін келтіріп, шырайын аша түскендей болды.

№11 қорған музейге айналады


Өткен жылы облыс әкімдігінің қол­дауымен осындағы №2 қорғанның үсті жабылып, аспан астындағы музейге айналған еді. 1998 жылы сақ патшаларының бірі жерленген қорған ішінен ер-тұрманымен қоса қойылған 13 бірдей жылқы шығып, әлемдік археология тарихына алтын әріптермен жазылған №11 қорғанды да музейге айналдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр  бүгінде. Бұл игі шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан көрінеді. 
Патшалар жазығындағы екі қорғанның бірінен қазба жұмыстары кезінде Жужан-сяньбий кезеңіне жататын әйел адамның сүйегі табылыпты. Ал екінші қорған кешені жуық арада ашылмақ. Бұл жерден де бұрынғы қорғандар секілді ғажап дүниелер шығуы әбден мүмкін деп болжанып отыр. 
Шара аясында «Берел» қорық-музейінде «Ежелгі және ортағасырлық Еуразияның мәдени-тарихи үдерістер контексіндегі Алтай археологиясы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтіп, Шығыс Қазақстанның әр аймағында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар табылған жәдігерлер, алдағы жоба-жоспарлары жайында баяндады. Отандық археологияның озық һәм олқы тұстары да әңгіме арқауына айналды. Біраз жылдан бері Күршім өңірінде қазба жұмыстарын жүргізіп келе жатқан «Алтай» археологиялық экспедициясының ғылыми жетекшісі Ғани Омаров биыл Берел эпопеясының басталғанына 19 жыл толатынын атап өтті. Еуразия ұлттық университетінің доценті Марал Хабдулина өзінің баяндамасында елімізде Берел қорғандары секілді жан-жақты, кешенді түрде зерттеліп, зерделенген тарихи ескерткіштердің санаулы екендігіне тоқталды.  «Археологтар үшін ең қиын дүние –  ескерткішті сақтау. Оны жан-жақты зерттеу одан да қиын шаруа. Ғылыми ортаға енгізу дейсіз бе, жұртшылыққа насихаттау дейсіз бе, таусылып бітпейтін жұмыстары көп. Бұл уақытты ғана алмайды, жүйкені де жұқартады. Алайда мен ғалымның көп жылғы еңбегінің еш кетпегенін көріп шын қуанып отырмын. Қорымдар орналасқан аумаққа  қорық-музей салынып, бірнеше үйлер тұрғызылып, құнды жәдігерлер табылған қорғандар қоршалып, аспан астындағы музейге айналып жатыр екен. Берел – басына қорық-музей тұрғызылған, инфрақұрылымы жасақталған еліміздегі тұңғыш тарихи ескерткіш. Әлемдік деңгейде ұялмай көрсетуге тұрарлық қастерлі мекен. Біздің қаладағы аудиториядағы оқыған дәрісімізден даладағы дәрістің әсері бөлек, жер мен көктей. Сондықтан «мың естігеннен бір көрген артық» деп студенттерімізді осында арнайы алып келдік»,  дейді ғалым. «Шыңғыстау» экспедициясының ғылыми жетекшісі Ұлан Үмітқалиев қазір Берелді зерттеудің екінші кезеңі, яғни насихаттау, әлемге паш ету кезеңі басталғанын, Патшалар жазығының ұлтқа қызмет ететін киелі орынға айналып келе жатқанын тілге тиек етті. 

Тарихымызды дәріптей білейік


Осы тағылымды шараны ұйым­дас­тырушылардың бірі – әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дің профессоры Гүлмира Сұлтанбаева өзінің баян­дамасында тарихи-мәдени ескерт­кіштерді цифрлық форматқа көші­рудің маңыздылығы турасында сөз қозғады. «Шығыс Қазақстан облысы әкім­дігінің қолдауымен өткі­зілген бұл археологиялық медиа керуен Ел­басымыздың «Рухани жаңғыру: бола­шаққа бағдар» мақаласында көрсе­тілген міндеттердің бірі «Туған жер» бағдарламасын орындауға үлес қосады. Халқымыздың тамырлы тари­хын әлемге әйгілейтін Берел секілді қасиетті өлкені, бұл жерден табылған құнды мұралар туралы деректердің барлығын аудио, бейне таспаға жазып, жұртшылыққа кеңінен насихат­тауымыз керек. Біз бұл бағытта архео­логтармен тізе қосып, жұмыс істеуге дайынбыз», дейді «Қазақ елі» экспе­дициясының жетекшісі.
1967 жылдан бері қазба жұмыс­тары­мен шұғылданып, есте жоқ ескі заман­дардағы тарихымызды ел жадында жаң­ғыртқан ғалым, археолог З.Самашев дөңгелек үстелді қоры­тындылаған сөзінде Берелдің келешегіне қатысты ойларын ортаға салды. Археологтың пайымынша, сақтар қоныс еткен салқар мекенді халық­аралық туризм орталығына айнал­дырудың мүмкіндігі мол. «Қы­тайға барып жүреміз. Барған сайын музейлерін аралаймын. Сонда бір аңғарғаным, олар патриоттық тәрбиеге көп көңіл бөледі. Мектепті былай қойғанда балабақшаларындағы бүлдіршіндерді музейге жетелеп әкеліп, тарихын, салт-дәстүрін саналарына құяды. Қытай өздерінің бас­тан кешкен кезеңдері, керек десеңіз, әрбір заманына, әрбір патшалығына байланысты көптеген сериал түсірді. Бір ғана мысал айтайын. Қытайдың ең алғашқы императоры Цинь Ши Хуандиға Пазырық мәдениетін құрушы халықтар, яғни Берелде өмір сүрген біздің бабаларымыз атты әскер мен қару-жарақ беріп, жәрдем көрсеткен. Осы жерден барған кавалерияның арқасында Цинь Ши Хуанди қарсыластарын қақырата жеңіп, үлкен мемлекет құрған. Бұл не деген сөз? Алпауыт көршіміздің мемлекет ретінде құрылуына біздің асыл текті аталарымыздың да үлесі бар деген сөз. Қытайлар алғашқы императорлары туралы 100 сериал түсіріп, жас ұрпақ санасына сіңіріп жатыр. Келешекте осы жерден табылған заттарды пайдалана отырып Берел құндылықтары негізінде көп серия­лы фильм түсірілсе деймін. Бұл біздің кинематографиямызды дамытатын дүние ғана емес, тарихымызды, өткенімізді дәріптейтін, әлемдік геосаясаттағы орнымызды нықтайтын үлкен шаралардың бірі болары анық», деген археолог алдағы уақытта Берелді насихаттау мақсатында ат жарысынан, балуан күресінен «Берел кубогы» сынды шаралар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болатындығын жеткізді. 

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, 
Катонқарағай ауданы